КУМИР ДЕГЕН – БОЛАШАҚТАҒЫ СЕН

XXl ғасыр — мүмкіндіктермен қоса, тәуелсіз ойлау, ақпараттық соғыс басымдылық алған дәуір. Бұл жазба басталмай тұрып сіздерге мына дүниені түсіндіргім келеді. Әрбір тұлғаның тәуелсіз ойлау қабілеті, өзін өзгелерден ерекшелейтін сипаты болғаны дұрыс. Сондықтан, мен сіздерге «мына адам үлгі боларлықтай тұлға» десем, ол міндетті түрде сізде сол адамды кумир ретінде көруің керек деген сөз емес. Бұл ойтолғауды оқымас бұрын өзіңіздің еркін екендігіңізді сезініп, осы уақытқа дейін әрекет жасауға кедергі болған стереотиптерді ұмытыңыз!

 

Жаңа толқынның тербелісін сезіну үшін бізге өткеннің атағын шығарған тұлғаларды өз заманында қалдырып, жаңа дәуірдің болашаққа не берерін ойлауымыз қажет. Бұл дегенім А.Құнанбаев, А.Байтұрсынұлы секілді тұлғалар өткен мен бүгінді осы күнге дейін жалғап тұрды. Қабылдау қиын болса да, болашақта жылауық ұрпақтың болмағанын қаласақ, жастарға тізгінді беретін уақыт келді. Мысал ретінде өзімді алып, бірнеше үлгі алуға болады деген «қырандарды» жаңа нұсқада ұсынғым келеді.
Біріншісі, бірінші болғанда да, бірегейі – Дулат Мұхамедқалиев (ZAQ «Ninety one» тобының мүшесі). Әлемге деген көзқарасы бөлек. Өз заманының заңғары. Креативті ойлау дағдысы әлдеқайда жақсы дамыған. Ол Қазақ тілінің дамытушысы.
‌Музыка біздің өміріміздің жарты бөлігін жұтады. Демек, біз енді ақпаратты музыкадан да ала аламыз. Қазақ тіліндегі мәні жоқ, мағынасыз той бизнестегі әндерге қарағанда, тіліміздің сан қырлы тұсын ашып, түрлендіріп жүрген Дулаттың әнге жазған мәтіндері тыңдау ләззатымен қоса ойлану машақатын сыйлайды. Кейбір ақылдысымақтардың жолдауларына қарағанда, Дулаттың мәтіндері қоғамға едәуір ықпал әкеліп, әлемнің түкпір-түкпіріндегі тыңдармандарға қазақ тілінің әсемдігін танытуда. Сөздік қорының бай болуымен ерекшеленген Дулат әр интервьюда көзге түсіп, қоршаған ортаға ой салатын авторлық цитаталар айтады. Біз үлгі ретінде көретін адам алдымен қазақ тілінің жанашыры болуы қажет.
Екіншісі, қазіргі төртінші билік болып журналисттердің орнына келген қоғамның тобы блогерлер. Блогерлер дәрі сияқты. Тағайындалмаған дәріні ішсең ауырасың, ал, ауруыңа ем болатын дәріні ішсең сауығасың. Осы орайда үлгі бола алатын блогерлер жайлы айта кеткім келеді. Ж.Қадырбаев, Ә.Мұстафаева, К.Адилхан. Дәл осы үш адамның сөзі өтімді, жастарды дамытушы, бұлар «қазағым» деген тұлғалар.
Жансерік Қадырбаев болса, үздік мотиватор. Біздің жастар суицидке бейім ғой. Жансерік өз аудиториясына мотивация бере отырып, сол нәрсені іс жүзінде дәлелдеп, одан аулақ жүруді көрсетіп отырады.
Әсел Мұстафаева – әрдайым белсенді. Көбіміз уақыттың қадіріне жете бермейміз. Ал, Әсел үшін әр секунд, әр минут қымбат. Өз тіркелушілеріне ағылшын, кәріс тілдерінен азық болатындай курс өткізіп жатады.
Камила Адилхан заманауи келін. Қазақилығын ұмытпаған ол жақында ата-бабамыздың тұрмыс тіршілігін бүгінгі заманда жүзеге асырып челлендж жасаған болатын.
Біз біреудің айтқанына қарағанда, оның іс-әрекеті арқылы ақпаратты тезірек қабылдаймыз. Блогерлерді үнемі (24/7) аңдып отыратынымыз өтірік болмағандықтан, олар да белгілі бір дәрежеде үлгі бола алады. Осыдан кейін XXl ғасырдың дәуіріне тіл бітіп «Біздің де үлгі боларлықтай тұлғамыз бар-ау» деп бір күрсінген болар.
Бұл жазба аяқталмай тұрып айтқым келетін бір нәрсе «бұл өмірде сен үлгі ретінде көре алатын адамды тапсаң, сол кумирің қарсыласың болғанша еңбектен». Қандай адамға менің кумирім деп қарасаң да, ол аузымен айды алып, қолымен түк бітірмейтін адам болмау керек. Үлгі бола алатын адам ақпараттық соғыста тәуелсіз ой білдіре алатын, функционалды сауатты адам болуы қажет. Осыны жазып отырып «мен де өзге үшін кумир болармын» – деп, бір толғанып алдым-ау.
Қорытындылай кетсем, үлгі боларлықтай тұлғаның іс-әрекетін қайталау басты нәрсе емес, бастысы сол адамның деңгейіне жеткенше өзіңмен күресу. Негізінде біз ондай адамды кумир деп сыпайы түрде айтамыз. Шындығына келгенде біз сол кумир атын жамылған адамды басты мақсат ретінде алып болашаққа ұмтыламыз. Қысқасы, кумир – болашақтағы сен ӨЗІҢ!

Дуйсенбек Әсем,
Жамбыл облысы, Шу ауданы, Жамбыл атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ