Қоғамдық дамудағы рухани қажеттіліктер
Тіршілік пайда болғаннан бері үздіксіз алға өрлеу үрдісі жүріп келе жатыр. Егер де тіршілік өз дамуын тоқтатса, даму да тоқтайды. Сондықтан даму тек адамзатқа емес, жалпы тіршілікке маңызды фактор болып табылады. Адамзат басқа тіршілік иелеріне қарағанда, қарқынды дамуымен ерекшеленеді. Біздің дамығанымыз соншалық, қазіргі таңда көптеген қауымға бөлініп, бір-бірімізбен даму арқылы жарысып отырмыз. Біз бен сіз де осы дамуға аз болсын өз үлесімізді қосудамыз.
Әрине бәріміз тыныш әрі жақсы өмір сүргіміз келеді. Сол арман өмірге жеткіміз келсе, еліміздің даму деңгейі жоғары болуы тиіс. Жақсы өмір сүру үшін әлемдегі әр мемлекет дамып, биік шыңдарды бағындыруға тырысып жатыр. Біз де қалыспай дамушы елге айналып, қазір белсенді даму үстіндеміз. Билік болашаққа «Қазақстан-2050», «Рухани жаңғыру» сияқты жарқын мақсаттар қойып, дамыған елдер қатарына кіруге бет бұрды. Бірақ еліміздің дамуына тек билік емес, халық та жанталасып жұмыс жасау қажет. Халықтын дамуын жалпы «қоғамдық даму» дейміз. Қоғамның даму деңгейі елдің дамуына үлкен ықпалын тигізеді. Қоғам дамымай ешқашан ел дамымайды. Себебі елдің өзі қоғамнан тұрады. Сондықтан да қоғамдық даму елдің дамуына өте маңызды фактор десек болады.
Меніңше қоғамдық дамудың ең басты заңдылығы ол қоғамның рухани қажеттіліктері, қоғамның патриотизмі және отанға деген сүйіспеншілігі. Елді тек өз Отанын шынайы сүйетін адам дамыта алады. Адамда Отанға деген махаббат сезімі болмаса, қалай елге оң әсерін тигізе алады? Сондықтан да қоғамдық дамудың басты заңдылығы – халықтын рухы. Ал еліміз қаншалықты рухани дамыған? Шыны керек біз, яғни жастар өз тілімізде емес, өзге тілде сөйлеп, салт-дәстүр, әдеп-ғұрыпымызды ұмытып, Европаға еліктейміз. Қазақстанның болашағы – жастар деп ұрандатқанымызбен, өз ұлттық құндылығымызды ұмыту өте ұят нәрсе. Отанға деген махаббат рухани құндылығымыздың арқасында ғана дамиды. Рухани немесе ұлттық құндылық дегеніміз өзіміздің тіл-мәдениетіміз, әдет-ғұрыпымыз, тарихымыз. Егерде біз өз құндылығымызды ұмытсақ, өзімізді ұлт ретінде де ұмытамыз. Қазірдің өзінде көптеген салт-дәстүрлеріміз ұмытылып кеткен. Қоғамның дамығанын қаласақ, рухани құндылығымызды қолға алып әрі қарай дамыту жолдарын қарастыруымыз керек.
«Рухы мен намысы сөнген ел – өлген ел». Еліміздің нығайып, дамуына өзімізге тән рухани құндылығымыз үлкен үлесін тигізеді. Әр елдің өз ерекшеліктері бар, әр елдің өз тарихы бар. Рухани құндылық тікелей тарихпен байланысты. Рухани құндылықты ұмытқан, тарихты ұмытқанмен тең. «Өзіңді-өзің тану тәрізді, тарихты танып, білу де, қазіргі даму процесіне аса қажет үрдіс. Ол болмай қоймайтын жоғалтулар мұңын тереңірек сезінуге мүмкіндік береді, сонымен бірге прогреске кең жол ашады» деп еліміздің біртуар қайраткері Олжас Сүлейменов ағамыз бекерден бекер айтпаған. Еліміздің де, өзіміздің де болашағымыз үшін өз тарихымыз бен әдет-ғұрыпымызды сақтап, рухымызды жоғалтпайық!
Нұрасыл Қалибек,
Астана қаласы,
Абай атындағы
87 мектеп-гимназиясының оқушысы