Патриотизм — ел болашағының кепілі

Патриот – Отанның мерейін үстем ету жолында, өз халқына деген сүйіспеншілігі жолында қолда барын,өмірін аямайтын адам.
М.Ф.Ахундов

 

Патриоттық әндер айту, намысымызды оятып, рухымызды жігерлендіреді. Қазіргі таңда қазақ эстрадасында патриоттық әндер жоқ емес, дегенмен жеткілікті деп те айта алмаймыз. Патриотизмді мектеп жасынан бастап балаларға үйрету керек. Кішкентай кезінен патриоттық әндер айтып, патриотпын деп өскен бала үлкейгенде де ел үшін қыз-мет ететін болады. Мемлекет тұтастығын сақтаудың бірден-бір кепілі – патриоттық сезім. Отанға деген сүйіспеншіліктен, Отанға қызмет етуден артық құнды ұғым жоқ. Патриот болу бос ұрандату емес, қажырлы еңбек ету. Ел мен жердің қасиетін жүрегінен өткізе білген адам кез келген ерлікке бара алады. Бұл біздің жастарға тән қасиет.

 

Астанада ҚР ҚК Әскери-тарихи мұражайында «Алтын күн» патриоттық әнінің VII балалар фестивалі өтті.
Фестиваль елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен өтті. Оған қалалық ҚХА, «Бақытты шаңырақ» және «Ерекше мерекелер» қоғамдық қорларының шығармашылық ұжымдары қатысты. Байқауға қатысушылар бірнеше жас санаттарына бөлінді: 6-10 жас, 11-13 жас және 14-16 жас.

«Сахнада өнер көрсету – бұл таптырмас тәжірибе және өз талантын жүзеге асыруға әрі шығармашылықпен айналысуға тамаша мүмкіндік. Біздің жас әртістеріміз үшін осындай байқаулар керемет сыйлық болып саналады. Мұндай жобаларды ауқымды ету қажет деп санаймын», –
деп атап өтті «Ерекше мерекелер» қоғамдық
қорының басшысы Ботагөз Игенбаева.

«Алтын күн» – ондаған жанашыр әрі бей-жай қарамайтын адамдар еңбек етуінің нәтижесінде жүзеге асырылған жоба. Бұл қатысушыларға шығармашылық қабілеттерін ашуға, сондай-ақ бір-бірімен көбірек танысуға көмектеседі.

«Көп сағаттық сабақтардан кейін шығармашылық адам сахнада өзінің талантын көрсетуі керек. «Алтын күн» фестивалі – адамдар алдында өнер көрсетуге және бағалы сыйлықтарды үсарапқа салуға тамаша мүмкіндік. Сондықтан бүгін шығармашылық объективі арқылы балаларымыз мемлекеттік тілдегі патриоттық әндер арқылы ортақ Отанымызға деген сүйіспеншіліктерін білдіре алды», –
деді елордалық Достық үйінің шығармашылық ұжымдарының жетекшісі Светлана Рутц.

Балалар фестивалінің жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен және дипломдармен, ал конкурсқа қатысушылар грамоталармен марапатталды.
Патриоттық әндер саналатын Н.Тілен-диевтің «Менің елім», Ә.Еспаевтың «Туған ел», Е.Хасанғалиевтің «Атамекен», С.Бәйтерековтың «Әлия» секілді әндер бүгінге дейін құндылығын жоғалтқан емес. Батырхан Шукеновтің «Отан Ана» әні бар. Қазір де патриоттық әндер бар. Ж.Дәулеттің «Қазақтай ел қайда?», Е.Құдайбергеновтің «Қазақтың жігіттері», Е.Зейіпханның «Көк тудың желбірегені» тағы басқа әндер еске түседі. Осындай оншақты ән үлкен сахналарда орындалады. Әр облыстарда, әр өңірлерде аса таныла қоймаған ақын-сазгерлер де патриоттық әндер жазып жатады, көптеген әндер патриоттық ән байқауларына қатысады. Бүлдіршіндерге мектепте ұлттық, патриоттық әндерді тыңдату керек. Мәселен, мұндай тәсілді Қытай елінде қолданады. Ондағы балалар кішкене күнінен патриоттық әндерді тыңдап өсіп, отаншыл рухта тәрбиеленеді. Отанға деген махаббат жастарымызды елжандылыққа, ұлт-жандылыққа тәрбиелейді. Қай кезде де халқымыз өзінің болашағы саналатын жастар тәрбиесіне аса көңіл бөлген. Ұлт пен ұлыстың аманатын арқалаған жасты тәрбиелеудің жолдары мен амалдары сан тарау. Солардың ішінде жас ұрпақты патриотизм үлгісінде тәрбиелеу маңызды іс боп саналады.

Қазақ халқының біртуар ұлы, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлы:
«Патриотизм – Отанға, мемлекетке деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығы қоғамдық, мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну» –
деп анықтама берген.

Бүгінгі күні Отанының қорғаушысы болуға Қазақстанның әрбір азаматы міндетті. Заман ағымы жеткіншектерді оқыту мен тәрбиелеуде қоғам алдына қатаң талаптар қойып отыр. Сондықтан, өскелең ұрпақты еліміздің білімді де отансүйгіш патриоттары етіп тәрбиелеу үшін отбасыдан бастап, оқу орны қабырғасына дейін аянбай еңбек ету керек.
Патриоттық сезім өз-өзінен қалыптаспайтыны анық. Бала санасына кішкентайынан өз Отаны туралы ұғымды қалыптастыру қажет. Патриоттық сезімнің қайнар көзі – Отан, оның мазмұны туған жер, табиғат, оның байлықтары, тілі, тарихы, дәстүрі, туған өлкенің киелі орындары мен тарихи ескерткіштері, мәдени мұралары және еліміздің мемлекеттік рәміздерін саяси және рухани пайымдаудан басталады. Балаға еліміздің мемлекеттік белгілерінің аса маңызды екенін, оны ерекше құрметпен мақтан тұту керектігін түсіндіре отырып, Отанды сүюге, халқымыздың игі дәстүрлерін құрметтеуге баулу керек.
Елімізде жастарға азаматтық, патриоттық тәрбие беру отбасынан, мектеп қабырғасынан бастау алады. Бүгінгі мектеп оқушысы — ертеңгі ел тірегі, ел болашағы екендігі ақиқат. Сондықтан, еліміздің әрбір азаматы өзінің баласының бойына қайсарлық пен батылдық және патриоттық сезімді қалыптастыруда тарихи тұлғаларды, батырлар мен әскери қолбасшылардың өмірлік атқарған жолын дәріптеу маңызды. «Отан – отбасынан басталады» дейтін дана халқымыздың сөзіне еш шүбә келтірместен, елін сүйген баланы тәрбиелеп шығару үшін, Отанның қадірін туғаннан бастап бала санасына сіңіруіміздің қажеттілігін айқындау – уақыт талабы болып отыр. Сондықтан, Отанды сүюді қалыптастыру әр баланың отбасынан да, уақытының көбін өткізетін мектеп қабырғасынан да басталады. Ендеше, жас ұрпақты Қазақстандық патриотизм мен толеранттылыққа тәрбиелеу – басты парыз. Мектептегі өскелең ұрпақтар – болашақ Қазақстан азаматы.Тәуелсіздігіміздің тірегі – білімді әрі саналы, парасатты, жан-жақты мәдениетті, еліміздің еңсесін өркениетке жетелейтін патриот азаматтарымыздың көп болуы керек. Отанның гүлденуіне және оны қорғауға деген патриоттық сезім адам жүрегінде өмір сүрген, өмір сүре бермек. Бірақ патриоттық сезім адамда өзінен -өзі ,не болмаса туа пайда болмайды. Ол ерте жастан адамға әсер ететін, ұзақ мақсатты түрде бағытталған тәрбиенің қорытындысы. Патриотизм ортаның, отбасындағы тәрбиенің, мектептің, мектепке дейінгі мекеменің және түрлі қоғамдық ой-пікірлердің әсер етуімен қалыптасады. Патриоттық тәрбие берудің басты бағыты – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мен еліміздің мемлекеттік нышандарын оқушыларға үйрету және орындату мәселелері. Қандай мемлекеттің де ертеңінің еңселі болуы, болашақ жастарға байланысты. Сондықтан мектептер мен өзге де оқу орындарының басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды игеруге қабілетті, ғылым мен тәжірбие жүзінде терең білім ала отырып, жеке тұлға болып қалыптасуға дайын ұрпақ тәрбиелеу.Жастарымыздың бойына елжандылық, азаматтық, жоғары ізгілік пен адамгершілік сезімдерді жан-жақты жетілгенде ғана Қазақстандық патриотизм сезімі асқақтай түседі. Патриоттық тәрбиеде халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған бай тәжірибесін негізге ала отырып, жас азаматтардың бойында Отан, ел-жұрт алдындағы азаматтық парыз бен борыш туралы, адам бойындағы рухани құндылық – ар-намыс, ұлттық сана-сезім туралы ұғымдар арқау болуы маңызды. Жастарға патриоттық тәрбие беруде халқымыздың құнды мұраларының бірі – батырлар жырын оқытудың маңызы ерекше. Патриотизм – ол алдымен өзінің қазақ екенін мақтан тұту. Патриот – бүгінгі ұрпақтың ана сүтімен қанына сіңіп, бойына дарыған асыл қасиет. Өз елінің байрақ көтерер азаматы болу үшін, өз ұлтын сүюдің, туған жерін қадірлей білудің маңызы жоғары.

 

Қазақстаным!

Қазақстаным,
Тәуелсіз Қазақстаным!
Ақ қанат таңның көрдім мен ғажап ұшқанын.

Көрдім мен сенің мөп-мөлдір айдындарыңды,
Алатау, Алтай, Қаратау айбындарыңды.

Ұлытауыңды, көрдім мен Шыңғыстауыңды,
Абайдың жыры оқылған мың қыстауыңды.

Гүлденді қазір кең далам иесі болмаған,
Жамбылдың Қызыл жолбарыс киесі қолдаған.

Махамбет сөзі лаулаған Қараойды көрдім,
Мағжан боп өзі қаулаған дара ойды көрдім.

Мұстафа, Халел, Жақып пен Әлімхандарың,
Міржақып, Ахмет, Жүсіпбек, Әлихандарың…

Бауырыңа қайта оралды өз арыстарың,
Қазақстаным, Тәуелсіз Қазақстаным!

Көне ғасырлар сыр ашты, гүлге де орандың,
Пырағы жетті Күлтегін, Білге қағанның.

Рухсыз жүдеп тұр еді жұтап даласы,
Қайта жаңғырды Отырар кітапханасы.

Түркістаныма Тайқазан — құтым оралды,
Көне Таразым жинады бүкіл адамды.

Тарихтың дариялары терең өрілді,
Арыстан Баб пен Иассауи жебеді елімді.

Естілді қайта жаңғырып көне сарындар,
Бабыр, Фараби, Қашқари, Баласағұндар.

Ұрпаққа жетті өзгермей бәз алыстағы үн,
Қазақстаным, Тәуелсіз Қазақстаным!

Құлпырды жерім, қызғалдақ нұрға кенеліп,
Ақындар өлең оқыды жырға бөленіп.

Күйшілер шертті Тәттімбет, Құрманғазыдан,
Домбыра – дала шанағына тұнған қазынам.

Ынтымақ, ырыс күйлерін шертіп аймағым,
Қырандай қанат қағады еркін ойларым.

Тәуелсіздіктің әншілері шырқады әуенін,
Қазақстаным, не деген тұлпар ел едің.

Алтын күн алтын далама құйыпты нұрын,
Желбіреп тұрған Көк Туым, биік тұғырым.

Оралып батыр, билерім, хандарым ойға,
Іргеміз бүтін ел болдық, тәуба, құдайға!

Қазақстан, Астана, өзен-көл, тау-тасым енді,
Әлемнің барлық жаңарған картасына енді.

Бостандығымның күн санап асқақтап әні
Нұрлы болашаққа рухымыз бастап барады.

Ғаламға жайдың аспанға қазақ ұшқанын,
Қазақстаным,
Тәуелсіз Қазақстаным!

Бауыржан Жақып

Батырлар жырының негізгі тақырыбы – елін, жерін жаудан қорғаған батырлардың ерен ерліктері. Қазақ елінің бостандығы, тәуелсіздігі үшін күрескен қазақ хандары мен батырлары өте көп. Кітаптан батырлар туралы жырларды оқи отырып, бала бойына күш, қайрат жиналады. Кітап оқыған адамның кісілігі, адамгершілік қасиеттері мол болады.

Жастар өз елінің патриоты болуы үшін еліміз Қарулы Күштерінің жетістіктері мен аға ұрпақ өкілдерінің ерлік істерін насихаттап, ерлік пен жанқиярлықтың мәнін түсіндіріп, олардан үлгі алып, мақтан тұтуға баулуы қажет.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму барысында саяси-идеологиялық, мәдени тұрғыдан жаңаруына сай отансүйгіштік тәрбие беру үкіметіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі болып саналады. Жастар – елдің келешегі. Өскелең ұрпақтың бойына адамгершілік, Отанды сүю сезімдерін қалыптастырып, өз Отанын қорғайтын азамат болуға, қайсарлыққа, қаһармандыққа тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз.
Патриот болу — ол өз саласында мықты болып, өз маманының шебері болу. Егеменді еліміздің болашақта дамуы үшін, болашақта жақсы мемлекет болу үшін патриоттық тәрбие маңызды. Рухани жаңғырудың бастауы – ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту арқылы жас ұрпақтың санасына патриоттық тәрбиені сіңіру рухани жаңғыруға негіз болады. Туған жерді, елді сүю, Отанды қорғау, оған қалтқысыз қызмет ету. Бұл — бүгінгі әрбір азаматтың мақсаты болуы керек.
Жаңа қазақстандық патриотизмнің идеялық негізінде ел болашағының іргетасын
қалаған басты құндылықтар жатыр.
Осы құндылықтарымызды қастерлеу арқылы мемлекет әлі де биік белестерді бағындыра алады.

Гауһар Тұрсынқожа

ПІКІР ЖАЗУ