Мәңгілік мұра

Абай – жаратылыстың құпиясына, табиғат пен қоғамның, адам мен заманның сырына терең үңілген ойшыл ақын. Ақын шығармаларында көптеген жағымсыз әрекеттерге сын көзбен қарап, іштарлық, көрсеқызарлық, сондай-ақ көреалмаушылық, еріншектік, жалқаулық сияқты теріс қылықтардан аулақ болуға шақырған. Данышпан Абай өз өлеңдерінде жас ұрпаққа үлгі көрсетіп, халыққа бағдар нұсқайды. Абай адамды ерінбей еңбек етуге шақырады.

 

Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе.
Даналықты көздесең,
Жат, тоқып ал көңілге, — деп, Сұлтанмахмұт Торайғыров атамыз жырлағандай, Абай Құнанбайұлы қазақ халқының басындағы мәңгі өшпес жарқыраған жұлдызы, қазақтың ұлттық философиясының негізін салушы, ақиқатқа терең бойлаған кемеңгер ойшыл дана адам. Қара халыққа ой тастап, мәнді, маңызды сөзін арнап, жастардың бойындағы кеселді кемістіктерді, арсыздық пен ұятсыздықты, дөрекі надандықты тәрбие және білім беру арқылы жоюға үндеді.
Ұлы ақын, ағартушы Абай музыка саласында да кең ауқымды мұра қалдырды, ақын әндері бүгінде халық жүрегінде сақталып, шығармалары халық санасынан өшпес орын алғаны сөзсіз. Оның өзгешелігі мелодиясында, ырғағында, өзгеше идеялық мазмұнында жатыр.
Абай қазақ халқының мақтанышы, асыл ақын, жазушы, қоғам қайраткері, қазіргі қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор.
Абай еңбекке, ғылым-білім үйренуге, адамгер-шілік мінез-құлыққа тәрбиелеуді көздеді. Бұл оның даналығы мен даралығы. Ол өз өмір жолында елін еңбекке, өнерге үндеуге, мінез-құлықтағы ұнамсыз көріністерге қарсы күресуден жалықпаған адам. Қазақ халқының XIX ғасырдың аяғынан күні бүгінге дейінгі тарихында ұлы ақын, ағартушы, данышпан Абай Құнанбайұлының алар орны биік, жолы-жөні бөлек, парасат-пайымы кең, өрісі өте талғамды. Әрбір сөзі кең мағынаға толы, ойы парасатты, мағынасы терең. Қайсы бір өлеңін оқысаңыз да, терең ой, мәнді сөз естіледі, тұла бойыңды тұтас билеп кететін бір тылсым, құпия сиқыры ерекше.
Абай Құнанбайұлының ерекшелігі – өзінің өскен ортасын, туған елінен қол үзбей, қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған рухани мәдениетін меңгере отырып, орыс халқының мәдениетін өзіне өнегелі мектеп етуінде. Абайдың бойындағы сезімі өз өлеңдерінен анық көрініс тапқан. Абай поэзиясы – қазақ халқының ұлттық мақтанышы Абайдың өлеңдері адамгершілікке, ағартушылыққа, сый-ластыққа, достыққа шақырады. Оның кіршіксіз, таза, терең сезімі даналықты, парасаттылықты жырлаған. Нағыз адамды білімді, ақылды, білікті, ғылымсүйгіш болады деп пайымдайды. Адамшылық мұраты — шығармашылық ойлау, еңбек, қызмет деп есептеген. Еңбекті өмір сүрудің айнымас құралы ретінде баршаға насихаттаған. Абайдың өмірі, істеген ісі, жазған өлеңдері мен сөздері өз халқының тағдырымен тығыз байланысып, оның болмыс-бітімінің айнасындай болды. Абай шығармасының сая бағында өсу, тәрбие алу – қазақ халқының бүгінгі ұрпақтарының алдағы тұрған міндеттерінің бірі. Абай шығармашылығы уақыт озған сайын дәуір талабына сай әр қырынан өсіп, өркендеп отыратын асыл мұра болып ұрпақтар санасында орын алады. Абайға әр оралған сайын көзің ашылып, көкірегің азаматтық ірілік пен адамдық ұғымдардың жаңа қырларына, сырларына толғандай болады. Хакім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген дана сөзі біздің ассамблеямыздың ғана емес, күллі дүние халықтарының ұстанатын жолы, жүретін бағдары іспетті.

Р.Серғалина,
Ақтөбе облысы

ПІКІР ЖАЗУ