Медиация бабалар жолымен ұштасады (Ел бірлігін нығайтуда медиация институтын тиімді пайдалану қажет)
Медиация дегеніміз не?
«Медиация» термині латынның «mediare», делдалдық ету деген сөзінен шыққан. Медиация — үшінші, бейтарап, әділ, жанжал нәтижесіне мүдделі емес тараптың қатысуымен өтетін дауларды реттеудің баламалы жаңа түрі. Аталған үшінші тарап ретінде медиаторды танимыз, ол даудың немесе сотта қаралатын істің қатысушыларының белгілі бір келісімге келуіне көмектеседі, сонымен бір мезгілде тараптар дауды реттеу мен оны шешудің шарттары жөнінде шешім қабылдау үдерісін толығымен бақылап отырады. Медиация азаматтық, еңбекке қатысты, отбасылық және басқадай құқықтық қатынастарға байланысты, сондай-ақ ауырлығы шағын және орташа қылмыстық істер жөнінде туындаған дауларда қолданылады. Азаматтар, сондай-ақ заңды тұлғалар медиацияға белсенді түрде жүгінген жағдайда сот жүйелеріне түсетін ауыртпалықты айтарлықтай жеңілдетіп, соның арқасында анағұрлым ірі істердің шешілу сапасын арттыруға болады. Халықаралық статистикаға сәйкес, барлық даулардың 30-40% медиация рәсімінен өтеді, олардың 85%-нда оң нәтижелерге қол жеткізілген.
Медиацияның соттан айырмашылығы не?
Медиацияның басты мақсаты – қос тарапты бірдей қанағаттандыра-тын және дауласушылық деңгейін төмендететін өзара тиімді әрі өзара қолайлы, бейбіт келісімге келу. Сот өндірісінен айырмашылығы – медиация барысында «кінәлілер» мен «кінәсіздер» деген тараптар болмайды. Өйткені, бұл құқық саласы қылмыс жасаушылар қатарын бірыңғай бас бостандығынан айыру жолымен жазалауды емес, адам құқықтары мен бостандығын қорғауды және қалпына келтіруді көздейді. Басқаша айтқанда, медиация мүмкіндігіне қарай істі сотқа жеткізбеу мақсатын көздейді. Медиацияның тағы бір оңтайлы жағы — қаржылық жағынан соттық шығынға қарағанда төмендігінде және уақыттың үнемділігінде. Сотта іс әдетте ұзаққа созылады, ол тіпті айларға созылуы мүмкін. Бірнеше мәрте сот отырыстары белгіленеді, оған тараптардың бірінің өкілдері келмеуі де мүмкін, сөйтіп жағдай ушыға түседі. Бұл ретте медиацияның келесі ерекшеліктері алдыңғы қатарға шығады – тараптардың еріктілігі және жеделдетілген шараның бейресмилігі. Дауды шешуге медиаторға небәрі 30 күн уақыт беріледі. Белгілі бір себептермен бұл мерзім ұзартылуы да мүмкін, бірақ 60 күннен аспауы тиіс. Сотта тараптар бір-біріне қарсы әрекет етеді, ал медиация барысында өзара ынтымақтаса қимылдайды. Сот тағайындалады, ал медиатор таңдалады. Сот шешімді заңға сәйкес қабылдайды, ал медиатор тараптардың мүдделерін ескере отырып, бірақ заң аясында қабылдайды. Сот – жария үдеріс, ал медиация құпиялылықты қамтамасыз етеді, бұл медиатордың рәсім барысында мәлім болған ақпаратты оны ұсынған тараптың келісімінсіз жария қылуына жол бермейді. Сәйкесінше, медиатордан куәгер ретінде жауап алуға рұқсат етілмейді. Медиаторға жүгіну керек пе, жоқ па дегенді тараптар өзара келісіп шешеді. Мұндай жолмен мәселенің шешілуі мүмкін болмаған жағдайда олардың сотқа жүгіну құқығы сақталады. Медиация барысында тараптардың тең құқылықты көздейтіні сөзсіз, сондай-ақ оларға тең міндеттер жүктеледі.
Медиация инистутына 10 жыл
Қазақстанда «Медиация туралы» Заң 2011 жылдың 5 тамызында күшіне енді. Бұл заң ҚР медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ, медиатордың мәртебесін айқындайды. Медиация қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан билер сотымен үндеседі.
Медиация институты қалыптасқан 10 жылда республикада 20 Медиация кеңесі құрылған. Тек республикалық Медиация кеңесі өзара ынтымақтастық туралы 20-дан астам меморандумға қол қойды. — «Медиацияның әлеуетін ұтымды пайдалана білсек, біз қоғамда орын алатын дау-дамайларды оңтайлы реттеу арқылы, ішкі бірлікті бекемдеп, ел іргесінің аман болуына үлес қоса аламыз. Медиация термині бізге таңсық болғанымен, оның мазмұны біздің халқымызға ежелден таныс ұғым. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген ұстаныммен өмір сүрген дана халқымыз аталы сөзге тоқтауды білген. Қара қылды қақ жарып, әділдігін айтатын билердің көмегімен ел бірлігін сақтап, дауласушы тараптарды мәмілеге келтіру – ата-бабаларымыздың ертеден келе жатқан дәстүрі, олар «араағайындық», «бітімгер», «мәміле» және т.б. терминдер қолданған. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағиданы берік ұстанған билердің мәртебесі жоғары болып, елдің бірлігін, жердің тұтастығын сақтауға ықпал еткен», -дейді «Қоғамдық келісім» РММ-нің жобаларын іске асыру және құрылымдарымен жұмыс жасау басқармасының басшысы Талшын Италиева.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Медиация иниститутын қолдайды
2016 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен барлық өңірлерде медиация кабинеттері ашылып, «Қоғамдық келісім» КММ штатына медиация мәселелері бойынша үйлестірушілер қабылданды.
Бүгінгі күні «Қоғамдық келісім» КММ және достық үйлерінде 17 медиация кабинеті жұмыс істейді, олар халықпен жұмыс істеу үшін 346 диалогтық алаң жұмысын ұйымдастырды, яғни, қоғам өмірінің барлық аспектілерін дерлік қамтыды. Сонымен қатар ҚХА тізілімінде 2152 медиатор бар, оның ішінде, 2050 кәсіби емес медиатор, 102 кәсіби медиатор бар. ҚХА медиация иниституты 311 000 адамды қамти отырып, 16 000-нан астам іс-шара өткізді, 27 000-нан астам азамат медиация әдістерін қолдану дағдыларына оқытылды.
ҚХА республикалық Медиация кеңесінің мүшесі Рузанна Есентемирова: — «Меніңше, еліміздің барлық мектептерінде Медиация қызметтері құрылып, жоғары оқу орындарында медиация пән ретінде оқытылуы тиіс. Жас буын дау-жанжалдарды татуласу арқылы шешуге болатындығын түсінген кезде, медиацияның танымалдығы артады және сұранысқа ие болады»,-дейді. Ал Түркістан облысы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» КММ медиация институтының үйлестірушісі Дана Кенжеқұлова: -«Біздің міндетіміз – медиацияны дамыту мен насихаттау арқылы оның жұмысын жүйелендіріп, ұйымдастыру, ел бірлігі мен ынтымақтастығын нығайтуда медиация тетігін тиімді пайдалану. Соңғы жылдары ел аумағында медиацияға ерекше мән берілуі біздің дәстүрімізден жаңылмай, жаңашыл болуымызды, болашағы біртұтас ел болуымызды меңзейді. Өркениетті қоғамның берік іргесі – заң болса, тұғыры – құқық. Медиация дегенде ең алдымен дауласушы тараптарды құқықтық жолмен өзара келісімге келтіру, заңның үстемдігі арқылы бірлікті сақтау мәселесі айтылады. Медиацияның тетіктерін ұтымды пайдалана білсек, біз қоғамда орын алатын дауларды оңтайлы реттеп, ішкі бірлікті бекемдей аламыз. Дау-дамай бұрын да болған, қазір де бар. Қай қоғамда, қай заманда өмір сүрсек те, ең алдымен ынтымақты сақтай білуіміз керек. Медиация татулық пен тұрақтылықты көздейді», -дейді. Азаматтық қоғам құру мен құқықтық мемлекеттің негізгі қағидасы қауіпсіз орта құру болса, медиацияның мақсаттарының бірі тараптардың жанжалдық деңгейін төмендету болып табылады. Ал қоғамдағы жанжалдар деңгейі төмендесе, тиісінше, адам қауіпсіздігі деңгейі артады. Ендеше жанжалсыз қоғам негізі – медиация иниститутының дамуы ынтымақ пен берекенің кепілі болмақ. Яғни, ел бірлігін нығайтуда медиация институтын тиімді пайдалану маңызды.
Дайындаған –
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ