Орамды ойдың оғланы — Оралхан Бөкей
Биыл қазақтың біртуар ұлы, қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы жарық жұлдызы, асқар Алтайдың шыңдарындай асқақ жазушы, драматург, «Алтайдың кербұғысы» атанған, өр Алтайдың өр де өжет ұлы – Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойына арналған қаламгердің тағылымды ғұмыры мен шығармашылығын арқау еткен әдеби-мәдени жиындар жыл бойы республикамыздың түкпір-түкпірінде түгелге дерлік аталып өтті.
Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханада «KitapTime-2023» ІІ жалпы республикалық кітап фестивалі аясында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі өтті. Ал кітапхананың Конституция залында өткен конференцияға мәдениет және қоғам қайраткерлері, жазушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Мерейтойлық іс-шараны филология ғылымдарының докторы, профессор Сауытбек Абдрахманов жүргізді. – Бүгін елдің руханиятында үлкен оқиға болып жатыр. Осы отырыс халқымыздың бойындағы асыл қасиеттерді, сөз өнеріміздің ғажайып сырын аша түспек. Бұл – Оралхан Бөкейге арналған кеш. Орекеңе алғаш жолығуым өзі қызық. Бейне бір кеше ғана болғандай, әлі көз алдымнан кетпейді. 1970 жыл, ол кезде студентпін. Жазғансызғанымды «Лениншіл жасқа» алып бардым. Кірген бетте оң жағында көзілдірік киген бір жігіт отырды. Оны танымадым. Ал Оре-кеңді бірден танып, жазбамды соған ұстаттым. Содан жазғанымды апарам да тұрамын. «Өткен сенбіде шықты ғой. Апта сайын шықпасаң болмай ма?» деп қалды бірде Орекең. Мен үндеместен шығып кеттім. Бір уақытта артымнан әлгі көзілдірікті жігіт ере шығып, менің көңілімді демдеді. Сөйтсем, ол Орекеңнің жақын досы, сыйлас інісіне айналған – Сағат Әшімбаев екен, — деп өткен күндер естелігімен бөлісті, Сауытбек Абдрахманов.
Әдеби жиын барысында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров жиналған көпшілікті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мерейтоймен құттықтап, ресми құттықтау хатын оқып берді. «Оралхан Бөкей – ұлт руханиятының көкжиегін кеңейтуге зор үлес қосқан біртуар тұлға. Қарымды қаламгер әдебиет әлеміне алғаш қадам басқан сәттен бастап шоқтығы биік шығармаларымен оқырман қауымның ықыласына бөленді. Жазушының жауһар мұралары көптеген шет тіліне аударылды, пьесалары еліміздің іргелі өнер ордаларында қойылып, көрермен көзайымына айналды. «Алтайдың Кербұғысы» атанған ерекше дарын иесінің шығармашылық жолы, азаматтық ұстанымы және қайраткерлік қасиеті – жастарға әрдайым үлгі-өнеге. Оның мол әдеби мұрасы әлі талай ұрпаққа рухани азық бола беретіні сөзсіз», — деп жазылған Президенттің құттықтау хатында. Сонымен қатар конференция қонақтары Президенттің парламенттегі өкілінің басшысы Әмірбек Оспанбеков, сенатор әрі публицист Нұртөре Жүсіп, мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, Дархан Мыңбай, Сенбек Аманшаев, Тұрсын Жұртбай, Ғалым Жайлыбай, Асқар Алтай, Алдан Смайыл, Жарылғап Бейсенбай, Қуаныш Жиенбай, Сұраған Рахметұлы бастаған жазушылар Оралхан туралы естеліктер айтып, жазушының шығармашылығы туралы ой толғады. Бірқатар ақын-жазушылар Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапатталды. Сондай-ақ жазушы туралы жазылған естелік мақалалар топтастырылған «Шолпандай таң алдында туып-батты» кітабының тұсауы кесілді.
Конференцияны ұйымдастыруға мұрындық болған Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының басшысы Серік Жүнісов: – Бірнеше жылдан бері Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қоры республика көлемінде көптеген жобаларды жүзеге асырып келе жатыр. Аймақтардағы жобаларымызда стратегиялық, экологиялық, туристік бағытқа басымдық берген едік. Биылдан бастап біз мәдениетке көңіл бөлуді шештік. Өйткені тұрақты дамудың негізін білім беру мен экономикалық даму тұрғысынан ғана емес, ұлттық құндылықтар жағынан да қарастыруға ұмтылдық. Осы тұрғыда көрнекті жазушы, драматург, ақын Оралхан Бөкейдің мерейтойына мән беруді шештік. Катонқарағайдан бастау алған мерейтой бүгінде Астанада жалғасын тапты. Өздеріңіз білетіндей, мерейтой Алматыда республикалық айтыспен аяқталады,- деді.
Ал Астанадағы ҚР Ұлттық музейде жазушыға арналған «Жасын ғұмыр жазушы» атты көркемсөз оқу кеші болды. Кешке жас ақын-жазушылар, Астана қаласы әкімдігінің қызметкерлері, елорда мектептерінің оқушылары мен мұғалімдері және ЖОО студенттері мен арнайы қонақ жазушының қарындасы Ғалия Бөкейқызы қатысты.
Сөз құдіреті патшалық құрған жиында Оралхан Бөкейдің өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм көрсетілді. Қатысушылар жазушының прозалық, драмалық шығармаларынан үзінділер оқыды. – Биыл жазушы Оралхан Бөкейдің 80 жылдығы респулиблика деңгейінде атап өтіліп жатыр. Мен оған қуаныштымын. Өйткені, Оралхан облыс көлеміндегі емес, әлемдік деңгейдегі қазақ жазушыларының бірі. Жазушының шығармаларын оқысаңыз сізді сұлу сөздерімен, қаламының қарымымен, дарынымен, суреткерлігімен бірден баурап алады. Бүгінгі кештің ұйымдастырылып отырғаны жастарға көп пайдасын тигізеді. Себебі, Оралхан тек суреткерлігімен ғана емес, еңбектеріндегі тағылымды ойлары, өмірден алынған мысалдары жас оқырманды тәрбиелейді деп ойлаймын, — деді жазушының қарындасы Ғалия Бөкейқызы.
Қазақтың ұрпақ бойына сіңірер далалық, даналық, ұлттық өнегесі, тәрбие-тағылымы Оралхан шығармаларында көркем сөзбен өріліп, суреткерлік шеберлігімен оқырман қиялын қытықтап, асқар Алтайдың асқақ шыңдарына, шырайлы шығыстың биік шынарына ғашық етпей қоймайды. Бір қуанарлығы көркемсөз кешіне жастар көп жиылыпты. ҚР Ұлттық музейінің ғылыми хатшысы Саялбек Гиззатовтың айтуынша, қазіргі таңда кітап оқитын жастардың қатары күн санап көбейіп келеді. – Жастардың қазақтың дарынды жазушыларын танығанын, шығармаларымен сусындағанын қалаймыз. Оралхан Бөкей ағамызды тек әдебиетке қызығушылық танытып жүрген адам ғана емес, жалпы әр қазақ оқитын қаламгерлердің бірі деп есептеймін. Бүгінгі жиынды ұйымдастырып жатқан себебіміз де осы. Өйткені, кештің мақсаты – оқушыларды жазушы Оралхан Бөкейдің өмірбаянымен, шығармашылығымен таныстыру, жастардың көркем шығармаларды оқып-үйренуге ықыласы мен қызығушылығын арттыру,- дейді Саялбек Гиззатов.
Жасындай жарық етіп, мәңгі сөнбес жұлдыздай жарқырап, қазақ руханиятын тап-таза тұнық, тұңғиық шығармаларымен байытып, ғасырлар өтсе де еш аласармас ару Алтай шыңдарындай заңғар биікке тым биікке көтеріп кеткен Оралхан Бөкейханның тағылымды ғұмыры, таусылмас мөлдір бұлақтай туындылары әлі талай ұрпақты тамсантып, өзінің туған табиғатына ынтықтырары сөзсіз. Сондықтан Саялбек Гиззатов мырза айтқандай қазақтың әр баласы Оралханды оқуы керек, санасына тоқуы керек. Жүрегінен өткізіп, ақыл-ойын байытуы керек, сусындауы керек, қазақтың ұлттық құндылығының асыл мұрасына шөлін қандыруы керек.
Ал жас оқырмандар, енді сендер де қазақтың маңдайына біткен өр Алтайдай асқақ, қазақтың ғана емес әлемнің сүйікті қаламгеріне айналған жазушы Оралхан Бөкейдің өмір жолымен, ғибратты ғұмырына үлгі-өнеге алады деп сенеміз.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
Оралхан Бөкейдің өмір баяны, шығарма-шылығы 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданына қарасты Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. Әкесі Бөкей сөзге шешен болса, анасы Күлия да ділмар, қажет жерінде өлең шығаратын, әншілік өнері бар кісі болған. Оралхан отбасыда Шолпан, Әймен, Ләззат, Мәншүк, Ғалия есімді бес қыздың ортасында өскен, жалғыз ұл еді. Оралхан әкесі еңбек майданына кеткен кезде туған. Анасы әкесі Оралдан аман-есен оралсын деп, сәбидің атын Оралхан деп қойған екен. 1968 жылдан бастап Алматы қаласына қоныс аударған.
1969 жылы ҚазМУ-ді бітірген. 1965-1968 жылы Шығыс Қазақстан облысының Үлкен Нарын (Большенарым) ауданында «Еңбек туы» газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары, Шығыс Қазақстан облысы «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар» газетінде) әдеби қызметкер, кейін «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде (1988-1984), «Жұлдыз» журналында (1974-1983) бөлім меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактордың орынбасары (1983-1991), 1991-1993 жылдары. «Қазақ әдебиеті» газеттің бас редакторы болды.
Әдебиетке өзіндік өр-негін сала келген жазушы оқырманын өзгеге ұқ-самайтын ерекшелігімен таңқалдырды. 1970 жылы Алматыда жарық көрген «Қамшыгер» атты повестер мен әңгімелерінің тұңғыш жинағы жазушы есімін көпке таныстырды.
Оралхан мектепте оқып жүрген кезінен-ақ өзінің журналист, жазушы болғысы келетінін айтады екен. Мектеп бітіру кешінде жиылған ата-аналар мен мұғалімдер алдында: – Көкшетау асқан сұлу болса, одан шыққан ақын, жазушылар одан әрі сұлуландырды. Біздің Өр Алтайдың сұлулығы одан әсте кем емес. Бірақ оны жырға қосып, сұлулығын көрсететін ақын, жазушылар жоқ десек қателеспейміз. Мен Алтайдың сұлу табиғатын, сарқылмас байлығын танытуды мақсат етемін. Сондықтан да мен жазушы болуды армандаймын. Адам арманын алдына мақсат етіп қойса, оған жетуге тиісті. Мен де мақсатыма жетемін деп сенемін,- деген екен. Иә, асқақ арман, үкілі үміт өшпеді. Алла ақ тілекті, ақ ниетті қабыл алды. Өр Алтайдың өр де өжет ұлы мақсатына жетті. Қаламгер атанды. Қатардағы емес, әрине. Киелі Алтайдың тамаша табиғатын көркем тілмен кестелеген бірегей суреткер көркемөнер көкжиегін кеңейтті, қазақ прозасын көкке көтерді. Сөйтіп Оралхан өзгелерден озып туып, озық тұрды. Осылайша, Ару Алтай мен Оралхан есімі қазақ әдебиетінде қатар астасып қала берді. Тарих сахнасы мұны ешқашан жоққа шығара алмайды.
«Менің повестерімдегі, әңгімелерімдегі барлық сюжеттер туған жер туралы естеліктер, жас шақтағы болған оқиғалармен байланысты. Менің жерлестерім қазақтар – мінездері бір қалыпты, адал және жүректері ашық адамдар. Әйтеуір, не жазсам да өз заманымды, сол заманда табан ет, маңдай терін жұмсап жүрген қарапайым еңбек адамдарын тілге тиек етуге тырыстым» деген екен жазушы Оралхан Бөкей.
Бірінші жинақтың ізімен басқа да еңбектері шықты: «Үркер» (1971 ж.), «Қайдасың қасқа құлыным» (1973 ж.), «Мұзтау» (1975 ж.). Жазушының орыс тіліне аударылған әңгіме-повестерінің жинағы: «Жасынның ізі» – «След молний» (1978 ж.), «Ән салады шағылдар» – «Поющие барханы» (1981 ж.), «Сайтан көпір» – «Крик» (1984 ж.),
«Зымырайды поездар» – «Поезда проходят мимо» (1985 ж.), «Кісікиік» – «Человек – Олень» (1987 ж.).
Мұнымен қатар қаламгер туындылары неміс, словян, болгар, ағылшын, венгер, араб, қытай, жапон және ТМД елдерінің тілдеріне аударылды. Оралхан Бөкей – көркем сөз өнерінің хас шебері. Оның туындыларында форма жағынан ерекшелік басым.
1976 жылы Оралхан Бөкей «Құлыным менің» пьесасы үшін Қазақстан Республикасы Жастар сыйлығының лауреаты, 1978 жылы «Найзағай ізі» повестері мен әңгімелері үшін Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты, 1986 жылы «Біздің жақта қыс ұзақ» повестері мен әңгімелері үшін Абай атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты наградаларына ие болды.
Оралхан Бөкей Үндістанға барған шығармашылық іс-сапардан оралмады. 1993 жылы 17 мамыр күні, Делиде көз жұмды. Артында Айхан есімді ұлы мен Айжан есімді қызы қалды.
Оралхан Бөкей жайлы естеліктер:
– «Ауылдағы кітапхананы түгел тауысып оқыған. Оралханның ұстаздары оны өзге балалардан ерекше деп айтатын. Көркем әдебиетті сабақтың үстіне әкеліп оқып отыратын. Әйтеуір бір амалын тауып, тығып оқып отыратын.
Бірінші таңдаған мамандығы – актерлік. Әртістік мамандыққа оқып жатқан кезде шешеміз қарсы болды. Ол кезде әртістерге көзқарас қазіргідей емес болатын. Қаншама жыл оқып әртіс болғанша, елге келіп тракторшы бол деп қайта-қайта хат жазатын»,- дейді қарындасы Ғалия Бөкеева:.
Қазақ баспасөзінде «Шерханның шекпенінен шыққан» деген сөз бар. Шерхан Мұртаза еліміздің бас басылымдарына редакторлық қызмет атқарған жылдары қаншама таланттың бағын ашты, қанат бітірді. Соның бірі әрі бірегейі – от ауыз, орақ тілді Оралхан Бөкей. Асқар Алтайдың қойнауында трактор айдап жүрген арманшыл бозбаланың редакцияға жолдаған хатынан-ақ дарынын байқап, оны Алматыға арнайы алдыртқан. Туған ағасындай болған Шерхан Мұртаза 2003 жылы естелік жазды.
«Арада шамасы жарты ай өткенде орынбасарым Тельман Жанұзақ кабинетке бір жап-жас жігітті ертіп келді. Сұлулана жымиып:
– Мынау өзің айтқан… – дей бергенде,
– Айтпай-ақ қой, таныдым, – деппін.
Әлгі жігіт босаға жақта сазарыңқырап, басын бір кегжең еткізген кезде толқын-толқын болып, иығына дейін төгілген қара шашы желп-желп ете қалды. Көзі аш қасқырдың көзіндей екен. Мен қашан «отыр» дегенше кекірейіп тұрды да қойды»,- деп жазды Шерхан Мұртаза Оралхан Бөкей жайлы естелігінде.
– «Оралхан дүниеден озғалы, міне, тура он жыл болды. Кітаптары өмір сүріп келеді, өмір сүре береді. Олар жасқа – ақыл, кәріге – қуат береді. Бақытқа бақыт қосады. Бақытсызға медет болады,- дейді Шерхан Мұртаза.
– «Оралхан бір оқылатын жазушы емес. Оралхан қайталап оқуды қажет ететін жазушы, түсінгеніңше оқи беретін күрделі суреткер»,- деп жазды замандасы қаламгер Дулат Исабеков.
– «Оралхан өзі туған табиғатына ұқсас еді. Алтайдай асқақ, оның оқ жетпес құзар шыңдарындай биік еді! Заңғар тауларынан құлап аққан өзендеріндей тасқын еді. Тауларының сілемдерін жайлаған ерке еліктеріндей елгезек еді. Өркеш-өркеш тастарындай ірі еді. Қалам сілтеген алыптардың бірі еді. Шығыстан жарқырап шыққан жұлдыз еді», — дейді Қасым Қайсенов.
– «Әдебиетіміздің қазіргі аспанын жарқыратып тұрған аяулы жұлдыздарымыздың бірі, ғажайып нәзік суреткер, тамаша журналист Оралхан Бөкей қапыда, қиыр алыста оралмас сапар кешті, біз тіл жетпейтін өкініш кешіп, тағы жылап қалдық», — деп жазды Ғафу Қайырбеков.
– Қазіргі уақытта елімізде ең көп оқылатын жазушы – Оралхан. Ол журналистика мен көркем әдебиетті байланыстырып жазған алғашқы қаламгер. Әуелі бұған кейбіреулер қарсы да болды. Бірақ өзіңіз зер салсаңыз, әлемге әйгілі жазушы Эрнест Хемингуэйдың қай шығармасын алсаңыз да ішінде журналистиканың ізі байқалады. Оралхан жазуды бастағанда бәрі Оралханша жазғысы келді. Бірақ оған еліктеу, оған ұқсау мүмкін емес. Себебі, Оралханның стилі тым ерек»,- дейді Әлібек Асқар.
– Оралханның «Қайдасың, қасқа құлыным» повесі тұнған романтика еді ғой. Қазақ әдебиетіне жаңа леп әкелді. Одан кейін «Ауыл хикаялары» деп Бейімбетше жазды. Нағыз ауылдың колориті. Содан нақты кім екені есімде жоқ, әдеби ортадағы біреу «Ой, Оралхан сияқты Катонқарағайдай әдемі жерде, табиғаттың ортасында туып-өссек, біз де солай жазар едік» дегені бар-тын. Оралхан болса мен көрсетейін сендерге дегендей, құм туралы «Құм мінезі» повесін жазып шықты. Туындыларының бәрі өсу. Дәл Шыңғыс секілді. Басқасын айтпай-ақ қояйық, өмірден өтерінде жазып кеткен соңғы шығармасы – «Атау кереде» ол мүлде басқа биікке көтерілді, — дейді Әлібек Асқар.
– Менің тегім – Алпысбаев. Әуелде мақала мен әңгімелерімнің соңына Асқар Алпысбаев деп жазып жүрдім. «Ағажай, Алтайдай жер қайда» деген мақаламды Ораға «Қазақ әдебиеті» газетінің қос бетіне тұтас жариялады.
Ол кісі жұмысқа таңертең ылғи ертерек келетін. Бір қабатта отыратынбыз. Біздің кабинеттің есігі ашық тұрады. Дәлізде келе жатқан Ораға есік алдынан өтіп бара жатып тоқтап қалды. Орнымнан атып тұрып амандастым. «Асқаржан, бері жүрші»,- деді. Сосын: «Сенің мына мақалаңды бір емес, екі қайтара оқып шықтым. Ғажап мақала! Бергідегі қазақтың тарихын білеміз ғой, ал сен арғы жақтағы қазақтың (Қытайдағы – авт.) тағдырын осыншама қайдан білесің?» — деп сұрады. «Әкем сол жақта қызмет еткен. Өзім осында тусам да ондағы жағдай туралы естіп өстім, көп іздендім. Білгеніммен шамам келгенше жазып шығуға тырыстым», — деп жауап бердім. Ораға маған: «Енді сен Алпысбаев емес, Асқар Алтай боласың», — деді. Міне, содан бері Асқар Алтаймын.
Менің ойымша, Оралхан Бөкей тірі болса «Атау кереден» кейін керемет тарихи дүние тудырар еді. Соңғы шығармасы соның кіріспесі секілді,- дейді Асқар Алтай.
– Жолсапарда кейбір мәселелерді өзіне түртіп: «Ауылдар құлдыраған сайын, жергілікті халықтың, ең алдымен қазақтың жағдайы нашарлайды. Қазақтың есебінен басқаның жақсы тұруына жол беруге болмайды. Мен мұны елге келгенде премьер-министр Сергей Терещенкоға жеке айтамын», — деді. Ал бірде: «Мен туралы естеліктерді сендер жазасыңдар», — деп бізге қарата айтып қалғаны бар. Ол кезде өмірден осылай өтіп кетеді деп еш ойламаған едік,- дейді Нұртөре Жүсіп.
– «Орағаның денесін Қазақстанға алып кетпек болғанымызда ол жақтағылар келіспей, «Үндістанда жерлейміз» деді. Біз болсақ: «Олай болмайды. Бұл – Қазақстаннан келген делегация басшысы, классик жазушымыз. Денесін осында қалдырып, қалай кете береміз? Онда біз де қайтпаймыз!» — деп отырып алдық. Қазіргідей елшілік деген жоқ. Содан елдегі атқамінерлерге хабарласып, жағдайды түсіндіріп айттық. Ұзақ келіссөздерден кейін әйтеуір түбінде Оралханның денесін Алматыға алып келдік…,- дейді Нұртөре Жүсіп.
Ғаламтордағы ашық ақпарат көздерінен жинақтап, дайындаған
Тілекгүл Есдәулет