ХХІ ғасырда ғылым мен технологияның өте жылдам әрі қарқынды дамуы IT-инновация мүмкіндіктері, blockchain технология, biqdata, diqital әлем, нейрожелілер және жасанды зерде (инттелект) сынды басқа да біз үшін жаңа ұғымдардың өмірімізге дендеп енуі жаңа дәуірдің басталуы десек те болады. Бұл жаңа дәуірдің басты шарты – сандық (цифрлық) технологияларды меңгеру арқылы бәсекеге қабілетті болу. Ал бәсекеге қабілетті болу үшін, адам бойында білім-ғылымға құштарлық, ақыл-ой еркіндігі, сана тазалығы, оқуға құмарлық, жалықпай іздену-зерттеу сынды қасиеттер болуы керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Біз, ең алдымен, жұмыстың негізгі бағдары мен басымдықтарын айқындап алуымыз керек. Қазір әлемде түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Геосаясат, экономика және қоғамдық қатынастар бұрын-соңды болмаған сын-қатерлерге тап болды. Ғылым саласы қаржы айналымы миллиардтаған долларды құрайтын алып индустрияға айналды. Технологиялық ірі корпорациялардың құны триллион долларға жетті. Нейрожелі және жасанды интеллект революциялық үдерістерге бастау болып жатыр. Соған сәйкес мүлде бөлек, жаңа өмір салты қалыптасуда, — дейді. Демек әлем өзгеріп, өркендеп жатыр.
Жаңа дәуір: ІV өндірістік революция басталды ма?
Жалпы алғанда, қоғам дамуының тарихы алдымен адам санасының, ақыл-ойының жетілуімен қатар, күнделікті өмірде жаңа технологияның қолданысқа енуімен үнемі өзгеріп, өркендеп отырады. Мысалға алғашқы қауымдық құрылыс кезеңінен бүгінгі дәуірге дейінгі адамзат өркениетінің ең негізгі өзегін адам ақыл-ойының дамуы нәтижесінде жасалған ғылыми өндірістік төңкерістің игіліктері құрайды. Сондай-ақ ғылыми өндірістік төңкеріс – тарихта өндірістік революция деп аталып, адамның қолымен жасалған ғылыми жетістіктердің қоғам өміріне араласуы арқылы өркениеттердің ауысуымен сипатталады. Яғни, өндірісте төңкеріс жасай алатын жаңа технологиялардың пайда болуы өндірістік революцияның орнағанын білдіреді. Бір сөзбен айтқанда, өндірістік революция (төңкеріс) кезеңдерге бөлініп, әр кезең әр қоғамның жаңа технологиялар негізінде, әсіресе адам еңбегінің жеңілдеуімен байланысты орнығады. IT маман, программист Тимур Бектур:
– Автоматизация, миханизация және мануфактуралардың ауылшаруашылығы мен қолөнерді жеңуі революцияның басталуы деп аталады. Өндірістік революция негізінен төрт кезеңге бөлінгенімен, нақты шекарамен белгіленбеген, бір-бірімен астасып жатыр, — дейді.
Тарихқа көз жүгіртсек, алғашқы (I) өндірістік төңкеріс дәуірі ХІІІ ғасырда Еуропа мен Англияда бумен қозғалғыш машиналар, көмір мен жанар-жағармай, тоқыма фабрикалары және жаппай механизацияның еңбек нарығына енуі арқылы орнады. Ал II өндірістік төңкеріс ХІХ ғасырдың ортасында Еуропа мен АҚШ-та мұнай, газ, іштен жану қозғалтқыштары мен автомобиль өндірісінің индустрияның негізгі қозғаушы күшіне айналғанымен белгілі. Одан кейін ХХ ғасырдың ортасында Еуропада, АҚШ-та, Кеңес одағында атом энергиясы, транзисторлар, микропроцессорлар және интернеттің пайда болуы, ғарышты игеру мәселелері әлемде технологиялық дүмпудің орын алуына себеп болды. Соның нәтижесінде алғашқы дербес компьютерлер, атом бомбасының жасалуы III өндірістік революцияның орнауын тездетті. Дүниежүзілік экономикалық форумның басшысы Клаус Шваб қазір біз ІV өндірістік революцияға дендеп ендік дейді. Ал ғалымдардың айтуынша, ХХІ ғасырдың басында Еуропа, АҚШ, Жапония, Қытай, Индия мемлекеттерінің жасанды зерде (инттелект), интернет құрылғылар, бұлт технологиясы, biqdata, AR/VR, 3D принтер, blockchain секілді жаңа технологияларға бетбұруы ІV өндірістік революцияның басталуы болып саналады.
Қазақ тілі жаңа ғылыми-технология тілін бағындыра ала ма?
Көріп отырғанымыздай, бүгінгі біз өмір сүріп отырған әлем ІV өндірістік революцияға аяқ басты. Бұл жаңа дәуірге қазақ елі, қазақ қоғамы дайын ба? Алдымен еліміздің бірнеше жоғары оқу орнында жасанды интеллект курсы оқытыла бастағаны туралы ақпаратқа сүйенсек, сандық технологияның жаңа тетіктерін меңгеру және жасанды интеллекттің маңыздылығы мәселелері біздің ғылым-білім саласына да енгізіле бастағанын білдіреді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы биылғы жолдауында жасанды интеллекттіні қолға алу бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек:
– Біз Google компаниясымен бірігіп қазіргі таңда 14 ЖОО-ның негізінде арнайы пилоттық курсты бастап жатырмыз. Ол егер сәтті қолданысқа енсе, келесі жылы бүкіл ЖОО-да жасанды интеллект сауаттылығы курсы оқытылатын болады. Студенттеріміздің жасанды интеллектпен жұмыс істей алуына жағдай жасаймыз, — дейді.
Осы орайда көзіқарақты көпшілікті алаңдатып отырған қазақша контенттің даму мәселесі қалай шешімін таппақ? Жасанды зерде (инттелект) қазақша түсіне ме деген мәселе туындайды. Осы саладағы сарапшы мамандардың айтуынша, Қазақстанда жасанды зердені қолдануда алғашқы нәтижелер қолға алына бастады. Әсіресе қазақ аудиториясына бағытталған қазақша онлайн форматтардың аяқ алысы жаман емес. Жақында Yandex браузерінде онлайн форматта кез келген контентті аударып, дубляждап беретін қызмет пайда болды. Егер бұл қызмет неғұрлым көбірек қолданысқа түссе, соғұрлым жасанды зерденің қазақша аудармасының сапасы жақсара түседі дейді сала мамандары.
Қазір көп айтылып жүрген қазақша контент тұтыну арқылы қазақ тіліне деген сұранысты арттыру мәселесі – бір күні күн тәртібінен алынуы керек және шешімін табуы тиіс. Өйткені қазақ тілінің болашағы қазақ тілді сандық әлемнің тегеуірінімен тікелей байланысты. Қазіргі таңда чат-боттар сөйлей бастаған заманда қазақ тілінің жаңа ғылыми-технология тіліне айналуына біз жауаптымыз. Қазақ тілінің болашағы біздің қолымызда. Қазақ тілі жаңа технология тіліне айнала ала ма деп қол қусырып отырмай, әрбір азамат ана тіліміздің болашағына үлес қосуы керек. Қазір де қазақ тілін жаңа ғылыми-технологиялар тілінде сөйлетуге білек сыбана кіріскен азаматтар жоқ емес. Ана тіліміз көштен қалмай жаңа дәуірге ақырындап қадам басып барады. Жақында Kazakh Named Entity Recognition атты қазақша аудионы мәтінге айналдыратын жасанды интеллектке негізделген қосымша жарыққа шықты. Бұған дейін, керісінше мәтінді оқып беретін функция қолданысқа енген еді. Жобаларды Назарбаев университеті жанындағы Жасанды интеллект пен ақылды жүйелер институтының ғалымдары әзірлеген (дереккөз turkystan.kz). Сонымен қатар бүгінгі таңда жасанды интеллектіні қазақша сөйлету бойынша басқа да бірқатар жұмыстар жүзеге асып жатыр.
Сұранысқа жауап бере алатын сапалы қазақша контент бар ма?
Жақында Қазақстан халқы ассамблеясының кеңейтілген отырысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: – Қазіргі таңда кез келген тілдің болашағы тікелей цифрлы (санды) әлеміне байланысты. Яғни тілдің цифрлық алгоритімін қамтамасыз ету оның тірі қалуының кепілі,- деген өзекті ойын айтты. Осы орайда Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Speech Lab ЖШС ынтымақтастық меморандумға қол қойып, қазақ тілін тануға қабілетті жасанды интеллектіні және сөйлеу синтезін дамыту бойынша бірлесе жұмыс атқара бастағанын да айта кетуіміз керек. Speech Lab – жасанды зердені еліміздің аудиториясына бейімдеу бойынша үлкен бастамаларды жүзеге асырып келе жатқан компания. Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабаева: – Speech Lab компаниясымен бірлесе қолға алынып жатқан бұл жұмыс – қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру бойынша атқарылып жатқан ең үлкен қадамдарымыздың бірі. Демек болашақта Siri, «Алиса», «София» сынды дыбыс көмекшілері қазақ тілінде айтылған барлық ақпаратты сапалы өңдеп, талдай алады. Бастама жүзеге асқаннан кейін мұны мемлекеттік мекемелер мен бизнес саласында да кеңінен қолдануға болады. Бұл қызмет көрсету саласын оңтайландыруға, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге мүмкіндік береді, — дейді. М. Жұмабаеваның айтуынша, мұндай үлкен жобаның сәтті жүзеге асуы үшін аса үлкен көлемдегі сапалы контент қажет. Ондай ауқымды контентпен «Тіл қазына» орталығы айналысады. Ал Саясат Нұрбектің айтуынша, «Тіл қазына» орталығы толыққанды лингвистикалық корпусымызды пысықтап жатыр. Лингвистикалық корпусымызды толыққанды цифрлық форматқа көшіріп жатыр. Google, Microsoft компанияларымен да келісіп жатырмыз. Қазақ тілі солардың виртуалдық көмекшілерінің, қазіргі жасап жатқан жасанды интеллектінің ішінде болуы керек.
Жасанды зерденің қаупі қандай?
Бірақ жасанды зерденің кез келген мемлекеттің сандық әлеміне дендеп енуі ішкі-сыртқы қауіпсіздік мәселесінде қатерлі болуы мүмкін. Өйткені жасанды зердеге мағлұматтар мен мәліметтер беретін biqdata аты айтып тұрғандай, үлкен деректер қоры. Онда (biqdata) адамдардың көп жылдардан бері жинақталған ақпарат қоры бар. Biqdata барлық ақпараттарды бір жерге жинақтап, оған анализ жасап, барлық салада адам айтса нанғысыз жетістіктерге қол жеткізіп жатыр. Адам сенгісіз жаңалық деп айтқанымызбен, бұл дүние жүзінде барлық салада қолданысқа енді. Әсіресе білім, медицина саласында төңкеріс жасап үлгерді де. Ал blockchain дегеніміз қысқаша айтқанда, әлемдегі барлық адамдар туралы жеке ақпаратты әлемдегі барлық жекелеген адамдардың компьютерінде, яғни орталықтандырылмаған инфрақұрылымда сақтауға қабілетті технология. Сондай-ақ биткойн, криптовалюта сияқты басқа да ұғымдар ІV өндірістік революцияның негізгі жетістіктерінің және шешімдерінің бірі болмақ. Ал ХХ ғасырдың ортасында пайда болған робототехниканың бүгінгі жетістіктеріне тоқталатын болсақ, қазір лабораторияда ғана емес, күнделікті тұрмыста қолдануға болатын роботтар жасалып жатыр. Бұл роботтар адамзатқа қызмет етеді дегенмен, оларды басқарушылар мен тұтынушылардың мақсаты басты роль ойнайды. Diqital ғалам қазіргі шынайы әлемімізден басқаша әлем, өзгеше кеңістік екені белгілі. Яғни виртуалды әлем. Виртуалды әлемде адам баласы қазірге дейін қиял-ғажайып саналып келген дәуірде өмір сүре бастайды және сүре бастадық десек те болады. Таңғажайып әлемнің басты ерекшелігі туралы Тимур Бектур қызық деректер ұсынады. Мысалы: 1. Жақын болашақта адамдардың 10 пайызы интернетке қосылатын киім киіп, құрылғы тағып жүреді. 2. Адамдардың 90 пайызы құжаттарын бұлтта сақтайды. 3. 3D құрылғысынан алғашқы автомобиль шығарылады. 4. Тері астына имплант жасауға болатын телефон өмірге келеді. 5. Жалпы автомобиль паркінің 10 пайызын автоном көліктер құрайды. Осы орайда цифрлы дәуір адамына не керек немесе diqital ғаламда адам қандай болуы керек, не нәрсеге дайын болуы керек деген заңды сұрақ туындайды. Бұл сұраққа мамандар кез-келген адам өзінің кәсіби айрықша белгілерін үздіксіз дамытуы, технологияларды үздіксіз меңгеруі, бірнеше тіл білуі және мамандық өзгертуге, басқа сфераға өтуге дайын болуы керек деп жауап береді. Сайып келгенде, адам өзін өзі дамыту арқылы diqital ғаламда бәсекеге қабілетті болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, diqital ғаламның, яғни виртуалды әлемнің тұтынушысы емес, оның игіліктерін басқарушы болуға ұмтылған абзал. Ашық ақпарат көздерінде SpaceX, Tesla басшысы Илон Масктың «Жасанды зерде кесірінен өркениетіміздің жойылуы – болуы әбден мүмкін сценарий. Ендеше оның алдын алу үшін мемлекеттердің рөлі өте маңызды» деп айтқаны туралы ақпарат таралып жүр. Сондай-ақ Илон Маск бұған дейін де жасанды зерденің жетілген түрлері тіпті апокалипсиске, ақырзаманға соқтыра алатынын мәлімдеп, АҚШ губернаторлардың ұлттық қауымдастығының жазғы жиынында да дәлелді болжамдар жасағаны белгілі. Өйткені санды әлемде шектеу жоқ екені. Онда этика, заң, қате ақпарат, нәсілшілдік, зорлық-зомбылық, жауыздық, қастындық деген секілді мәселелер де бар. IT маман Бауыржан Шалабеков: – Мета ғаламда шектеу жоқ. Яғни тіл, мемлекет, мәдениет, адамдармен қарым-қатынас сынды дүниелерге тыйым салынбайды. Егер сіз ағылшын тілінде сөйлемесеңіз, онда тілдесіп отырған досыңызға сіздің хатыңыз автоматты түрде аударылып, жіберіледі. Мета әлемде мектеп салып, онда тарих пәнін 3D форматта көре алады. Ал ондағы экономика – криптоволюта мен блокчейн жүйесі. Яки онда барлығы бақыланады. Елдегі IT компанияның бірі де арнайы портал ашқан. Онда 3 D форматтағы музей, конференция мен көрмелер енгізілген. Біз ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалу үшін музейлерді виртуалды әлемге енгізу қажет. Бұл әрине заман талабы, — дейді. Бауыржан Шалабековтың пікірінше, цифрлы (digitalera) дәуірдің талабы кез келген мемлекет ғылыми жаңа технологиялардың мүмкіндіктері мен игіліктеріне қосыла отырып, өзінің ұлттық, мемлекеттік бірегей, жеке дара ерекшеліктерін, рухани-мәдени мұралары мен тарихи ұлттық құндылықтарын, табиғи жаратылыс болмысын, менталитетін сақтауға, ата-баба жолынан, салт-дәстүр әдет-ғұрпынан айырылып қалмауы керек. Түп тамырына жалғанған өркениет қана мәңгі жасайды. Жаһанданудың ғаламдық үрдісіне жұтылып кетпейді. Бәрімізге белгілі Марк Цукерберг Facebook компаниясының атауын Meta деп өзгертті. Бұл туралы Марк Цукерберг: – Адамдарды біріктіру – біздің басты миссиямыз болып қала береді. Желінің бренді өзгертілмейді. Жаңа атау біздің жүріп өткен жолымыздан хабар береді. Енді біз тек Facebook болғымыз келмейді. Мен компанияны метағаламшарды әзірлеуші ретінде көргім келеді,- деді. Жоғарыда айтқанымыздай, IV өндірістік революция виртуалды әлемде адамдарды біріктіріп, олардың шектеусіз араласуы үшін бар мүмкіндікті жасауға әзір деген сөз. Иә ғаламды бір ғана тетік арқылы уысында ұстағысы келетін алпауыттардың жасап жатқан бұл ғылыми-технологиялық жетістіктерінің пайдасымен қатар, сақтана білмесе, адамзат баласына тигізетін залалы, қауіп-қатері де орасан зор болуы мүмкін. Әсіресе адамның психологиясына, мінез-құлқына әсері сұмдық болады деп болжайды. Тіпті виртуалды әлемде тұтасып, араласып кеткен адамдардың шынайы өмірде тым тасбауыр, бір-біріне жат, бөтен болуы ғажап емес. Психолог-пейнхантер Гүлбану Елшібекова: – Бұл мәселе қазір өзекті. Бізге жүгінетін пациенттер осындай мәселемен келеді. Әдетте, ата-анасы балаларына көңіл бөлмесе, ішкі жан дүниесін ақтаратын адам болмаған жағдайда балалар мен ересектерде өзге әлемге жүгінеді. Олар онда өз арманындағы өмірін сүріп, қалаған мақсатына жете алады. Бұл әрине жақсы. Десе де өте қауіпті. Себебі екі әлемді шатастырып жататындар өкінішке қарай көп. Әрине, заман ағымына қарай дамыған дұрыс-ақ. Дегенмен адам психологиясына виртуалды әлем кері әсер етеді дейді психолотар. Мета ғаламның шырмауынан шыға алмай қалған адам шынайы өмірге оралғысы келмеуі де мүмкін,- дейді. Қалай десек те цифрлы (digitalera) дәуірде цифрлы (digital) өнімді пайдалануға жасанды зерденің көмегіне жүгінуге тура келеді. Бірақ бір ескеретін мәселе жасанды зерде негізінен жинақталған деректер қоры арқылы жұмыс істейді. Cондықтан жасанды зердені пайдаланғанда адамның сауатты, саналы болуы маңызды. Кеше ғана Астанада Nobel Fest жиынында футуролог, инновациядағы ТОП-3 ықпалды ғалымдардың бірі (Wired), «Технология адамға қарсы» бестселлерінің авторы Герд Леонгард жасанды интеллект туралы өз пікірін ортаға салды. Ол «Эмоциялар, шығармашылық, эмпатия, жанашырлықтың көрінісі – мұның бәрін жасанды интеллект түсінеді, бірақ ол формальды түрде ғана түсінеді, алайда сезбейді. Мен күнделікті жұмыс істей алатын роботтардың болғанын қалаймын, компьютерлердің жанашыр болғанын, сезінгенін, олардың мен болғанын көргім келеді. Біз нені адам жасайтынын және роботқа нені сеніп тапсыруға болатынын анықтауымыз керек»,- деді.
Жасанды зерде қазақ қоғамына пайдалы болу үшін не істеу керек?
Алдымен қазақша сапалы контенттер санын көбейту керек. Ғаламторда қазақ тілді сапалы деректер қоры мен ақпараттар шоғырлануы керек. Сонымен қатар ғаламтор тұтынушыларының қазақша ақпараттар алуына, кез келген виртуалды қызметке жүгінгенде қазақ тілін таңдауына байланысты анализдер жасалып, қорытынды шығарылатынын ұмытпауымыз керек. Тағы бір есте сақтауға тиіс мәселе цифрлы әлемде жасанды зерденің қарым-қатынасын адаммен тікелей байланыстыру екенін ескерсек, кез келген қазақ жасанды интеллектмен байланыста болғанда, тілдескенде қазақ тілін саналы түрде таңдау арқылы жасанды интеллектінің қазақ қоғамына бет бұруына үлес қосып отырмын деп ойлауы керек . Бұл тұрғыда Тимур Бектур: – АҚШ-тың жоғары оқу орындарының басты қасиеті – коммуникацияны өте жақсы жолға қойған. Әрдайым әлемде болып жатқан трендтер мен жаңалықтар туралы корпоративтік e-mail хабарлама арқылы құлағдар етіп отырады. Соңғы үш ай бойы біздің (Массачусетс штатының Бостон қаласындағы Бостон Университеті) университет ашып берген поштамызға жиі келген тақырыптың бірі – ChatGPT туралы. «ChatGPT деген не?», «Оны сабақ барысында қолдануға бола ма?» деген сияқты күнделікті сұрақтардан бастап, мұндай құралдарды жалпы академиялық білім ордасының қабырғасында, емтихан кезінде қолдану сынды сауалдарға этикалық тұрғыдан да жауап іздейді. Мәселен, жақында ғана біздің университетіміздің компьютер және дата ғылымдары мектебінің студенттері мен факультет қызметкерлері бірігіп, ChatGPT-ді қолданудың әдістемесін жасап шықты. Generative AI and ChatGPT Policy деп аталатын бұл ереже арқылы университет қауымдастығы бұл технологияны қолданудың жауапкершілігін сезінуге аса назар аударған. Яғни, бұл заманауи технология болғандықтан, түбегейлі бас тарту немесе бұғаттау секілді әңгіме қозғала қоймады. Алайда «мұндай жасанды интеллект технологиясын қолдану – білім алушының негізгі сабақ оқу, білім алу, үйрену, машықтану қабілетіне кеселін тигізбей, керісінше, оны жетілдіре түсетін деңгейде қолдану мақұлданады» дейді. Тиісінше, бұл сөздерден ұғатынымыз, негізгі уайым – оны қолдану немесе қолданбау емес, қолдану барысындағы саналық болып тұр,- дейді (дереккөз Formes.kz). Бұл не деген сөз, Тимур не дегісі келді? Түсінікті болу үшін айтар болсақ, Тимурдың айтуынша, биыл жыл басында пайда болып, аяқастынан жарыққа шыққан GPT-4 технологияның қолданылу жылдамдығының қаулаған өрттей тез тарауы АҚШ-тың оқу орындарында ғалымдар мен білім-ғылым қызметкерлерінің арасында алаңдатушылық тудырған. Олар GPT-4 технологияны пайдалану және қолдану адам ақыл-ойымен саналы түрде басқарылуы және заңдық, этикалық, қоғамдық, әлеуметтік мәселелерге кесірін тигізбей, керісінше оны жетілдіре түсетін деңгейде ғана қолдануға рұқсат берілуі керек деген тоқтамға келген. Ал GPT-4 технологияның дүмпуі білім саласына кері әсерін тигізді деп дүрліккен Италия мемлекеті ел аймағында ChatGPT қолдануға уақытша тыйым салса, Нью-Йорк білім басқармасы мектептерде бұл сайт ашылмайтындай етіп бұғаттап тастаған (дереккөз Formes.kz). Себебі ChatGPT-тың пайдалы жақтары болғанымен, адамзат қоғамына тигізер қауіп-қатері де аз емес.
ChatGPT деген не?
Ол соншалықты қорқынышты ма? деген сұрақтарға жауап іздеп көрейік. ChatGPT – түрлі сұрақтарға жауап, кеңес беретін және күрделі тапсырмаларды орындай алатын чат-бот, яғни жасанды зерде. Адамдар онымен сөйлесіп, түрлі тапсырма беріп, тіпті диплом жұмысын жаздырып та көрген. Бұл қандай чат-бот? Қандай мүмкіндіктері бар? Адам еңбегін алмастыра ала ма? ChatGPT – американдық коммерциялық емес OpenAl компаниясының 2022 жылдың қараша айында таныстырған нейрондық желісі. Ол арқылы жасанды интеллектпен хат жазысып, кез келген сұрақ қоюға немесе тапсырма беруге болады. (дереккөз informburo.rz) Бірінші GPT 2019 жылы әзірленген еді. Ол жалған жаңалықтар жасауды білген. Бірақ көпшілік қолданысына шықпады, себебі, компанияның айтуынша, ол «тым кемшіліксіз болған». Дегенмен, сол жылы GPT-2 шықты. Үшінші GPT чат-боты 2020 жылы іске қосылды. 2022 жылы жарияланған ChatGPT чат-боты GPT-3.5 жүйесінде жұмыс істейді. Ал, толыққанды GPT-4 2023 жылы шығарылды. Бұл чат-бот көлемді деректермен (570 гигабайт мәтін) жұмыс істеп үйретілген және автотолтыру сияқты келесі сөздің қандай болатынын болжай алады, бірақ масштабы одан да үлкен. Чат-бот қолданушының нұсқауларын дәлірек орындауы және жауаптарды генерациялау үшін оған «Адамның кері байланысымен оқытуды күшейту» (RLHF) деңгейі қолданылған. Соның арқасында ChatGPT жауаптарының стилі тірі адамның жауаптарына өте ұқсас. Сондай-ақ ChatGPT эссе, өлең, ән, сценарий, хатқа жауап, тамақ рецептін жаза алады, оқу бағдарламасын құрастыра алады, бизнес жоспар жазып, күнді жоспарлауға көмектеседі, жылдың негізгі оқиғалары туралы айта алады, іздеген суретті тауып береді, бағдарлама кодын жаза алады немесе кодтағы қателерді табуға көмектеседі. Ол түрлі математикалық мысалдар мен теңдеулерді, физика және химия бойынша тапсырмаларды шығару жолын түсіндіре отырып, шешеді, физикадағы масса-энергия эквиваленті формуласын да түсіндіріп береді Алайда құрастырушылардың өзі ChatGPT-дің барлық жауабы бірдей дұрыс болмауы мүмкін екенін ескертеді.
Ал мамандар бұл жасанды зерде адамды толығымен алмастыра алмайды дейді. Өйткені ғалымдар адам ақыл-ойының жетістігі арқасында ғылыми тұрғыда адам қолымен жасалған кез келген өндірістік жетістік тек адамның басқаруымен ғана жүзеге асуы тиіс деген тұжырымдама ұсынады. Көріп отырғанымыздай, жасанды зерденің ғылым өркениетінде қан- шалықты маңызы болса, адам өмірінде соншалықты зияны да жетерлік. Мысалы, жасанды зерденің негізінде құрылған нейрожелілер кез келген адамның сөз сөйлеу мәнерін салып, дауысын дәлме-дәл келтіре алатынына көзі қарақты қауым куә. Қазірдің өзінде интернеттегі қолжетімді жасанды зерделердің Байден, Трамп, Обама және басқа да белгілі тұлғалардың мақамымен сөйлей алатыны баршаға аян. Сондықтан жасанды зерде мүмкіндіктерінің адам бақылауынан шығып кетпей тұрғанда, оның кем-кетіктерін жою, зиянды әсерін азайту, қауіп-қатерінің алдын алу мәселелері күн тәртібіне шығып отыр.
Diqital әлемге дайынбыз ба?
Тиур Бектур бір сөзінде, «Байқағаным, біздің қоғам даму деп технологияны ойлайды екен. Әрине, даму екені сөзсіз. Дегенмен ол – оның ілеспе пайдасы. Яғни даму дегеніміз технология емес, ол – адам санасының дамуы. Айталық, сізде iPhone болса, ол сіздің дамып кеткеніңізді білдірмейді. Harvard университетінің небір профессорлары бар – кнопкалы телефон ұстайды. Осыдан шығатын қорытынды: технология адамды дамыта ма, жоқ па? Айтқым келгені – даму технологияны иемденумен, сатып алумен өлшенбейді. Демек, интернет болса болды, дамыған елдерге жетіп аламыз деуге болмайды. Ол үшін сана өсуі керек. Басты парадигма, «А нүктесінен В нүктесіне қалай тез, арзан және сапалы жетуге болады?» деген сұраққа айналып келеміз. Даму деген осы. Саналық дамуды технология алғандай сатып ала алмаймыз» дейді. Сондықтан қымбат телефон, интернетке қосылу, түрлі әлеуметтік желілерде белсенді болу дамып кеткенді білдірмейді. Даму санада, адамның ақыл-ойында болуы керек. Diqital әлемге дайын болу шетелдерден экспортталған смортфондарды сату, интернет жолағына барлық халықты қосумен бітпейді. Күні бойы телефонда әңгіме соғып, түрлі әлеуметтік желі парақшаларын кезу даму емес. Даму сананың өскенімен, білімнің толыққанымен, өзіңе және өзгелерге пайдалы бола бастаған тұстан басталады. «Тоғыз ауыз сөздің тобықтай түйініне» тоқталар болсақ, қандай заман, қандай дәуір, қандай өндірістік революция болмасын, алдымен адам санасының дамуы басты мәселе болып қала береді. Мұны қазақ көкірек көзінің ашылуы дейді. Абай хакім «Адамның хикмет кеудесі», немесе «Жүректің айнасы, жүректің көзі», «Ақылға қонған сәуле», «Кемел адам», секілді ой-толғамдармен бейнелеп, сипаттайды. Сондықтан барша адамзаттың, сонымен бірге қазақ халқының және жекелеген адамның саналық дамуы, үнемі ғылым-білімге ұмтылуы ғана әлемді жарық, болашақты жарқын ете алады. Әрі әрбір саналы ақыл-ой адам бойына үнемі мейіріммен, данышпан Абайша айтсақ, «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», сүюмен, бойға сіңуі керек. Сонда ғана цифрлы әлемнің, сиқырлы ғаламның жезтырнағынан аман қаламыз және оның адамзат игілігі үшін жасайтын ізгі қадамдарына үлес қоса аламыз.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ