Кітапқұмар адам көштің соңында қалмайды
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-публицист, Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Файзоллаұлы Ғұбайдуллинмен сұхбат.
– Бауыржан Файзоллаұлы, сіз Ұлттық құрыл-тайдың мүшесісіз. Биылғы Түркістанда өткен екінші Ұлттық құрылтайда өзіңіз Президенттің кітап оқуға мән беру қажеттігі, кітапханалардың жұмысын жақсарту, тіптен 24 сағат бойы қызмет көрсететін Президент кітапханасын салу керектігі жайында айтқан ой-пікірін естіп қайттыңыз. Белгілі қаламгер, әсіресе, балалар жазушысы, облыстық газеттің бас редакторы ретінде сіздің осы бағыттағы пікіріңізді білсек деймін?
– Пікірім оң. Мұндай бастаманы мемлекеттік деңгейде көптен күтіп жүрдім және бұл міндетті түрде мемлекет тарапынан жүзеге асырылуы тиіс баянды бастама деп ойлаймын. Өкімет бастап, халық қолдап отандастарымыздың интеллектуалдық деңгейін көтеру үшін жүйелі түрде қолға алып, біраз шаруаны жүзеге асыру керек. Өйткені, парасатты қоғамды парасатты халық ғана қалыптастырады. Ол үшін біз кітап оқуымыз шарт. Қазір ақпаратты әлеуметтік желіден аламыз деген көзқарас белең алып тұр. Дегенмен, әлеужеліде қысқа ғана ақпарат беріледі. Ал, көркем әдебиет, сонымен қатар газет-журналдардағы талдамалы жанрда жазылған сараптама, аналитикалық мақалалар үлкен-кішінің ой-өрісін кеңейтеді, іргелі дүниетанымын қалыптастырады. Сондықтан біз бұрынғыдай кітап оқитын халыққа айналуымыз керек. Кітап оқу, көркем әдебиет адам баласының жан-жақты жетілген тұлға ретінде қалыптасу жолындағы ең негізгі, ең ықпалды қоғамдық институттардың бірі.
– Бауыржан аға, біздің білуімізше сіз қазір жиен көрген, немере күтіп отырған атасыз. Қазіргі ата-әжелер немере-шөберелеріне жаппай ертегі айта ма? Жалпы, қазіргі қоғамда жас ұрпақты ертегіге иландыра аласыздар ма?
– Ертегі айтылуы керек. Ертегі – әр халықтың фольклорының, ауыз әдебиетінің асыл қазынасы. Сәби кезінен әдеби уызға жарып өскен адам ойлау көкжиегі кең, дүниетанымы ауқымды тұлға болып қалыптасады. Ата-әжесінің тәлім-тәрбиесін көрген бала кішкентайынан көптің қамын ойлауға дағыланады. Себебі, батырлық, елжандылық, қайырымдылық сынды асыл қасиеттер ертегі, аңыз әңгіме, батырлар жырының ұнамды кейіпкерлері арқылы санаға сіңеді. Әрине, қазіргі таңда өзімде байқап жүрмін ертегі, аңыз, әртүрлі қиссаларды оқып, әңгімелеп беретін ата-әжелер өте сирек. Бұл құптайтын құбылыс емес. Демек, көпшілік ата-әженің әдеби тұрғыдан таным-түсінігі тайыз деген сөз. Егер әр ересек адам мүдделілік танытса, бұл ағаттығын, кемшілігін түзей алады.
– Балаларға арналған мультфильмнің дені орыс тілінде. Баланың тілі ана тілінде дұрыс шығуы үшін осы жайттар кедергі келтірмей ме?..
– Өз ана тіліндегі балдырғандарға арналған көркемдік деңгейі жоғары әдеби шығармалардың аздығы балдырғандардың дүниетанымдық көзқарасының қалыптасуына салқынын тигізеді, әрине. Бала ана тілінің уызына қаршадайынан жарып тәрбиеленуі керек. Соның ішінде мультфильмнің баланың таным-түсінігін кеңейтуге, айналасына қамқор болып қалыптасуына әсер-ықпалы зор. Өз ана тілімізде, мемлекеттік тілімізде түсірілген сапалы мультфильмнің аздығы балалар жазушысы ретінде мені қатты қынжылтады. Өзімнің шығармашылығымда менің ойымша, оқиғасы мультфильмге сұранып тұрған әңгіме-мысалдар баршылық. Оны мен республикалық газеттерге берген бұрынғы сұхбаттарымда да айтқан болатынмын. Бірақ, оған көңіл бөліп, назар аударып жатқан мультфильм түсірушілер өкінішке орай әзірше төбе көрсетер емес. Мысалы, менің «Кішкентай «Карлсон» деген әңгімем бар. Карлсон – әйгілі «Шатырда тұратын Карлсон» деген мультфильмінің басты кейіпкері. Бұл мультфильм швед жазушысы Анна Линдгренннің шығармасы бойынша түсірілген дүние. Ал менің шығармамның басты кейіпкері бес жасар Шыңғыс деген балақай. Ол «Шатырда тұратын Карлсон» деген мультфильмді көргеннен кейін әкесіне келіп өтініш айтады.
– Көке, маған Карлсонның арқасындағыдай вентилятор орнатып беріңіз, – дейді Шыңғыс. Әкесі аң-таң.
– Оның саған не керегі бар, балам-ау?
– Апам нан-сүтке жұмсағанда дүкенге ұшып барып келемін?
– Сосын?
– Сізге жұмысқа түскі ас апарып беремін.
– Сосын?
– Сосын, ата-әжем ауырып қалғанда лезде дәрі әкеліп беремін, – дейді бес жасар балдырған. Әкесін баласының жауабы, дәлірек айтқанда, балақайдың жақындарына деген жанашырлығы сүйсіндіреді…
Қазіргі балалар қарайтын мультфильмдерді өз басым қабылдай алмадым. Соғыс, атыс-шабыс ұрыс-керіс, айқай-шу баланың психологиясын бұзады. Мұндай мультфильмдерді қараған балалар ызақор, қатігез, жатбауыр болып өсетіні айдан анық. Сондықтан отандық анимациялық фильмдер өндірісін жүйелі жолға қою қажет. Бүгінгі балалар үлкен ынта-ықыласпен қарайтын, отандық мультфильм нарығын дереу дамытуымыз керек.
– Мектеп жасына дейінгі, мектеп жасындағы балаларға не жазып жүрсіз?
– Менің балаларға арналған шығармашылығыма зер салған адам балдырғандарға арнап адамгершілік, отаншылдық, еңбекқорлық, қайырымдылық, намыс-қойлық тақырыбында біраз дүние жазғаныма оңай көз жеткізеді. Балғын оқырмандарға бағытталған танымдық сипаттағы әңгіме-мысалдарым да баршылық. Менің «Ойыншықтар көтерілісі», «Намысқой азамат», «Шыңғыс-кірпияз», «Ақкербездің торғайлары», «Абзал-дың күшігі», «Ғарышкерлер», «Қонақжай Құтжол», «Қомағай шорағай» сияқты бірталай әңгімемді балдыр-ғандар сүйсіне оқығандығынан хабардармын.
– Сөз өнерін үйренсем, меңгерсем деп жүрген жеткіншектерге қандай аталық ақыл айтар едіңіз?
– Жалпы шешен сөйлеу, ойыңды айқын, жатық тілмен жеткізу қай мамандық иесіне де керек өнер. Мұрат-мақсатыңды ұғынықты жеткізе білу үлкен қасиет. Шешен сөйлей алатын адамды көшбасшы деуге де болады. Өйткені, ол ойын айқын жеткізе алу арқылы адамдарды белгілі бір мақсатқа, іргелі іске жұмылдыра алатын тұлға. Кімде-кім тең құрбысының алды, көшбасшы, яғни, айтқан сөзіне көпті ұйытып, соңынан еріте алғысы келсе, демек, ол қаршадайынан шешендік өнерге ден қойып, өз-өзін тәрбиелеуі қажет. Ол үшін көп оқу керек, әрі оқығаныңды зердеңе, жадыңа тоқу шарт.
– Жаманнан жиреніп, жақсыны үйрететін қандай кітаптарды оқуға кеңес берер едіңіз?
– Әр ұлттың фольклоры, әсіресе, өзімізге етене жақын қазақ ауыз әдебиеті жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге жетелейді. Оған қоса, өз басым бала кезімде белгілі балалар жазушысы Өтебай Тұрманжановтың «Адам адамға дос», Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», Аркадий Гайдардың «Тимур және оның достары» деп аталатын кітаптарын және Даниель Дефоның «Робинзон Крузо», Джек Лондонның «Мексика ұлы» атты шығармаларын, сондай-ақ балаларға арнап өндіріп жазған Қадыр Мырза Әли, Қастек Баянбаев, Машқар Гумеров, Нәсіреддин Серәлиев сынды біраз қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын көп оқыдым. Біз бала кезімізде оқуға кітап таппай қиналатынбыз. Ал қазіргі балалар бұл жағынан бізден әлдеқайда бақытты.
– Электронды кітап пен қағаз кітаптың қайсысын оқыған дұрыс?
– Мен электронды кітапқа бауыр баса алмадым. Электронды кітаптың болғаны дұрыс шығар, бірақ қағаз кітаптың қандай құдіреті, нендей қасиеті бар екенін тап басып айта алмаймын, сірә, бала кезден бауыр басқандықтан шығар, менің жаныма жақыны кәдімгі қағаз кітап. Бұл менің электрондық кітапты жоққа шығаруым емес, бәлкім мен бала кезімнен қағаз кітапқа үйір болғаннан осылай сөз саптап отырған шығармын. Қазақтың қабырғалы қаламгері Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам қылған – кітап, ал, адамзат қоғамы қылып қалыптастырған – кітапхана» деген қанатты сөзі бар. Сондықтан қағазы болсын, электрондығы болсын, жалпы, кітапты көп оқыңдар, айналайындар! Өйткені, кітап оқығаннан кем болған, көштің соңында қалған адам жоқ.
– Тағылымды әңігмеңізге көп рахмет, Бауыржан аға. Балдырғандарды жаңа шығармаларыңызбен қуанта бергейсіз!
Сұхбаттасқан: Назгүл САМАТОВА,
Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданы,
11 сынып оқушысы