Көктемді жырлау

Жыл мезгілінде көктем ерекше. Қар кетіп, күн жылып, қызғалдақтар көз жауын алғандай құлпырып, құстар қиқулап, төрт түлік мал төлдеп ғажайып шақ туады. Көктем туысымен жер жыртылып, егін егіледі. Күз кезінде жайқалып сап-сары алтындай бидай масағы сыбдыр қағады. «Көктемгі күн – жылға азық» деген сөз текке айтылмаса керек. Абай ақынның «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей», деген жыр жолдары да еткен еңбек өз жемісін беретіндігін еске түсіреді ғой. Ал, біздің бүлдіршіндер көктем тақырыбын қалай жырлаған екен? Енді сол жайлы айталық.

Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылы Ә. Жәмішев атындағы қазақ орта мектебінің 5 «Б» сынып оқушысы Айзат Жарылқасынова «Көктем» өлеңінде:
Көктем, көктем, көктем-ай,
Құлпырдың ғой көктеп-ай.
Құстар жылы жаққа кеп,
Сайрайды ғой бір тынбай…
Айзат бір шумақ өлең арқылы өзінің көктемге деген сүйіспеншілігін айтып бере алған. Әсілі өлеңді шұбылтпай қысқа жазуға талпыну дұрыс.
Алматы облысының Жамбыл ауданы, Қазыбек би бекетінен жазған Балжан Бегдіжігітқызы «Кемпірқосақ» өлеңінде:
Кемпірқосақ қандай сұлу қарасаң,
Боялыпты алуан түспен санасаң.
Қандай ғажап табиғаттың тылсымы
Көңілімнің жайлауына жарасқан, — деп көктем кезінде күн күркіреп, аспанда жасын ойнаған соң пайда болатын кемпірқосақты біршама сәтті жырлауға талпынған.
Атырау облысы, Индер ауданы, Құрылыс ауы-
лынан жазған 5-сынып оқушысы Ақбөбек Қайратқызы:
«Көгімде көкшіл аспан,
Көп гүлдер жерді басқан.
Жемістер күзде пісіп
Береке асып тасқан» — деп көктем мезгілінің байлық пен берекенің басы екенін жазған.
Өкінішке орай, Көктем жайлы қалам тербеген көптеген авторлар қалай болса солай жаза салған.
«Көктем келді, халайық,
Бәріміз қарсы алайық» — десе бірі, Павлодар облысы, Ақсу ауданы, Жолқұдық ауылынан жазған 11 «А» сынып оқушысы Ертемір Махмұтұлы:
«Бұлт суын (?) түкірді
Қара, қызыл, көк шатырлар
Әрі-бері жүгірді» деп, түйдектете салған. Өлеңді жеңіл-желпі жазбай, ойланып, толғанып, көркеми тілмен үйлесімді ұйқас, буын, ырғақпен жазған абзал.
Мәселен, Алматы облысының, Райымбек ауданы, Сарыжаз орта мектебінің 6 «А» сынып оқушысы Оразбай Ілияс көктемді бір ғана шумаққа сыйғызып, жазуға талпынған:
Ару көктем,
Шуақ төккен.
Сулар ағып,
Құстар жеткен.
Мұнда көктем кезіне тән көріністердің бәрі көрініп тұр. Ілияс өлеңді қысқа да нұсқа жаза берсе құба-құп.

ПІКІР ЖАЗУ