ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТАРЫНА АЛДАНБАҢЫЗ!
Интернет арқылы жасалатын алаяқтық бүгінгі таңда ең кең таралып жатқан алаяқтықтың өте қауіптісі Ғаламтордағы қылмыскерлер әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланып отыр. Интернет алаяқтық қазіргі қоғамның ең өзекті әрі маңызды мәселесіне айналды. Биыл Қазақстанда танымал WhatsApp мессенджерін қоса алғанда, әлеуметтік желілер арқылы алаяқтық жағдайлары жиілеп кеткен.
Ашық көздерден деректерді жинау, әлеуметтік желілердегі парақшаларды талдау (OSINT) және әлеуметтік инженерия әдісі арқылы зиянкестер жоғары лауазымды тұлғалар туралы ақпаратты жинайды. Содан кейін мессенджерлерде «жалған» аккаунттар құру, лауазымды тұлғалардың фотосуреттерін пайдалану арқылы өздерін сол адамдар ретінде таныстырып, желі қолданушыларының сеніміне кіріп, жәбірленушінің ақшасын иелену мақсатын көздейді. Ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлері: интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар болып отыр. Интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады.
2024 жылдың басынан бастап қазақстандық-тардың TikTok әлеуметтік желісінде қателесіп жіберілген ақша аударымдары жөнінде жазған өтініштері көп. Алаяқтар онлайн-банкингтің көмегімен азаматтардың шоттарына белгілі бір ақша аударымдарын жібереді. Бұдан кейін ықтимал құрбанның мобильдік нөміріне ақшаны басқа адамға «қателесіп» жіберген адамнан қоңырау түседі. Алаяқтар түрлі аңыз оқиғаларды айтып, мәселен, бұл ақшаны «бала емдеуге арналған соңғы ақша еді, аударымның клиниканың, дәріхананың және т.б. шотына түсуі қажет еді» деген уәждер келтіреді. Енді олар кері аударым жасауды, бірақ ақшаны басқа нөмірге жіберуді сұрайды. Олардың атаған нөмірі сіздің нөміріңізге ұқсас болуы мүмкін, тек бір-екі саны басқа болуы ықтимал. Егер сіз ақшаны аударатын болсаңыз, онда сіз де алаяқтық схемаға қатысушы болып шығасыз, себебі сіздің шотыңыз транзит шот ретінде пайдаланылуы мүмкін. ІІМ Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының қызметкерлері киберқылмыс, оның ішінде интернет пайдаланушыларға қатысты алаяқтық жағдайларымен қарқынды күресуде. Интернеттегі алаяқтық ақпараттық технологиялардың көмегімен жасалады. Қылмыскер тіпті шетелде отыруы мүмкін. Сондықтан құқық қорғау органдары оларды анықтаған күннің өзінде қылмыскерді алдырту – күрделі жұмыс. Алаяқтық жасалған мемлекетпен арада келісімшарт болмаса, сұрау хаттың соңы да сиырқұйымшақтанып кетуі мүмкін. Әйткенмен шетелдік нөмір көрсе, шекесі шылқи майға малынатындай көретін адамдар жетерлік. Қылмыскерлердің құрығына түсіп қалмау үшін үнемі өз шотыңыз бойынша үзінді-көшірмені қарап, зерттеп отырыңыз, ол сізге кімнен және қашан ақша түскенін түсіну үшін қажет. Егер сіз ақша аударымы қате екендігіне көз жеткізсеңіз, онда банкке соманы қайтару жөнінде жазбаша өтініш жазыңыз және қаржы институты ҚР заңнамасы бойынша төлемдерді қайтару рәсіміне сәйкес кері аударым жүргізеді. Қазпоштадан келетін SMS – хабарламалардың көмегі арқылы карточкадан ақшаны шешіп алу кеңінен таралуда. Оның сценарийі бесенеден белгілі: қаскүнемдер болашақ құрбанына хабарлама жібереді, онда сәлемдемені мекенжай көрсетілмегендіктен жеткізу мүмкін емес деп жазады. Хабарламаның мәтінінде мекенжайды енгізіп, сілтеме бойынша өтіп, жеткізуге қайта өтінім жасауды сұрайды. Бұдан кейін алаяқтар Қазпоштаның ресми сайтының интерфейсімен (тауарды немесе жеткізуге ақы төлеуге арналған) бірдей қоса берілген сілтемеге өтуді сұрайды. Егер сіз ол сілтемеге өтсеңіз, онда интернет-алаяқтар бірнеше секундтардың ішінде сіздің шотыңызды тазалап шығуы мүмкін.
Фишинг – қаржылық алаяқтықтың бір түрі, мұнда қаскүнемдер клон, мәселен, қаржы институттарының танымал сайттарының клонын ойлап табады және қолда бар пошталық мекенжайлардың базасы арқылы фишингтік сілтемелерді таратады.
Егер сіз шынымен де сәлемдеме күтсеңіз, онда оның мәртебесін сайттан немесе post.kz мобильді қосымшасынан тексеріңіз, сондай-ақ ақпаратты 1499 қысқа нөмірі бойынша нақтылауға болады.
Кеңінен таралған алаяқтықтың тағы бір тәсілі – WhatsApp-тағы аккаунтты қолдана отырып, барлық қолда бар байланыс телефондарына жалған шоттар көрсете отырып, түрлі сылтаумен ақша жөнелту өтінішімен мәтін таратады.
Авторизацияланбаған дүкендерден смартфонға қосымша орнатпаңыз;
Күдікті сілтемелер бойынша өтпеңіз және конфиденциалдылық теңшеулеріне мұқият болыңыз;
Антивирус бағдарламасын жаңартуды ұмытпаңыз, ол сіздің гаджетіңізге алаяқтық шабуылдар болған жағдайда, оларды бұғаттайды;
Ақшаға қатысты кез келген ұсыныстарға, лотереядағы ұтыс болсын, кездейсоқ аударым немесе достарға көмек сияқты ұсыныстарға да сақтықпен қараңыз;
Алдын ала төлем немесе салым түрінде күмәнді мәмілелер жасамау қажет, жағдайды анықтамай достарыңызға немесе туыстарыңызға ақша аударуға асықпаңыздар, сенімді болу үшін ақпаратты тексеріп, видео қоңырауға қоңырау шалыңыздар дейді. Жалпы ұсыныс: өте сақ болу керек және банк карталары арқылы ақша аудару үшін картаның шотының нөмірі жеткілікті екенін естен шығармаған жөн. Терминал арқылы жіберу үшін – жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) және телефон нөмірі жеткілікті. Егер интернеттегі сатушылар немесе сатып алушылар шұғыл түрде қосымша кодтарды, SMS-тегі деректерді немесе басқа жеке ақпаратты сұраса – бұл алаяқтар, олармен барлық байланыстарды тоқтату керек.
Кез келген ақпаратты мұқият, қайта-қайта тексеріңіз және қаржыға қатысты маңызды шешімдер қабылдаған кезде асықпаңыз.
Әділет Қабиденұлы