Мектеп – білім ордасы
Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты өңіріміздегі аудан балаларына арналған жалғыз қазақ мектебі. Бұл білім ордасы 1935 жылы 1 қыркүйекте жетіжылдық қазақ мектебі болып ашылған, содан бері жас ұрпаққа білім беріп, еліміздің талай болашақ ғалымдары мен өнер иелерін тәрбиелеп шығарып, 87 жыл қызмет атқарып келе жатқан қара шаңырақ. Мектебіміздің тарихына көз жүгіртетін болсақ, тарихының өзі телегей-теңіз бір дастан.
«Білім – теңіз, мектеп – кеме» дегендей, мектебімізде 49 мұғалім жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, ұлттық тәрбие беруде. Ұстаздардың сапалық құрамына келсек, жоғары және бірінші санатты мұғалімдер басым, педагог-шебер 3, педагог-зерттеуші 23, педагог-сарапшы 12, педагог-модератор 13, магистранттар саны 13.
«Жақсы мұғалім – мектептің жүрегі», — деп, Ыбырай Алтынсарин айқандай, шығармашыл мұғалімдеріміз облыстық, республикалық кәсіби-шығармашылық байқауларға қатысып, өз біліктіліктерін шыңдап, жеңіс тұғырынан көрінуде. Солардың бірі – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қаржауова Ж.С, алғашқы әскери пән мұғалімі Қоспанов Д.Қ «Үздік педагог» байқауларының жеңімпаздары. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Абилова Ж.Ж республикалық «Авторлық бағдарлама-2019», «Панорамалық бейнесабақтар» байқауының жеңімпазы. Кемеңгерова Г.А республикалық «Дарынды оқушыға – дарынды ұстаз» байқауының жүлдегері. Информатика пәні мұғалімі Бекхужин Қ.Қ. оқушылары республикалық «KRC», «ROBOLAND» байқауларынан І, ІІІ орындарды жеңіп алды. Байкенова С.Ж – облыстық қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің олимпиадасының жеңімпазы. 2021-2022 оқу жылында облыстық «Авторлық бағдарлама» байқауына биология пәні мұғалімі Шакеева Ж.Е, математика пәні мұғалімі Байманова Ж.К қатысып, 1-орындарға ие болды. Бірнеше мұғалімдердің авторлық бағдарламалары мен әдістемелік құралдары баспадан шығарылды, ғылыми-әдістемелік мақалалары облыс, республика баспа беттерінде жарық көрді. Үш ұстаз өзінің шығарған авторлық бағдарламаларымен жұмыс жасап, өз тәжірибелерін облыс, республика көлемінде таратуда.
«Еңбегі бардың өнбегі бар» дегендей, 2021-2022 оқу жылы біздің мектебіміз үшін ең жемісті жыл болды. Оқушыларымыз облыстық олимпиада кезінде 28 орынға ие болса, ал республикалық олимпиада байқауында қазақ тілі, орыс тілі, тарих пәндерінен оқушыларымыз топ жарып, жүлделі орындарға ие болып, республика бойынша «Үздік жүз мектеп» қатарына еніп, «Дарын» орталығының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Оқушыларымыз республикалық ғылыми жобалардан және «Зерде» шығармашылық-зерттеу байқауларынан жүлделі 2-орынға ие болды. 2021-2022 оқу жылында мектеп қабырғасынан ұшып шыққан 47 түлегіміздің 37-сі грант иегері атанып, ЖОО-ға және екі түлек шет елге оқуға, бір оқушы Назарбаев универститетіне түсті. ҰБТ-ның орташа көрсеткіші 102,1.
2005 жылдан бастап мектеп қабырғасында облыс көлеміндегі шығармашыл ұстаздардың іс-тәжірибесімен бөлісу, өзара тәжірибе алмасу мақсатында облыстық «Қазақ тілі мен әдебиеті» зертханасы жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда зертхана құрамында 30 қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері бар. Зертхана жұмысы мектебіміздің оқу-тәрбие үдерісінің шығармашылық тұрғыдан дамуына, ұстаздарымыздың кәсіби жағынан шыңдалуына мүмкіндік береді.
Мектебімізде мұғалімдеріміздің қатары жастармен толығып, сапалық құрамы жасаруда. «Жас келсе, іске» дегендей, жас мұғалімдеріміз де әртүрлі облыстық конференция, семинарларға қатысып, өз білімдерін дамытуда. Жас мамандарды үйретіп, мұғалімдік кәсіпке баулу мақсатында мектебімізде Жанар Жәметқызының жетекшілік етуімен «Жас мамандар» мектебі жұмыс істейді. «Жас мамандар» мектебінде 11 жас маман бар. Әр жас маманға жыл басында тәлімгерлер тағайындалады.
Бейсенбі сайын «Тәжірибедегі рефлексия» курсы жүргізіледі. Бұл курста жас мамандарға сабақ жүргізу әдістемелері, оқыту стратегиялары, сабақ құрылымы, ҚМЖ, ОМЖ жасау бойынша дәрістермен практикалық сабақтар жүргізілді. Тәлімгерлер мен жас мамандар бір-бірлерінің сабақтарына қатысып, өзара тәжірибе алмасып отырады.
Жылдың соңында «Жас мамандар» мектебінің жұмыс қорытындысы ретінде мектепішілік «Үздік жас маман-2022» байқауы ұйымдастырылды.
Байқауда 1-орынды мектеп психологы Әбжан С.М, 2-орынды ағылшын мұғалімі Жасұланқызы А, 3-орынды қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Сейлбеков Н.А жеңіп алды. Байқау жүлдегерлерін дипломмен және байқауға қатысушы жас мамандар сертификаттармен, сыйлықтармен марапатталды.
Мектебімізде «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыру негізінде 2017 жылдан бастап «Оқу сағаты» өткізіліп келеді. «Оқу сағаты» сабақ кестесіне енгізілген. Оқушылар үш тілде өздерінің сүйікті кітаптарын осы оқу сағатында оқи алады.
Мектебімізде тәрбие жұмыстары ұлттық құндылықтарға негізделген «Ынтымақ», «Құрмет», «Жауапкершілік», «Адалдық», «Еңбекқорлық», «Кемелдену», «Отансүйгіштік» т.б. осы сияқты 18 бағытпен жұмыс жасайды. Дархан Құрманұлының жетекшілігімен «Жас ұлан», «Жас сарбаз» ұйымы және мектеп пен ата-аналардың ынтымақтастығын күшейту мақсатында «Әкелер», «Аналар», «Әжелер», «Қыздар», «Ұлдар» клубының жұмысы ұйымдастырылған. Оқушылармен сыныптан тыс уақытта «DM дауысы», «Екі жұлдыз» байқаулары, «Таланттар шоуы» жобалары іске асырылуда. Жылда мектебіміздің қарт ұстаздарына, қарияларға қайырымдылық жасау мақсатында қайырымдылық жәрмеңкелері ұйымдастырылып, «Қарттар күні» өткізіледі. Мектебіміздің жас спортшылары облыстық, республикалық спортық сайыстарға қатысып, жүлделі орындармен келіп, алтын, күміс, қола медальдармен қоржындарын толтыруда. Интернатта тәрбиешілермен бірге волонтерлар бірігіп, әр түрлі танымдық, шығармашылық іс шаралар ұйымдастырады.
Қазіргі таңда мектебіміз әр түрлі ғылыми-шығармашлық байқаулар мен олимпиадаларда жеңіс тұғырынан көрініп, алдыңғы озат мектептердің қатарынан көрінуде. Мектеп – халықтың рухани бесігі, жас ұрпақтың білім алып, тәрбие алып шығар ордасы.
Бакиров Ержанат Рымғалиұлы,
Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық
дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының директоры