Қос басылым жаңа дәуірге қадам басты

Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің жарық көргеніне 30 жыл, республикалық балаларға арналған «Мөлдір бұлақ» журналына 20 жыл толып отыр. Осы айтулы мерекеге байланысты Алматы қаласы Ұлттық кітапханада 23-қыркүйекте, «Тілдер мерекесі» қарсаңында салтанатты шара өтті.

Жиналысқа Астанадан, облыстардан арнайы қонақтар келіп қатысты. Алматыдағы зиялы жұрт өкілдері, басылымдардың жауапты басшылары, қаламгерлер қауымы, ақпарат саласының өкілдері қатысты. Жиналыстың тізгінін қолына алған «Заң» медиа корпорациясы, ЖШС басшысы Досымбек Өтеғалиев жиналған топтың назарын бір ортаға шоғырландырып, «Қазақ баспасөзі: бүгіні және ертеңі» атты ғылыми конферецияның басталғанын жариялады.
Алғашқы болып, «Qazaqstan dauiri» ЖШС бас директоры, ҚР Еңбегі сіңген қайраткері Сәуле Мешітбайқызына сөз берді. Осы шараны ұйымдастырудың басында жүрген, бүгінгідей қиын кезде жол тауып, жоғары мен төменді үйлестіріп көпті бір орынға тоғыстырған Сәуле Мешітбайқызы газеттің жарық көру тарихына шолу жасай келіп, осы 30 жыл бойы үздіксіз жарық көріп келе жатқан басылым туралы тоқталды. Еңбегі сіңген елеулі адамдар мен ұмытылмас сәттерді, газет көтерген, жөнін тапқан мәселелерді еске алды. Ең әуелі «Zaman-Қазақстан», онан «Қазақстан-Zaman», артынан «Qazaqstan dauiri» болып аты өзергенімен заты тәуелсіз отанның мүддесіне тынбай еңбек етіп келді. Онан кейін газеттің аясында 2002-жылы өмірге келген балалардың басылымы «Мөлдір бұлақ» журналы жөнінде жақсылап жеткізді. «Алтын жұлдыз» сыйлығының иегері атанған журнал Қазақстанның түкпір-түкпіріне жетіп, оқушылардың сүйікті басылымына айналды. Осылайша отандық баспа өнімдерінің қатарында қанаты талмай келе жатқан қос басылымның ақпарат кеңістігінен орын алғанын мақтаныш етті.


Онан ары қарай, газеттің 2001-2005 жылдар бас редакторы болған, бүгінгі таңда «Президент және Халық» газетінің президенті Марат Тоқашбаев мырза сөйледі. Қоғам қайраткері Дос Көшімов, Қазақ газеттерінің басшысы Шамшидин Паттеев, «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай қатарлы кісілер өз ретімен баяндамаларын жасады. Жиынның екінші бөлегі отыз жылдың қарсаңында жарық көрген 23 баспа табақ болып басылған «Ұлт шырағы» топтық жинақ пен 38 баспа табақ көлемінде көпке жол алған Сәуле Мешітбайқызының «Намыс қайрағы» атты публистикалық, ой-толғау мақалар кітабының таныстырылымы жасалды. Қос кітап тойға шашу, отыз жылға есеп ретінде көпшілікке таратылды. Сөз алған газеттің бас редакторы Ертай Айғали осы екі кітаптың мазмұнымен таныстырып, бұл шараның отыз жылда алғаш рет жасалып жатқанын жеткізді. Қолымыздағы кітап отыз жылдан сыр шертетін шежірелік сипаттағы тарихи еңбек екенін баса айтты.


Жиналыстың үшінші бөлігінде мемлекеттік, облыстық арнайы құттықтауларды көпшілікке жеткізді. Ақпарат және қоғамдық даму мінстрлігінен келген арнайы өкіл Қанат Ысқақов өз кезегінде, ҚР мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың арнайы құттықтауларын оқып берді. Жалғасты түрде облыстардан келген делегаттар құттықтау хаттары мен сый-сияпаттарын берді. Осылайша Астана қаласы Мәслихатының хатшысы Е.Е.Қаналимовтың, «Аманат» партиясының атқарушы төрағасы Асқат Ораловтың, Алматы қаласының әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевтың құттықтау хаттары жеткізілді. Арнайы өкіл Қанат Ысқақов мырза онан ары Газет пен журналдың қызметкерлері Дәулетбек Байтұрсынұлына «Ақпарат саласының үздігі» төсбелігісі мен куәлігін, Лияззат Қажымова мен Гүльфия Елемесоваға мінстрліктің «Құрмет грамотасын» тапсырды.

 

Аға бер, «Мөлдір бұлағым»!

Алысқа жетсін жыр-әнің,
Жайқала берсін құрағың.
Құт болып кірдің әр үйге,
Серігім, «Мөлдір бұлағым»!

Қалалар, ауыл картада,
Оқиды ұл-қыз, қарт ана.
Құс болып ұшып тарайсың,
Атырау, Алтай, Арқаға.

Үйлерді Рух боп аласта,
Мыңдаған сәби, бала аз ба?
Күтеді ұл-қыз сағынып,
Өскемен, Шымкент, Таразда.

Көп жылдар жылжып өтсе де,
Тарай бер ғасыр кетсе де.
Ай сайын күтіп жүр сені,
Ақтөбе, Орал, Көкше де.

Зиялы ұрпақ, жас дана,
Оқырмандарды тастама.
Қолдардан-қолға таратар,
Алматы, Ақтау, Астана.

Ұрпаққа қызмет – ұраның,
Тілекшің болып тұрамын.
Ұлдар мен қыздар кәусары,
Аға бер, «Мөлдір бұлағым»!

Саят Қамшыгер,
ақын, «Серпер» сыйлығының лауреаты, ҚР Ақпарат саласының, ҚР Мәдениет саласының үздігі

 


Конференция қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға Қазақ баспасөзі мерізімді басылымдары басшыларынан 15 адамның қолы қойылған Ашық хаты мақұлданып, Астанаға жолданатын болды. Келесі кезекте ерікті жарыс сөзге уақыт беріліп көкейде жүрген көп әңгіме ортаға түсті. Соңында газеттің бас редакторы Ертай Айғали мен журналдың бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы басылым туралы, бүгінгі конференция жөнінде жинақтай келіп жиналысты қорытты.
Жиналыс үстінде сөйлеп үлгермеген, мекемеге арнайы сыйлықтарымен келген қонақтар салтанатты дастарқан үстінде Сәуле Мешітбайқызы мен ұжымды құттықтап, құрмет көрсетті. Осылайша мазмұнды, жүйелі өткен іс-шара «Qazaqstan dauiri» еліміздің ақпарат кеңістігінде өз орны бар басылым екенін көрсетті. Өткен отыз жыл бойы өзінің өткірлігімен, ақиқатты айтатын турашылдығымен, мінезді газет екенін дәлелдеп келді. Қазақстан өміріндегі барлық қоғамдық өзгерістер мен оқиға ортасынан табылып отырды. Ол билік пен халықтың арасында алтын көпір бола біліп, алғашқы тәуелсіздіктің елең-алаңында өмірге келген басылым бола жүріп, елдің ертеңіне, ұлттың дамуына, тілдің орнығуына қызмет етті. Қаншалаған басылымдар ашылды, қаншасы уақыттың сынынан өте алмай жабылды. Ал, «Qazaqstan dauiri» мен «Мөлдір бұлақ» болса, уақыттың тезінен өтіп, желкенін жайып қазақ қоғамының үні болып келе жатыр. Ол шынында «Ұлт шырағы» деп айтуға тұратын басылымға айналып үлгерді. Газет көтерген мәселелер жоғарының назарын аударып қисайғанды түзеп, үзілгенді жалғап отырды. Төмендегі бұқара мұңын шағатын, жоғарыдағы билік ескере қарайтын «Қоғам Айнасына» айналған басылым болып, ақиқатқа жаршы мемлекетіміздің дамуы мен тұрақтылығына адал қызмет етті.
Газеттің тарихи шежіресіне көз салсақ, Қалтай Мұқамеджанов 1992-1994 жылдар, Болат Бодаубаев 1994-1995 жылдар, Жұмабай Шаштай 1995-2000 жылдар, Марат Тоқашбаев 2001-2005 жылдар бас редакторлық міндет атқарған екен. 2005-жылдан бері 17 жыл бойы Ертай Айғалиұлы газеттің шылбыр-тізгінін ұстап келе жатыр. «Мөлдір бұлақ» журналында алғашқы редактор болып Марат Тоқашбаев және оның көмекшісі Сумейра Авжы қызмет етіпті. Онан кейінгі жылдарда журналист Раушан Каршалова ханым, Бұл кісілердің ізі 2002-2005 жылдарда жатыр екен. 2005-2018 жылдарда ҚР мәдениет қайраткері журналист Жанастан Кучукова бас редактор болды. 2018-2021 жылдарда ҚЖО-ның мүшесі, ақын, «Серпер» сыйлығының иегері Саят Қамшыгер бас редактор болып қызмет етті. Журнал 2006-жылы ақпарат саласында топ жарып «Алтын жұлдыз» сыйлығына ие болды.
Осынау жылдарда директорлықты атқарып отырған Ерсін Деміржі, Ахмет Алияз, Серкан Хастүрік секілді түрік ағайындардың атын атауға болады. Соңғы 14 жыл бойы осы мекемеде қызмет етіп алғашқы жеті жылын директордың орынбасары болып, соңғы жеті жылын бас директор болып өткізіп келе жатқан Сәуле Мешітбайқызының еңбегін ерекше айтуға болады. Экономиканың тұралаған кезінде, қағаздан оқу қаға берісте қалып, интернет жайлап, экранға телмірген тұста жан-жақтан анталаған қиындықтардың қыспағынан аман есен өтіп жұмысты жалғастырып келеді. Бүгінгі қазақ қоғамында «Еланасы» деген атқа ие болып, Қазақстанның ақпарат саласына өз атын жазды. Қоғам қайраткері, мемлекеттік тіліміздің жанашыры, әлсізге жақ, шындыққа жаршы болып көзге түсті. Міне, осы жолғы салтанатты іс-шараның ойдағыдай өтуі де, Сәуле Мешітбайқызының айналасына топтасқан коллективтің жұмылған жұдырықтай еңбек еткенінің нәтижесі деуге болады. Бұл атаулы мереке «Qazaqstan dauiri» мен «Мөлдір бұлаққа» ғана тән емес. Тұтас қазақ баспасөзінің жетістігі. Ол демократиялық үрдістердің өркендеуі мен тамыр жаюына талпынып келе жатқан күрескер басылымдарға айналды. Қоғамдық сананың өсуіне өз үлестерін қосып келеді. Міне осындай тарихи кезеңде қазақ балаларының досына айналған балалар журналы «Мөлдір бұлақта» жаңа Қазақстанның жарқын болашағына қадам басты.

Дәулетбек Байтұрсынұлы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі

ПІКІР ЖАЗУ