Нұргүл Қабитханқызы: «Балалық шағым – бақытты кездерім»

Нұргүл Қабитханқызы – «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» радиосында музыкалық редактор. Ақындардың өлеңдерін өзі керемет оқып, түрлі роликтер жасап, әлеуметтік желілерде таратып жүр. Сұхбатымызда Нұргүл ханым тәжірибесімен бөлісіп, өнер жолында жүрген оқырмандарымызға ақыл-кеңес беріп, басынан өткен қызықты оқиғаларымен бөлісті.

 

— Өзіңіз нешінші жылы және қай қалада дүниеге келдіңіз?
— Мен 1979 жылы 21 наурызда шырайлы өлке – Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Қарабұлақ ауылында дүниеге келдім.
— Отбасы мен балалық шағыңыз туралы айтып бересіз бе?
— Әкем Айтқали қарапайым жұмысшы, анам Гаухар медбике қызметін атқарған аяулы жандар. Өзімнен кейін Нұржан деген інім бар. Ол да музыкант, әнші. Алтыннан да қымбат анашым 2011-жылы 54 жасында дүниеден өтті. Жалпы мені 3 айлығымнан бастап нағашы атам мен әжем «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» мәпелеп өсірді. Себебі, ата-анам қалада студент болып, білім алып жатқан соң нағашыларымның қолында тәрбиелендім. Балалық шағым – бақытты кездерім. Әр күнімді сағына еске алам. Нағашыларыма келгенде 8-ші бала, сүт кенже, ерке қыз болдым. Мейірімге, ата-ана, әпке, бауырларымның шексіз махаббаттарына қанып өстім.
— Қандай мектепте оқыдыңыз?
— Мен Қарабұлақ ауылында Абай атындағы мектепте білім алдым. Бала кезден өнерге құштар болдым. Ән айтып, қоғамдық жұмысқа белсене қатыстым. Сабақты да 4 пен 5-ке окыдым. Арманым әнші болу немесе актриса болу еді. Бала кезімде қолыма қаламды микрофон орнына ұстап алып, бар дауысыммен ән айтатынмын. Кейде айнаға қарап өлең оқып, актриса боламын деп өзімше дайындықтар жасайтынмын.
— Мектепті бітіргеннен кейін қандай оқу орнына түстіңіз? Қандай мамандық таңдадыңыз?
— 1996 жылы киелі шаңырақ – Ж. Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжіне оқуға түстім. Арқа мектебіне, домбыра мен дәстүрлі ән айту бөліміне халық әртісі, профессор Қайрат Байбосыновтың сыныбына қабылдандым. Ұстаздарым Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев, марқұм Биғазы Тұтқабеков сынды біртуар өнер тарландарынан дәріс алдым. Көптеген өнер жұлдыздарымен, майталмандармен осы шаңырақта танысып, жүздестік. Ол кісілерден талай қызық әңгімелер естідік.
— Жоғары оқу орнында оқып жүрген кезде есте қаларлықтай оқиға болды ма?
— Әрине, бастапқыда ауылдан шықпаған, ата-әжесінің еркесі, әжесінің тәтті ертегісін естіп өскен қызды қаланың тіршілігі, көрінісі бірден баурап кетпеді. Есімнен бір кызық оқиға кетпейді. Негізі оқуға мені жетелеп әкелген әпке-жездем болатын. Ол кісілер осы колледждің түлектері. Әпкем екеуіміз емтиханның бәрін тапсырдық. Діттеген күні қорытындыны естуге келдік. Оқуға түскен болашақ студенттердің аты-жөні аталып жатыр. Ал, менің бар ойым туған жерім, ауылым, өзімді баққан ата-анам, бірге оқыған достарымның жанына оралу. Он күннің ішінде бәрін сағынып, елге қайтқым келді. Ішімнен оқуға түспей, атым аталмай қалсын деп тілеп тұрмын. Бір уақытта өз атымды оқуға түскендер қатарынан естігенде көзіме жас келіп тоқтаусыз жыладым. Мені бәрі қуаныштан жылаған болар деп тұр. Ал мен қалада қалатыныма, ата-анамның қасында бірге бола алмайтыныма жылап тұрғанмын. Қазір есіме алып күлемін.
— Студент кезіңізде қандай қиыншылықтарға тап болдыңыз?
— Студенттік өмірдің де қызығы мен қиындығы болады. Ұстаздарымыз өте тамаша жандар болды. Студенттерге шынайы қамқорлық танытты. Үш жылда қаншама өмірлік қор жинадық. Актер шеберлігі, сахна тілі сабақтарынан үйренгеніміз де, алғанымыз да көп болды. Оқуды бітірген соң сырттай Қыздар Педагогикалық Университетінде білімімді жалғастырдым. Студент кезімізде ешқандай қиындық болмады дегенім қисынсыздау болар. Ата-анадан бір шақырым алыстап көрмеген балаларға, бірден өмірге араласып кету қиындау. Бөтен орта, бөгде жандар, барлығы бастапқыда маған қиындау болды. Ауылды сағынып, ұстаздар фамилиямды атаса жаным ауырып қалып, тығылып жылайтын кездерім болды. Кейіннен нағыз жанашыр достарым, ұстаздарым осы жерде екенін ұқтым. Енді студент болған соң бір күн қарнымыз тоқ, бір күні аш болды. Жатақхана өмірі де адамды шыңдайды екен. Үш жылда көп нәрсе үйрендім. Керемет, өмірлік, шынайы, адал достар таптым. «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деп, бір отбасындай ұйымшыл болдық.
— Оқу бітіргеннен кейін немен айналыстыңыз?
— Ең бірінші еңбек жолының парақшасы Алматы қаласында «Орбита» ықшам ауданында әл-Фараби атындағы №145 қазақ орта мектебінде басталды. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп, ұстаз болып шәкірт тәрбиелеумен, жауапкершілікпен өмірге қадам бастым. Музыка пәнінен дәріс бердім. Әрине, балалармен жұмыс жасау қызық және өте үлкен міндет. Алты жылдай ұстаз болып, кейіннен қара шаңырақ – Қазақ радиосына 2006 жылы қызметке тұрдым. Ол кезде Радио басшысы Нұрлан. Өнербаев, музыкалық жетекші Рамазан. Стамғазиев ағаларымыз болды. Радиоға ең алғаш жұмысқа ертіп келген әнші құрбым Ләззат Жанаманова болатын. Міне, содан бастап киелі ортада қызмет жасап келемін. Үлкен киелі ортада қазақтың небір атақты адамдарымен кездесіп, дидарластым. «Көш жүре түзеледі» демекші, қаншама мықты журналист аға-апайларымыздың ақыл-кеңестерін тыңдап, шыңдалдық. Ұжымымыз бір үйдің баласындай тату-тәтті, жанашыр.
— Отбасыңыз жайлы айтып кете аласыз ба?
— Отбасым туралы айтар болсам, жан жарым, Алла берген екі ұл, бір қызым бар. Балаларымыз мектепте оқиды. Шүкір деймін!
— Қазіргі кезде сіз әлеуметтік желілерге өлең оқып, видеороликтер салып отырасыз. Жалпы өлең оқудың қыр-сырын қалай меңгердіңіз?
— Екі жылдың көлемінде өлең оқып, фейсбук, инстаграм желілеріне роликтер салып, бөлісіп жүрмін. Сахна тілі, актёр шеберлігі сабақтарынан үйренген білімдеріме сүйене отырып оқимын.
— Ең алғаш қай ақынның өлеңдерін оқып бастадыңыз?
— Ең алғаш Әсел Оспанның өлеңдерін оқып, желіде бөлістім.
— Видеоролик жасау барысында қандай кедергілерге тап болдыңыз?
— Бастапқыда роликтерді өзім жасадым. Кейінгі өлеңдерге Ақнұр Рахметова деген құрбым ролик дайындап жүр. Екеуіміз қалай дайындауға болатынын ақылдасып, кеңесіп, бір-бірімізді толықтырып отырамыз. Ақнұрдың роликтері өзіме қатты ұнайды.
— Өлең таңдау барысында қандай талаптарға сүйенесіз?
— Әрине, өлеңнің сөзіне көп мән беремін. Жаным лирикалық өлеңдерге жақын. Ербол Бейілхан, Саят Қамшыгер, Күләш Ахметова, Қалқаман Сарин, Назира Бердалы, Әсел Оспан, Гүлайым Қуандыққызы сияқты ақындардың жырларын оқып жүрмін. Өлең оқығанды өзім бала жастан ұнататынмын. Бала кезімде Абай атамыздың М. Мақатаев, Ф.Оңғарсынова, М.Шаханов, Ж.Нәжімеденов, Т.Айбергенов, Марфуға Айтқожина сынды көптеген ақындарды өзімше жастанып жатып оқитынмын. Содан болар, соңғы уақытта қызығушылық танытып жүргенім. Қазір жас ақындар көп қой. Өлеңдері де керемет. Мысалы, Жадыра Байбұланова, Мирас Асан, Перхат Жүзжасар, Айжан Тәбәрәкқызы, Жұлдызай Ысқақ сынды біраз ақындар бар .
— Жалпы өнер жолында жүрген жас ақындарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
-Жас ақындар үнемі ізденісте болу керек. Кітаппен дос болып, үлкен аға буындардың ақыл-кеңестеріне құлақ асқандары жөн.
— «Мөлдір бұлақ» журналының оқырмандарына айтар тілектеріңіз бар ма?
— «Мөлдір бұлақ» журналының оқырмандарына тек жақсылықтар тілеймін. «Күш – білімде, білім – кітапта» демекші, көп кітап оқып, кітаппен дос болыңыздар дегім келеді.

Сұхбаттасқан – Мадина Абитова

ПІКІР ЖАЗУ