Ер есімі – ел есінде

Журналдың бүгінгі санына Ақтөбе облысы Ақтөбе қаласындағы №77 жалпы білім беретін орта мектебі оқушыларының шығармаларын беріп отырмыз. Оқушылар ұлтымыздың біртуар перзенттері, туған жер және ана тақырыптарында ой толғайды.

 

Ақтөбе – құтты мекен. Бұл киелі топырақтан қаншама ержүрек батырлар, күміс көмей әншілер, домбыраның құлағында ойнаған күйшілер, небір талант иелері шыққан. Мәселен, Әлия апамыз, Қазанғап, Мөңке би, Әйтеке би және т.б. Алайда ерекше айта кетер осы топырақта кіндік қаны тамған жаужүрек батырларымыздың бірі – Қожабай Жазықов. Қожабай Жазықов – гвардия лейтенанты, Екінші дүниежүзілік соғысға қатысқан батыр, барлаушылар взводының командирі. Батырдың қысқаша өміріне тоқтала кетсек, 1920 жылдың қазан айының төртінші жұлдызында Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Көктүбек ауылында шаруалар отбасында жарық дүние есігін ашқан. Әкесінен айырылып қалып, анасы мен ағасының тәрбиесін көріп өскен. Ақтөбедегі педагогикалық училищені тәмамдап, Амангелді ауылында ұстаз ретінде қызмет жасаған.

1946-47 жылдары Байғанин ауданында мұғалім, мектеп директоры, аудандық оқу білімінің меңгерушісі, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, Ақтөбе облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, Родников аудандық партия комитетінің аймақтық секретары болып әртүрлі қызметтер атқарған. Қожабай Жазықов өз Отанына деген жүрегіндегі алаулаған патриоттық сезімінің арқасында қанды шайқасқа аттанып, елі үшін, жері үшін күресті. 1942 жылдың аязды қаңтарында 22 жасар жас жігіт Қожабай Жазықов жұмысшы шаруа қызыл әскері қатарына шақырылады. Сол жылдың наурызында Ұлы Отан соғысының қанды майданына аттанады. Қожабай Жазықов – Екінші Украина майданы жетінші гвардия әскерінің жиырма бесінші гвардиялық атқыштар дивизиясы барлау взводы командирінің көмекшісі. Дунай арқылы өтуде өзінің асқан батылдығымен көзге түседі. 1944 жылы желтоқсанның 25-не қараған түні оның барлаушылары Дунай өзені арқылы Венгрияның Сентедре қаласына өтіп, жау позициясына тылдан шабуыл жасап, жаудың 6 солдатын тұтқынға алады. Сол түні барлаушылар тобы аралға тұтқиылдан шабуыл жасап, жаудың 70 солдаты мен офицерін қолға түсіреді. Дунай өзенін толықтай азат етеді. Соғыстан аман-есен оралғаннан кейінде, Қожабай Жазықов өзінің ұстаздық қызметін жалғастырған. 1971 жылдан өмірінің соңына дейін халық депутаттары Байғанин аудандық атқару комитетінің төрағасының орынбасары болып ұзақ жыл қызмет атқарды. 1982 жылы дүниеден озды.
Ол ел басына күн туған кезде, қу жанын шүберекке түйіп, еш ойланбастан соғысқа аттанды. Қожабай атамыз өзінің тапқырлығымен, батырлығының арқасында соғыс кезінде қаншама ерлік істер жасады. Дунай өзенінің ортасындағы аралды жау қолынан азат етті. Осындай патриоттық сезім қазіргі таңда да әрбір ұрпақта болса екен деп тілер едім. Қожабай атамыздың ерліктерін оқи отырып, мен таңқалдым деп айта аламын. Себебі олар соғыста өмір мен өлімнің арасында жүрді. Соған қарамастан күш-жігерін жинап елі үшін аянбай шайқасты. 1945 жылы 28 сәуірде ерлігі мен батырлығы үшін Қожабай Жазықовқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, «Ленин ордені» мен «Алтын Жұлдыз» медалі қоса тапсырылды. Осындай ата-бабаларымыздың арқасында қазіргі таңда біз бақытты өмір сүріп жатырмыз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, Қожабай Жазықов – елі үшін жанын пида етуге дайын болған, қан майданда ерен ерлік көрсеткен батыр. Жас ұрпақ халқымыздың қаһармандарын біліп өсу керек деп есептеймін.

Ұлболсын АДАЕВА,
8 сынып оқушысы, Ақтөбе облысы

ПІКІР ЖАЗУ