Қазақ қызы–ұлттың намысы

«Қызды тәрбиелегеннің – бір ұрпақты, бір ұлтты тәрбиелегенің»деген екен ата-бабамыз. Бұл сөздің астарында үлкен мән  жатыр. Өйткені, қыз болашақ ана. Отбасы бірлігі, ата-ана қамқорлығы алдымен саналы, сауатты ұрпақ тәрбиелеудің алтын қазығы. Ұрпақ жалғастығын бәрінен жоғары қою, өле-өлгенше баласына қамқорлық көрсету әлемнің бірқатар елдерінде сақтала бермейтін дәстүр. Дала философиясындаатам заманнан келе жатқан салт-дәстүрдің қуанышы мол, мәні мен мағынасы терең ұстанымы – ұлын ұяға, қызын қияға қондыру.Бір сөзбен айтқанда қыз ұзатып, келін түсіру болған.

«Алып анадан туады» деген тәмсілге үңілсек, Ананы ардақтау, Ананы сыйлау, жаңа түскен жас келінді аялау, білгенін құптап, білмегенін үйрету қазаққа ғана тән қасиет. Сол арқылы ұрпақ бойына ұлттық тәрбиені, имандылық қасиеттерді сіңіре отырып, халқының әдет-салтын жақсы білетін, ата-анасын сыйлайтын, ел үшін еңбек ететін ұрпақ тәрбиелеуді мақсат етеді.

Қыз баланың ары мен абыройы, сыры мен сымбатын сақтауы, келешек өміріне даярлығы әрқайсысы өз алдына үлкен мектеп. Халқымызда «Ұл тәрбиелесең, бір әулетті тәрбиелегенің, қыз тәрбиелесең, бір ұрпақты тәрбиелегенің» деген дана сөз бар. Қазақ ежелден қызды қонақ деп есептеп, барған жерде бағының ашылуына қатты мән берген.«Қызға қырық үйден тыйым, қылаяғы есіктегі күңнен тиым» деп, қыздың барынша ізетті, сыпайы, мейірімді де ісмер, қылықты да қырмызы болуын үнемі қадағалап отырған. Еркін ұстаған, бірақ тым еркінсітпеген. «Қыз – өріс, ұл – қоныс» деп білгендіктен, өрісін кеңейтер қыз балаға айырықша көңіл бөлген.

Иә, қазақ қызы – ұлттың намысы.Қыз – ар-ұятымыз, қыз –болашағымыз. Қазақ тарихында елінің мақтаны, ұлтының ары мен намысы болған қазақ қыздары көп. Арғы ата тарихты айтпағанда, кешегі Әлия, Мәншүк, Ләззат, Сәбира сынды қазақ қыздарының ерлігі көпке үлгі.Алайда,біз бүгін ұлт үлгісінен алшақтап бара жатқандаймыз.Қазір жасөспірім балалар арасында, қылықты қыздар арасында көңілді күпті етер мәселеге жиі куә боламыз.

«Мен қауіп еткен соң айтамын,

Ақ борықтай иілген,

Кейінгі туған баланың,

Ұстай ма деп білегін,

Шая ма деп жүрегін,

Шашын, мұртын қойғызып,

Ащы суға тойғызып,

Бұза ма деп іреңін,

Адыра қалған заманның,

Жақтыртпаймын сүреңін»,деп, Мұрат ақын айтқандай, ұрпақ тәрбиесінде алаңдаушылық тудыратын мәселе жиілеп барады. Ұлттық құндылық, ұлттық тәрбиеге уызынан қанбаған ұрпақтың тығырыққа тіреліп, өз қағынан жеруінің негізгі себебі отбасындағы тәрбие. Отбасындағы тәрбие ақсаса, Отан алдындағы қарыз бен парыз адырам қала ма деп қорқамын. Жас ұрпақ еліміздің шар айнасы.Ал, айнаның таза болуы егесіне байланысты. «Анасын көріп қызын ал,аяғын көріп асын іш» деп Шал ақын бекер айтпаған. Қыз тәрбиесінде анасының рөлі маңызды.Қыз анасына қарап бой түзейді. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп те, өсиет етті баба қазақ.АқынФа­ризаОңғарсынова:

«Жоғары қырда ананың бағасы бек,

Алдына басын иген данасы кеп.

Далада өсіріпті қыз­ды ардақтап,

Болашақ рулы елдің ана­сы деп.

 

Ерліктің нышаны емес ас пен күші,

Ел қорғау – ер жігіттің қас­терлі ісі.

Жақсы әйел, жүйрік ат пен ал­мас қылыш,-

Қазақта батырлықтың бас белгісі» деп, ел ертеңі даналық пен даралықты бойына сіңірген текті ұлдармен қылықты қыздардың тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты екенін ескертеді. Сондықтан отбасында ата-ананың тәрбиесі мен тәртібі, үлгі-өнегесі ұрпақтың өмірлік ұстанымына айналатынын ұмытпайық.

 

Айсара Қуанышбек,Ақмола облысы, Шортанды ауданы, Степнойауылыорта мектебінің 11 сынып оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ