Өлеңнің тұлпары. Сырбай Мәуленовтың туғанына – 100 жыл
Қазақ даласы талантқа кенде болмаған деп айтамыз. Өте орынды. ХХ ғасыр қазақ әдебиетін адамзаттық әдеби дамудың деңгейіне көтерген ғасыр болды. Қазақ әдебиетінің рухани кемелденуіне белсене атсалысқан үлкен тіректі тұлғаның бірі Сырбай Мәуленов деп білеміз.
Ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, I-дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Ту», «Халықтар Достығы», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Сырбай Мәуленовтың туғанына 100 жыл толуына орай Амантоғай ауылдық кітапханасында «Өлеңнің тұлпары» атты поэзия кеші өтті.
Іс-шараға қатысқан Амантоғай жалпы білім беретін мектебінің 9 сынып оқушылары Ақару Ғалымжан ақынның «Қазақ тілі», Гүлнұр Бейсенбай «Соғыстан қайтқан солдаттар», Мұстафа Ғазез «Туған жер», Нұрай Құткелді «Соғыс ізі», Нұрайым Мұхтар «Мектеп», Жүрсін Ершат «Соғыста бір-ақ заң бар мен білетін», Айшагүл Сабырова «Қайран халқым көрді қанша қасірет» атты өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Сырбай Мәуленов 17 қыркүйек 1922 жылы Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Торғай кентінде туған. Сырбай Мәуленов 10-12 жасы 30 жылдардағы нәубетке, он-он алтыдағы бозбала дәурені отыз жетінші жылғы ойранға тап келіп, жастық шағы 1941-дің қырғынына ұшыраған ұрпақтардың өкілі. Ол 1940 жылы әскер қатарына алынды. 1942 жылы Ленинград түбінде Волхов майданына қатысты. 1943 жылы 17 қаңтар күні Сырбай ақын ауыр жараланып госпитальға түскен. Госпитальға түскен Сырбайды біржола ауылға Қостанайға жіберген.
Абай атындағы Алматы Мемлекеттік Ұлттық университетін бітірген. 1943-1950 жылдары Қостанай облыстық радиокомитетінде редактор, «Большевиктік жол» газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, 1951-1955 жылдары Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында редакция меңгерушісі, 1957-1961 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактордың орынбасары, 1964-1971 жылдары «Жұлдыз» журналының, 1955-1957, 1971-1977 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болды.
Тұңғыш өлеңі Жамбыл облысының «Колхозшы» газетінде 1937 жылы жарияланса, «Өлеңдер» атты алғашқы жинағы 1948 жылы жарық көрді. Қырыққа жуық жыр жинақтарының авторы. Алматы қаласындағы орталық көшелерінің біріне есімі берілген.
Сырбай Мәуленов қазақ поэзиясында адамды нағыз сыршыл сезімімен де, ойымен де, көркемдік бейнесімен де, бірден баурап алатын, шынайы поэзияның орнығуына ең бір ықпал ете білген ақын.
Қойжігітова Айнұр Теміржанқызы,
Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Амантоғай ауылының кітапханашысы