Мемлекеттік тілді құрметтеу – парыз
Астана қаласында ҚР МАМ және Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» тақырыбында дөңгелек үстелге қатысушылар Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында берген мемлекеттік тілді жан-жақты дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру, сондай-ақ мемлекеттік тілді насихаттау және оның мәртебесін арттыру мәселесін көтерген болатын. Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ресми түрде қазақ тілімен қатар орыс тілі қолданылады. Ресми тіл – қазақ тілі, ол түркі тобындағы ең үлкен тілдердің бірі. Елімізде мемлекеттік тілдің ресми мәртебесін реформалау және дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Шараға қатысқан ҚХА Төрағасының орынбасары –Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері, филология және лингвистика саласындағы сарапшылар, тілтанушылар, мемлекеттік тілді еркін меңгерген түрлі этнос өкілдері, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдіктерінің мүшелері тіл мәселесіне ерекше тоқталды.
«Елдегі тұрақтылық пен татулық – баға жетпес байлығымыз. Ел бірлігінің негізі тіл бірлігінен бастау алады. Бүгін біз мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тіліне айналуы үшін қандай нақты қадамдар жасау керек, тілді жетік меңгерудің озық тәжірибелерін көпшілікке қалай таратамыз деген сұрақтарға жауап іздеп, талқылау үшін жиналдық», – деді Ғалым Шойкин. Дөңгелек үстел аясында оқыту семинары ұйымдастырылды. Онда еліміздің барлық өңірінен қазақ тілін еркін меңгерген түрлі этнос өкілдері өздерінің тіл үйрену тәжірибесін бөлісіп, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту бойынша ұсыныстарын ортаға салды, сондай-ақ мемлекеттік тілдің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту әдістерін талқылады. Семинарда танымал медиа тұлғалар мен филология саласындағы сарапшылар тәжірибелерін бөлісті.
Қазақ тілі – ұрпақтан-ұрпаққа, атадан балаға жеткен ұлы мәдени мұра. Қазақ тілі – бай тіл. Қазақстанда тұратын ұлты басқа халықтар қазақ тілін балабақшаларда, мектептерде, жоғары оқу орындарында да үйреніп жүр. Қазақтың жақсы, дана сөзі бар: «Тілден артық қазына жоқ, тілден артық қасиет жоқ».
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес қазақ тілі мемлекеттік тіл болып табылады, сондықтан жоғарыда баяндалған мемлекеттік тіл мен оның мәртебесіне қойылған талаптар біртіндеп, әрі дәйектілікпен жетуге тиіс нұсқаның негізгі өлшемдеріне айналуы керек. Барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен оның басшылары қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін іске асыруда негізгі жауапкершілікті өз мойнына алады. Әр қазақстандықтың жүрегі «Қазақ тілі – менің тілім!» деп соғып, қазақ тілін меңгеру – қазақстандық патриотизмнің құрамдас бөлігіне айналуы тиіс. 1989 жылы қазақ және орыс тілдерінің мәртебесін айқындайтын «Қазақ КСР-дегі тіл туралы» заң қабылданды. Онда атап айтқанда, «Қазақ КСР-нің мемлекеттік тілі – қазақ тілі», ал орыс тілі – «ұлтаралық қатынас тілі» деп көрсетілген. 1989 жылдан бастап Қазақстанда орыс тілі мемлекеттік мәртебесінен айырылды. 1995 жылғы Қазақстан Конституциясының 7-бабының 2-бөлігіне сәйкес мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық салаларында әрекет ететін мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс жүргізу тілі. Әрбір Қазақстан азаматы қазақ тілін, қажетіне қарай басқа тілдерді білуге міндетті.
Орыс тiлi ерекше мәртебесiнен айырылуы керек және оны мемлекеттiк тiлмен тең дәрежеде қолдануға болмайды. Бұл «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасының негізгі ережелері. Мемлекетіміз өз алдына Тіл туралы заң қабылдады, ол Заң — «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шiлдедегі № 151 Заңы. Осы Заң Қазақстан Республикасында тiлдердiң қолданылуының құқықтық негiздерiн, мемлекеттiң оларды оқып-үйрену мен дамыту үшiн жағдай жасау жөнiндегi мiндеттерiн белгiлейдi, Қазақстан Республикасында қолданылатын барлық тiлге бiрдей құрметпен қарауды қамтамасыз етедi. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғам сенім кеңесінің екінші отырысында тіл мәселесіне де арнайы тоқталып, басты міндетті белгілеп берді. Президенттің қазақ тілін реформалау қажеттігін атап өтуі жаңа бағытқа жол ашады. Қазақ тілін жалпыұлттық тілге, ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру мақсаты қойылып, қазақ жазуына реформа жасау шаралары басталған мезгілде мұндай шешуші қадамдар шынында да қажет еді. Қазақ тілін реформалаудың басты мақсаты – ең алдымен, қазақ тілінің табиғи болмысын сақтау деп түсінеміз. Мемлекет басшысының айтқанындай, тіл жаңғырмай, рухани жаңғыру болуы мүмкін емес. Тіл табиғи болмысын сақтау үшін өзге тілдің ықпалына түспей, өз заңымен өмір сүруі керек. Бұл, ең алдымен, қазақ тілінің болашағы үшін, «қазақ тілін жаңғырту үшін», қазақ тілін өзге тілдердің тіл бұзар ықпалынан қорғау үшін қажет.
Г.Тұрлыбекова