Оқуға құштар мектеп

 

Абай атамыздың «Артық білім – кітапта, ерінбей оқып көруге» деген жыр жолдары әрбіріміздің жадымызда. Кітаптың көл-көсір пайдасын айтпасақ та білеміз. Десе де, кітапты жарыса алып, жастана оқитын жастарымыздың қарасы аз. Бұл – төрткіл дүниеге төнген дерт. Жасанды сананың салтанат құрып, ғаламтордың қарыштап дамыған дәуірінде балаларды кітап оқымайсыңдар деп мінегеннің өзі – мін. Жеткіншектерді күштеп кітапқа телмірте алмаймыз. Олардың оқуға құштарлығын тек қызықтыра, еліктіре отырып оятамыз. Бұл қағида Алматы қаласындағы №188 мектеп-гимназиясында қалтқысыз сақталып келеді. Білім ордамыздың оқушылары мен ұстаздары кітапты серік етіп, сүйсіне оқиды.

Мектеп басшысы Мауленова Базаркүл Мұхтарқызының бастамасымен білім ошағында көптеген игілікті іс-шаралар жүзеге асуда. Мектебімізде ай сайын 1 кітапты таңдап оқып, талдау дәстүрі қалыптасқан. Оқушылар қарымды қаламгер, әйгілі әдебиеттанушы ағай-апайларымен де жиі кездесіп, салиқалы сұхбат құрып тұрады. Нұрдәулет Ақыш, Көпбаев Темірғали, Саят Қамшыгер, Тілеубаев Советхан сынды әдебиеттегі аға буын өкілдері мектебімізде ұйымдастырылатын іс-шараларға қатысып, жас-өспірім оқырмандарымызға шабыт сыйлап келеді.  Аталған жұмыстар өз жемісін беріп те үлгерді. Мектеп оқушылар түрлі бағыттағы қалалық, республикалық байқаулардан жүлделі орындармен оралуда. Оқушыларымыз биылғы жылдың өзінде мектебіміздің жетістік қоржынын марапаттармен толтырып үлгерді. Ғалымжанқызы Жаная республикалық «Абай», «М. Мақатаев оқулары» мен «Ақберен» өнер байқауында 1-орын иеленсе, Ғаниұлы Ерекбұлан «Мағжан оқуларынан» жүлделі 3-орын алды. Тажанова Аяулым қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша республикалық пән олимпиадасы мен Қанипа Бітібаева атындағы олимпиада 3-орынды жеңіп алды. Қалалық пәндік олимпиададан құқық пәні бойынша 11-сынып оқушысы Бақберген Айым, география пәні бойынша Ахмет Даулет 1-орын иеленіп, мектеп абыройын асқақтатты. Қалалық «Зерде» ғылыми жоба байқауында 5-сынып оқушысы Азилхаир Райана  2-орын иеленді. Жас ақын Еділ Аружан «Ілияс», «Мәшһүр Жүсіп», «Т. Айбергенов» оқуларының республикалық кезеңіне өтіп, мектеп намысын абыроймен қорғап қайтты.

Әдебиетсүйер, кітапқұмар оқушы бастауыш сыныптарда тәрбиеленеді. Сондықтан мектеп-гимназияның ұстаздары ә деп әріп танығаннан бастап-ақ балаларды кітап оқуға баулуды мақсат тұтқан. Әр сыныптағы кітап бұрышында бүлдіршіндер әдеби, ғылыми-танымдық кітаптармен қатар балаларға арналған газет-журналдарды да оқиды. Балалардың құлшына да қызыға оқитын журналдарының бірі «Мөлдір бұлақ» екенін де айта кеткен жөн.

Оқушылардың кітап оқу дағдыларын шыңдау, оқырман мәдениетін қалыптастыру мақсатында ай басында №188 мектеп-гимназиясының бастауыш сыныптары арасында оқырмандар конференциялары мен түрлі мазмұндағы іс-шаралар өткізілді. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында өткізілген конференцияларға бастауыш сынып оқушыларымен қатар ұстаздар, кітапханашылар қатысты. 2-сынып оқушыларының конференциясы «Ертегілер елінде» тақырыбымен өтті. Конференцияда бүлдіршіндер қазақ ертегілерін оқып, сахналады. Ең жас оқырмандар оқыған ертегілерді мазмұндап қана қоймай, олардағы негізгі ой туралы да пікір білдіріп, ой бөлісті. Өздері де қиял жетегінде ертегі құрап, тапқырлық танытты. 3-сынып оқушыларының «Атақты тұлғалар» атауымен өткен конференциясы да мазмұнды болды. Жас оқырмандар А. Құнанбайұлы, Ы. Алтынсарин, М. Мақатаев, Б.Соқпақбаевтың кітаптарын таныстырып, ондағы басты тұжырымдарды талдады. Қаламгер аталарына хат жазып, асыл сөз саңлақтарымен сырласқандай болды. 4-сынып оқушыларының «Кітап – сарқылмас қазына» атты конференциясы қазақ әдебиетінің классиктеріне арналды. Ол оқушыларда А. Құнанбайұлы, Ы. Алтынсарин, М. Әуезовтің шығармаларын талдап, талқылады. Қаламгер шығармаларынан үзінділерді жатқа айтып қана қоймай, олардың мәні туралы да пікір алмасты. Конференция қонақтарын оқушылардың оқырман күнделіктері мен бала қаламгерлердің кітапшаларынан әзірленген көрме ерекше қызықтырды.

Оқушылардың өз жадынан шығарған өлеңдері, ертегілері мен әңгімелері, кітапшаларды безендірген суреттері, тартымды туындылары бәрімізді тәнті етті. Бұл –  мектебімізде кітапқұмар, шығармашыл, талантты балалардың көп екендігінің белгісі. Конференция озық ойлы оқырмандарды анықтауға арналған зияткерлік ойынмен жалғасып, жас өнерпаздардың концертімен түйінделді. Қорыта айтқанда, бастауыш сыныптар арасында өткен оқырмандар конференциясы жемісті, нәтижелі болды. Арамызда кітапты көзімен емес, санасымен оқитын, көңіліне тоқитын сергек оқырмандардың өсіп келе жатқандығы айрықша қуантады.

 

Алматы қаласы, №188 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті

пәнінің мұғалімі Тұрсын Ерасыл

ПІКІР ЖАЗУ