Қошақаным қайда екен?
(Шағын повесть)
(Соңы. Басы журналдың № 6,7,8-сандарында. )
— Ана қасапшылар еңбегіне ақша алады. Әдемі тон. Қаракүл қозыдан әдемі тон тігіледі, құлақшын киеді.
— Не дейді?
— Иә. Қаракүлдің бағасы қойдың құнынан екі-үш есе асып түседі. Шетелге долларға сатады. Қайсардың көзі шеттеу тұрған жігітке түсті.Ол оңбаған сүп-сүйкімді қозыны аяғынан ұстап денесін дірілдете шала-жансар күйінде, пышағын жалаңдатып терісін сыпыра бастады. Қайсардың көзі қарауытып, есінен айырылып қала жаздады.
— Бұларың қалай? Қозының жазығы қайсысы? — деп жыламсырады.
Сонан соң бұрылып ап, атасының үйіне қарай салды. Бетін басып алған. Алғашқы да аңырып қалған Жұмабек-атаман есін жиып, Қайсардың артынан қуа жөнелді. Қонақ бала жеткізер емес. Құстай ұшып, аяғы анда бір, мында бір тиеді.
— Қайсар, қонақ бала мұның не? — деп дауыстап еді.
— Оңбағандар, оңбағансыңдар, қаражүрексіңдер, — деп дауыстады.
Үні қарлығып шығып, екі қолын сермеп, «маңыма жолама» деген сыңай танылды.
Қақпадан кіре бере, көзімен ауланы тіктеп шықты. Қызықты қара! Кіп-кішкентай сүйкімді қара қозысы өзіне қарай құлдыраңдап жүгіріп келеді екен. Жерден көтеріп алып қыса құшақтап, тұмсығынан құшырлана сүйіп-сүйіп алды. Дүниенің рақатына бөленіп, әлгіндегі жан ашуын ұмытып кеткен сияқты. «Сен, аман болшы қошақаным!» — деп күбірледі. Ауық- ауық жасын сүртуді де ұмытпады.
. . .
Қиыр шет аппақ түске боянып, аумақтанып қара көк аспанның биігіне өрмелей бастады. Құдды Шыңғысханның мың сан әскері сияқты туын көтере желбірете ұстап: «мен әлемді жаулап аламын!» дейтіндей екпінді-ақ. Пау, мен деп кеттім өзі?! Біз, балалар қызықпыз, ә! Есімізге бірдеңе түссе, қиялдап жөнелеміз. Анау таудың биігі, мұхиттың тереңдігі, жер шетіне шектескен даланың ұшы-қиыры, аспанмен астасқан көкжиегі, жылтылдақ сағым, көгілдір аспан әлеміне бір сәтте ұғынысатын қиялдан ұшқыр не бар екен?! Зымыраның да, жер серігіңе де, ұшқыр оғың да, тіпті, жарық сәуле де жете алмайды. Тамағына түкіріп жүгіріп, күбірлеп еді, шешесінің:
— Қайсар, құлыным-ау қайда жүрсің? — деген ақ жарқын үні естілді.
Жауап қатпады. Ойланып ұзақ тұрды. Енді бірде таудың тасасынан көрінген күннің шашақты найза сәулесі жанарына сұғынды. Кірпігін жұма беріп, қайта ашып еді, қызыл жалқын сары күн әп-сәтте Шыңғысханның құрттай құжынаған ақ тулы әскерін жұтып қойыпты. Есесіне шатырдағы кептерлердің атасы құрқылдап қоя берді. Шағын қаладан таяқ тастам жердегі жасыл шалғын сағымға бөгіп, кірден айырылған шыттай жарқырасын кеп. Қуанып кетті. Аспан дақтан дін аман екен. Жатаған үйлердің бірінен әтештің қанаттарын жігерлене қағып, сілкіне шырқап қоя берді.
— Ку-ка-ре-ку, е… ей! Тұрыңдар! Кімге бәлсініп жатырсың, түге? Бұл дүние қыбырлаған тірлікті қалайды. Мен тауықтарым мен шібилерге дән тауып беремін. Ал, сен ше?..
Таңғы ауада талықсып жатқан жым- жырт тіршілікті әлгіндегі қызыл айдарлы, өктем мінезді «азаншының» бүлдіргеніне талағы тарс етті.
«Шу басталды» — деді ренжіп.
Қалаға сұғына енген жолдың бойынан мотор үні естіледі. Көшеге су шашатын бөшкелі «Камаз» өтті, тымық әлемді тасқаяқтай қағыстырып.
— Әй, Қайсар,құлағыңа мақта тығып алғансың ба? Тиiсерге қара таппаған адамның сыңайы.
Үні темірдей шың етті.
— Мен мұндамын — деді бала.
Жүзі қайнаған судай бұзылып сала берді. Жақсы түстей ғажап сәтті ұрлаған жанға назалы. Ыдыс-аяқ cылдырлады, су сарылдады.Алдындағы алып таудан, жасыл даладан, ирелеңдеген жолдан, тіпті, қызыл айдар айқайшы әтештен де айырылғысы жоқ.
Әлуетті қолдың қаздың табанындай алақандары арқасынан сипай беріп құшақтай алды. Әкесі екен.
— Балам- ау, шешең … — деді, сөзінің аяғын созып: — Мектепке барасың…
— Қазір, — деді Қайсар.
— Аузыңа аяғын санап басатын Оташ түкіріп кеткен бе, батырым? Асықпайсың ғой, өзің! Ашу мен ызаны тас түйілген жұдырығына жинаған Қайсардың езуіне көбік ілінді.
— «Ақырын жүріп, анық бас» , — деп кітапқа жазылған.
— О, бәле не дейді менің батырым!
Қақпақ жауырынды еңгезердей еркек баласына таңдана қарады. Қабағын тарс түйген Қайсар терезеден сыртқа бетін берген күйі мелшиіп тұр. Шартабақ күннен жүзін әлсін-әлсін бұрса да, самаладай мол жарыққа ынтық.
— Әке, әке күннің құлағы қылтиды, — деді бала кенет аңқылдай қуанып.
Таудың аңғал-саңғал аңғарларының көрпесін бар-ған сайын белдеп, иықтаған жарықтың тірлігіне мәз.
Самұрық құздардың әлде бір тұстары лағыл тастардай жылтылдап салды.
— Папасы мен баласы жарасып кетіпсіңдер…
Ақжарқын әйел даусы естілді. Екі бетінен қан тамған, орта бойлы, сұлу пішін, жылы жүзді, ұршық-тай дөңгеленген әйел қарсы адым жерде тұр. Ұзын кірпігі дірілдеп, мөлдір қара көздері жарқ-жұрқ етеді.
— Сендерді бір таңғалдырайын. Жүріңдерші! — деді төсін тепкен қос омырауынан әлсін-әлсін сырғи берген, желбегей жамылған халатының өңірін қымтап.
— Сюрприз…
Қайсар да әкесі де елең етіп, бір-біріне қарады.
— Байғазысын дайындаңдар!
— Е, мақұл, — деді әкесі баласына көзін қысып.
— Сендер сәл аялдаңдар. Міне, мына жерге отырыңдар. Мен қазір.
Шамасы шешесі алдын-ала бәрін дайындап қойған сияқты. Төpгі үйге кіріп кетті де, әкелі-балалы екеуі күтіп қала берді. Жүздерінде таңданыс. Шешесінің тірлігі жұмбақ. Әкесі Қайсарға бұрылды да иегімен шешесі енген бөлменің есігін нұсқады. «Бұл не істеп жүр?» деген сұрақ. Баласы да күлімсірей басын шайқай үнсіз жауап қатты. Келесі сәтте есік айқара ашылып, еуропа үлгісімен киінген әйел көрінді.Ықшам денесіне қайқы тұмсық, сұр түсті ұзын өкшелі етік, оқтай түзу балтырына жараса кетіпті.Тізесінен сәл төмен, етегі дөңгеленген қара бұйра ішікпен түстес дөңгелек бөрікті қисайта киіпті.
— Прелесть, — деді әкесі дауыстап жіберіп.
— Мынау менің әйелім бе?!
Қайсар аңырап қалды.
— Сол, соныкі, солардікі. Адамдар неге сүйкімді қозыны жақсы көрмейді. Шешесін көзімен ішіп-жеп орнынан тұрып, ұмтыла беріп…
Көзінің алды қарауытып, қолын алға соза бере, теңселе басып ұшып түсті. Одан арғысы қара түнек дүние. Оң иығына аунап түсіп, аузынан көбігі ағып, аузы жыбырлай береді.
— Сол, — деді сыбырлап, солардан аумайды.
. . .
P.S. Түн бойы Қайсар түс көріп, аласұрып шықты. Қарақұмдағы адамдарға ұрысты.
«Адамдар. Неге оңбаған жыртқыш қатігезсіңдер»? — деп тісін шықырлатты.
Енді бір сәтте ыңылдай бастады:
Ақ маңдайлы ай ма екен?
Шекер ме екен, бал ма екен?
Жүрмін соны сағынып,
Қошақаным қайда екен?..
Ән талмаурап барып бiткенде анасына зілдене қарады да, көзін жұмып алды. Анасы баж етті.
— Құдайым, сақтай гөр, жалғызымды! — деп еңіреп жіберді.
Түрегеп тұрған әкесінің көзінен бір тамшы жас жерге үзіліп түсті.