«Ғылым болмай немене, Балалықты қисаңыз»

Қазіргі таңдағы озық технология дәуірі – адамзат баласының ақыл-ойының білімге ұмтылысы мен ғылымға құштарлығының арқасында қол жеткізген өркениет дәуірі. Жаңа жалпыәлемдік саяси, экономикалық, мәдени және ақпараттық тұтастыққа бағытталған жаһандану идеологиясына жұтылып кетпеу үшін де әр мемлекет өзінің ғылыми әлеуетін дамытып, жеке дара даму даңғылына түсуді көздейді. Әлемді алақанындағыдай жақындастыра түскен бірыңғай өзара тәуелділік үрдісімен бәсекелесе алу заман талабы болып отыр. Ал бәсекеге қабілетті болу ең алдымен отандық өндірісті отандық ғылыми жетістіктер негізіне сүйене отырып өркендетуді талап етеді. Сондықтан еліміздің ғылыми әлеуетін дамытып, дамыған елдер көшінің алдына шығуды мақсат ету керек.

 

Соңғы жылдары мемлекет тарапынан отандық ғылымды дамыту, ғалымдарды қолдау жаңа бағытқа бет бұрып, еліміздің ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілді. Қарыштап дамыған әлемде ғылымға апаратын жол білім мен тәрбиеден басталады. Ал ұлттық болмыс, ұлттық құндылық негіздері тәрбие мен білім арқылы бала бойына сіңуі керек. Классик жазушы, қоғам қайраткері, қазақтың біртуар ұлы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді. Ал «бесікті түзеу» балабақша мен мектептен басталады. Еліміздің білім саласындағы өзгерістер нәтижесінде балабақшаларды заман талабына сай қайта жасақтап, мектеп оқушыларын ғылымға тарту бағытында жұмыстар жолға қойылған. Оқушының білімге құштар, ғылымға жақын болуы ұстазға да байланысты.


Шәкіртін өз пәніне қызықтыра отырып, ғылыми ізденістерге баулудың маңызы зор. Әсіресе, ғылыми жобаға қатысу арқылы оқушының зерттеу, талдау қабілетін жетілдірумен қатар, оның қай салаға бейім, қызығушылығы неге басым екенін анықтауға, өз бетінше ізденуге, шешім қабылдап, қорытынды шығаруға, бағыт-бағдарын айқындауына мол мүмкіндік бар. Ғылымның әр саласына оқушыны оқыған пәні арқылы қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілетін оятуға болады. Қазір мектептерде ғылыми жобаға қатысып, ғылым мен техниканың ғаламдық жетістіктерін танып білсем, өз үлесімді қоссам деп мақсат қоя білетін оқушылар қатары артып келеді.
Астанадағы Ахмет Байтұрсынов атындағы BINOM school мектеп-лицейінде де ұстаздардың баулуымен, ғылымға ұмтылған шәкірттер көп. Мектептің химия пәні мұғалімі Назгүл Сәбікенова жетекшілік ететін ғылыми жобаға қатысқан бір топ оқушы байқауда топ жарып, біршама жетістіктерге жеткен екен. Әсіресе олар ойлап тапқан ауа тазартуға арналған құрылғы Астанада өткен B fest желілік байқауы B dream project бағыты бойынша қазылардың қызығушылығын тудырып, назарға іліккен. Нәтижесінде «Тынысың тарылмасын, оқушы» аталған ғылыми жоба байқаудың «Жыл серпіні» номинациясының жеңімпазы болып танылады.


Бізбен әңгіме барысында ғылыми жобаны жасауға атсалысқан Толқынай Шымшықова: – Мені химия пәні қатты қызықтырады. Жоба жұмысын алғаш бастаған кезде ең бірінші менің ойыма ғимараттағы көмір қышқыл газын қалай азайтуға болады? Сыныбымыз ыстық, сондықтан сабақ үлгерімімізге де кері әсер етеді, не істеуіміз керек деген ой мазалады. Өздеріңіз де білесіздер, қазіргі ғаламда жер ананың саулығы, ауаның тазалығы үлкен проблемаға айналып отыр. Көмірқышқыл газы адамның миына әсер ететінін білгендіктен, басқа мемлекеттер ондай ғимараттарды мектептерді жауып тиісті шаралар қолданып, ауаны реттейді, аппараттарды дұрыстайды деп ойлаймын. Біздің мектебіміз өте ыстық, сыныптарымызда толыққанды тыныс алу мүмкін емес. Бірақ тиісті шаралар жасалмайды, Сондықтан біз өзіміз мәселені шешу, алдын алу туралы ойлануымыз керек деп шештік. Сол үшін сыныптарға қоюға ыңғайлы шағын ауа тазалайтын құрылғыны ойлап тапсақ деп мақсат қойдық, — дейді.
Ал, Сәбина Мұратбекова:
– Химияны қатты жақсы көремін. Назгүл ұстазымның арқасында осы жобаға келдім, Сабақта үнемі ұйқым келіп шаршайтынмын, химия сабағында оның себебі ауа жетпейтіндіктен екенін, көмір қышқыл газының кесірінен екенін түсініп, осы жобаға келдім, Осы проблеманы шешсек деген үлкен мақсатымыз болды, — дейді.
«Тынысың тарылмасын, оқушы» атты бұл жобаны Толқынай Шымшықова, Сәбина Мұратбекова және Нұрислам Исламбеков деген үш оқушы жасап шыққан. Оқушылардың айтуынша, ауадағы көмір қышқыл газын сорып, ауаны тазалайтын бұл құрылғыны үлкен-үлкен ғимараттарға да қоюға болады екен. Өйткені оның көлемін шағын немесе үлкен қылып жасауға болады.
– Құрылғыға натрий гидроксидін құямыз. Көмірқышқыл газы натрий гидроксидімен әрекеттесіп, реакция кезінде ауа құрамындағы барлық газдардан тек қана натрий карбонаты мен су түзіледі де ауаны тазартып шығарады, — деп, Нұрислам Исламбеков құрылғының құрылысы мен қалай жұмыс істейтіні туралы түсіндіріп берді.
Балалардың әңгімесінен оқуға, жаңалыққа құштарлықпен қатар, ғылымға үлес қоссам, ғалым болсам деген үлкен армандарын аңғаруға болады.
Химия пәні мұғалімі Назгүл Сәбікенова да бала қиялының шексіздігін жүрегімен сезініп, армандарына қарай қадам жасауға мүмкіндік берген. – Мектебімізде химиядан үйірме бар. Үйірмеде оқушылар түрлі зерттеу жұмыстарын жасайды. Химияны қызығып, жақсы оқыған балалардың сұрағы таусылмайды. Үнемі бір нәрсені білгілері келіп, түрлі сұрақтар қояды. Мысалы, химия сабағында «Ауа және оның құрамы», «Тыныс алу» деген сияқты түрлі тақырыптар болады. Мен оқушыларға Адам қалай тыныс алады? Тыныс алған кезде қандай газдар бөліп шығарады? Таза ауа деген не? деген секілді зерттеу жұмыстарын бергенмін. Сол зерттеу жұмыстарында жақсы нәтиже көрсеткен оқушылардан қандай сұрақтар туындады дегенімде, ауа тазалығы мәселесі мазалайтынын айтқан оқушыларым болды. Сол арқылы осы ғылыми жобаға келдік, — дейді ұстаз Назгүл Сәбікенова. Қабілетсіз бала болмайды. Баланың қабілетін, дарыны мен талантын таныған ұстаз – ұлағатты ұстаз. Бала қиялын ұштап, арманына қанат бітірген ұстаз – ұлы десек, ұстаздан шәкірт озғаны да бір ғанибет. Сондықтан отандық ғылымды дамытуға үлес қосқымыз келсе, ғылыми жоба жасауға ұмтылысы бар, ғалым болуды армандайтын шәкірттер тәрбиелейік.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ