Көмілмес еткен ісім
Қысқы каникулда Алматыға бардым. Ұшақтан түсіп, әуежайдан шыға салысыммен, әкем күтіп тұр екен, бас салып бетімнен сүйіп жатыр. Сағынып қалыпты.
– Ақбота, қызым, қарның ашып қалған жоқ па, шешең үйде ет асып күтіп отыр өзіңді, – деп сөйлеп келе жатыр әкем жол сөмкемді қолына алып.
– Жоға, әке, ұшаққа мінердің алдында апамның дәмді бәлішіне әбден тойып алғам, қарным тоқ, – дедім күліп.
– Онда қалада бір жерге кіріп шығатын жұмысым бар еді, сен асықпасаң, сол жаққа соғып, содан соң үйге барсақ, қалай қарайсың? – деді әкем әуежайдың тұрағында тұрған мәшінесінің есігін ашып жатып.
– Әрине, әке, жұмысыңды бітіріп ал, мәшінде отыра тұрамын ғой!
…Қаланың ортасына келген соң әкем әлдебір ғимаратқа кіріп кетті де мен көлік ішінде жан-жағыма самарқау қарап отырғам. Кенет жолдың арғы бетіндегі, алып шыршалардың алдында, постаментте қолына таяқ ұстап тұрған, ұзын плащ киген адамның ескерткішіне көзім түсті. Мен еріксіз назар аудара бастадым. Еңселі, әдемі екен. Қоладан құйылған сияқты.
Ширек сағат өтер-өтпесте әкем келді күлімдеп. Көңілді.
– Жұмысың бітті ме, әке?
– Иә, алтыным, бітті. Енді үйге тартайық!
– Әке, анау ескерткіш бұрын жоқ сияқты еді ғой, кімге арнап қойған екен? –дедім жолдың арғы бетіне қолымды сілтеп.
– Ә, ол былтыр Ахмет атаңа арнап қойылған ескерткіш, – деді әкем көлігін от алдырып жатып.
– Ахмет Байтұрсынұлына ма?
– Иә.
– Ғажап ескерткіш қойыпты, ә, көріп келейікші, әке! – дегенім әлгі жерде қызығушылығым оянып.
– А, көрейікші дейсің бе? – деп әкем сәл аңтарылып қалып. – Жақсы, балам, жақсы, қазір, – деді сосын көлік моторын өшіріп жатып.
Екеуміз шағын сквердің ішіндегі шыршалардың алдындағы, биік, алып ескерткішке келіп, біраз уақыт қарап тұрдық. Ахмет атамның оң қолына таяқ, сол қолына кітап ұстатыпты. Жүзі салмақты, ойлы. Көзінде пенсне, жалаң бас. Галстук, үштік костюм, үзын плащ өзіне керемет жарасып тұр. Мүсінші шын шебер екен. Сүйсіндім.
– Ботай, балам, ақыры келіп қалған екенбіз, Ахмет атаңның мына жерде тұрған музейіне де кіріп шығайық екеуміз, – деді әкем енді маған ұсыныс жасап.
Музей бір жарым ғасыр бұрынғы үй екен. Әлбетте, кейінгі заманда талай жөндеуден өткен. Музей меңгерушісі, Райхан деген апай, орта бойлы, ақсары кісі екен, өзі бастап жүріп үш-төрт бөлмені аралап көрсетті, ұлы адамның өміріне, ағартушылық, қаламгерлік, қайраткерлік істеріне қатысты заттармен, құжаттармен таныстырды.
Ол кісінің өмірі туралы айтып берді. Сүйтсе, Ахмет атам алты жыл түрмеде болып, айдаудан Алматыға келіп, 1934 жылдан 1937 жылға дейін үш жыл осы үйдің подвалындағы бір бөлмені ғана жалдап тұрған екен. Репрессия кезінде, Ахмет атамды 1937 жылдың күзінде қызыл өкімет атып тастапты.
Өмірінде көрмеген азабы болмапты. Үш рет түрмеге отырған, талай ажалдың аузынан қалған. Бірақ, Райхан апайдың айтуынша, қазақ халқына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. 1912 жылы қазақтың алғашқы әліппесін, мектеп оқулықтарын жазған, жаңа әліпби жасаған, сол әліпбимен 1913 жылы «Қазақ» деген, атақты газетті шығарған, 1917 жылы алғашқы қазақ автономиялық республикасы Алаш-Орданы құруға, кейін Қазақ совет республикасын құруға атсалысқан, алғашқы қазақ институтын ашқан, кейін Мәскеумен келісім жүргізіп, бірнеше азаматпен бірге қазіргі Қазақстан мемлекетінің шекарасын сызған, «Әдебиет танытқыш» деген әйгілі еңбегін жазған. Содан соң ұлтшылсың деп 1928 жылы тұтқындап, Сталин өкіметі соттап жіберіпті.
Райхан апай Ахмет атамның «Ой» деген өлеңін оқып берді:
Мен өлсем де, өлемін жөнімменен,
Тәннен басқа немді алар өлім менен?!
Өлген күні апарып тығары – көр,
Мен жоқ болам көміліп тәнімменен.
Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін.
Тағдыры ауыр болыпты. Қаншама еңбек атқарса да, ит тіршіліктен қызық көрмеген сияқты. Баласы болмапты. Айдаудан Алматыға келген соң ауру әйелін баққан. Жұмыссыз отырған. Күн көру үшін темір жол вокзалында жүкші болған.
– Ахмет атаңның баласы қазір – өздеріңсіңдер, қызым, – деді Райхан апай. – Қазақтың бәрі – сол кісінің ұрпағы. Өзі де өлеңінде айтып тұр ғой «менікі ертең үшін» деп. Қазақ халқының ертеңі үшін қызмет еттім деп. «Тән көмілер, көмілмес еткен ісім» дейді. Міне, қазақ барда еткен ісі, жасаған қызметі ешқашан көмілмейді!..
– Иә, Ботай, ағартушы атаң сендер оқысын деп армандап кеткен. Оқы, балам, өмірде ұлы мұратың болуы керек, соған ұмтыл, – деді әкем қайтарда. Қолы рөлде, көзі жолда.
Тамағыма тас тығылып, Ахмет атайды аяп кеттім.
Жарты сағаттан соң шешемнің баппен асқан етін жеп, айтқан әңгімесін тыңдап отырдым. Бірақ «Ой» деген өлең ойымнан кетпей қойды.
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ,
жазушы,
халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты