Өмірді қалай өткізу керек?
Қоршаған ортаның құбылыстары, сан алуан оқиғалар, күнделікті шаруалар мен күйбең тіршіліктен барлығымыздың шаршап-шалдығып жүргеніміз анық. Түрлі қиындықтар мен келеңсіз жайттарға тап болып, қанша демалып, қанша ұйықтап, тойып тамақтансақ та, көңілдегі жайсыздық сезімі басылмай, әлде не жетіспей тұрғандай күй кешіп жатамыз. Мүның басты себебі, жүйкедегі жүйесіздік, мидың шаршауы, ішкі жан дүниенің әлсіреуі дер едім. Адам баласының өмірі күндерден, ал күндер күнделікті іс-әрекеттерден, атқарылуы тиіс жұмыстардан, белгілі бір ережелерге бағытталған шарттардан құралады. Мәселен, балалар мен жасөспірімдер 5-6 сағатын мектеп қабырғасында өткізіп, үйге келген соң берілген тапсырмаларды орындаумен әлек болады. Ересек студенттерге жоғары оқу орындарында көптеген іс-шаралар мойнына артылып, көтерген жүктері жетерлік. Ал, орта жастағы адамдар атқаратын жұмыстары мен бас қатырып жүріп, өмірдің мәні не екенін ұмытып, рухани тұрғыда тоқырап, ақсап жатады. Осындай сәттерде не істеу керек?
Ол үшін, аптаның бір-екі күнін өзіңізге арнаңыз. Мәселен, әр жексенбі сайын үйреншікті әдеттерден, шаршататын, жалығуға әкелетін жұмыстардан бір күнге бас тартып, ойыңыз бен бойыңызды бостандыққа жіберіп, жүрек қалауын тыңдаңыз. Аптасына берілген 168 сағаттың 24 сағатын өзіңізге арнаңыз. Санаңызда негативті пікірлер қалдырып, пассивті көңіл күй қалыптастыратын адамдардан алшақ болып, миыңызды қажетсіз қоқысқа толтыратын «Телефон» атаулыны біраз уақытқа ұмытыңыз. Тұрақтанған орныңыз ыңғайлы, жайлы, шуақты, болсын. Бірнеше сағат жалғыз болып, өзіңізбен сырласыңыз, ұнататын тағамыңызды жасап, сүйікті әндеріңізді тыңдап, көңілді би билеп, жүйкеңізді, тұла бойыңызды тынықтырып өмірдің рахатын сезініңіз. Табиғат әсемдігіне бет бұрып, әлем таңғажайыптарының куәсі болыңыз. Осы сәтте бір жылға жасарып, жаңарып, жас балаша жайдары, бейқам күйге түсесіз.
Бұл өмірдің шаруасы, қиындығы ешқашан бітпейді. Күнделікті күйбең тіршілікпен әуре болып жүргенде,уақыттың қалай сырғып өткенін байқамай қалмаңыз. Жаңа күн – жаңа мүмкіндік. Кереметке толы өмірде өзіңізді, басты бағытыңызды жоғалтып алмаңыз. Әр күніңізді естен кетпес естеліктерге, жаңа бастамаларға толтырыңыз. Сіз ерекше тұлғасыз. Әрбір тұлға – тарих!
Дильназ Мухаммедова,
«Мөлдір бұлақ» журналының жас тілшісі