Мектепке сағыныш

Көктемнің шуақты күндерінде Дарын шаhарында (Абай атындағы республикалық мектеп-интернат) бал-бұл жайнап, мектеп құшағындағы қызықты сәттер өтіп жатты. Керемет күндер жалғасын тауып жатқанда, тосын жаңалықтан тосырқап қалдық. Жай-жапсарын біле алмадық, әйтеуір құлағымызға майдай жаққаны «екі апталық демалыс» дегені. Демалыс десе, аласұратын біздер үйге қарай асықтық. Уақыт шіркін ескен желдей өтіп жатты. Міне, апта айға, ай жылға ұласты. Алыста қалған арайлы таңдарым қол бұлғап қала берді. Уақыт өте келе бір сәттік қуанышымыз, толассыз сағынышқа ұласқанын түсіндік. Басында интернаттан алып ұшып, үйге асыққан жүрек, қара шаңырақ Дарынға қарай қадам басқысы келеді.

 

Көңілімізде күдік жоқ, жылы ұямызға жеттік. Аяулы анаға, қадірлі әкеге деген сағыныш мауқын бастық. Дарында таңмен таласа оянатын едік, үйге келіп, еркелегендей тәтті ұйқыны қия алмайтын болдық. Үш-төрт күн өткен соң, құлаққа түрпідей тиген, «қашықтықтан оқу» дегенді естідік. Сөйтсек, батыс пен шығысты байланыстыратын сымсыз байланыс екен. Алғашқыда төселе алмай, желіден қиындық туып, ығырымыз шықты. Қазір оған да етіміз үйреніп қалды ғой. Таң атады, кеш батады, осылай жалғаса берді…
Ел іргесіне келген індет кімге оңай соқты дейсіз?! Қайтіп қана оңай соқсын?! Жарқыраған жарық жұлдыздарынан, арқа сүйер жандарынан қара үзіп жатса қай адамның жүрегіне жеңіл тиер дейсіз? Құдды бір қатыгездік әлемді торлап алғандай, шарасыздықтан шаршадық. Бірақ, кеудемізде үміт сәулесі ұшы қиырсыз созыла берді, созыла берді. Біз, адамдар бақыттың қадірін кеш түсініп жатамыз ғой. Мен де дарындағы тамаша сәттердің бағасын енді біліп жатырмын. Бір қазаннан ас ішіп, бір үйдің баласындай болып кеткен, дос-құрбыларға деген сағыныш бойымды кернеп барады. Бірге өткізген қимас, қызықты уақыт жылы естеліктер болып, жүрек төрінен орын алды.
Қазір маған қара шаңырақтағы кілең мейірімді адамдар – сүю үшін жаратылған жандар сияқты сезіледі. Алатаудың асқары, қайырымды аспаны шәкірттерін тағатсыздана тосып тұрғандай көрінеді. Ал, қазақилықтың иісі аңқыған мектептің жүрегі елжіреп, күмістей таза көңілі босап, көзіне жас алып жабығып, толқып тұрғандай. «Әсем әуенмен әуелетіңдер, күмбірлетіп күй төгіңдер» дегендей… Таңда болатын «жыр шұғыла» шақырып тұрғандай. Әрбір шәкірттің аузында «Қазақстан» шоколадының дәмі кетпей тұрған шығар. Ең бір сәтті, ең бір тәтті уақытты ұрлатып алғандаймыз. Шәкірт пен ұстаз жүрегінде жатқан үлкен махаббат сарғайған сағыныш болып жалғасты. Жан сарайын жарқыратып жіберетін жаңалықты естісек деумен, жүрегім алып-ұшып, елеңдеулімін. Мектепке деген толассыз сағынышты оралымды ойлар мен тегеурінді теңеулермен жеткізе алмаспын, сірә! Өнер мен өнегенің ордасы – «Дарыным» әлі-ақ қауышармыз! Дархан көңілің мен жазира жүрегіңмен шәкіртіңді әлі-ақ бауырыңа басарсың…

Бегімай Қуандыққызы,
Абай атындағы РММИ-дің «Ділмар» шешендік өнер үйірмесінің мүшесі

ПІКІР ЖАЗУ