Елдің ертеңі – жастар
Кез-келген елдің ертеңі, болашағы – жастар. Әрине, бұрыннан ата-бабамыз біздің тәуелсіз өміріміз үшін күресті. Тәуелсіздікті нығайту үшін күресіп келеміз. Күнделікті жаңалықтар ашып, дамыған елдердің қатарына кіруге барынша талпынып жатырмыз. Бүгінгі жасалып жатқан дүниелерді ары қарай дамыту, өз құндылықтарымызды жоғалтпай, оны ары қарай арттыру бәрі-бәрі, біздің, жастардың қолында!
Қаншама ғасырлар бойы ата-бабамыз тәуелсіздік үшін күресті. Қаншама жыл КСРО құрамында болдық. Қазағымның басына не келіп, не кетпеді? Қаншама қан төгілген шайқастар, ашаршылық, жұт сынды көптеген ауыртпашылық келді. Бірақ 1465-1466 жылдары Керей мен Жәнібек аталарымыз үлкен еңбектерінің, күштерінің арқасында Қазақ хандығы құрылды. Қазақ хандығы – Тәуелсіз Қазақстанға жетелейтін үлкен жол болды. Алайда бұл жол оңай, жақын жол болды дей алмаймыз. Қаншама ұрыс-шайқастар, көтерілістер, шабуылдар. Қаншама біздің ата-әжелеріміз осы жолда құрбан болды. Келешек ұрпақтың болашағы үшін өздерінің жандарын аямай, отқа да, суға да түсті.
Осылайша, ғасырлар бойы аңсаған, жете алмай шаршаған, сонда да талмай, соңына дейін тоқтамай күрескен жеңіске 1991 жылы қол жеткіздік. Биыл осы Тәуелсіздігімізді алғанымызға 30 жыл толды! Бұл – үлкен қуаныш, үлкен жеңіс!
Ал енді біз үшін күрескен ата-бабаларымыздың бізге артқан үмітін ақтау – әрбіріміздің қолымызда, өскелең жастар! Ата-бабаларымыз өздері өлсе де, өздерінің арттарынан өлмейтұғын із қалдырды.
Біз – ХХІ ғасыр жастарымыз. Бізде мүмкіндіктер өте көп. Біз тек қана оқуымыз, ізденуіміз, дамуымыз, жарқын болашаққа қарай ұмтылуымыз қажет. Елімізді көркейтуде, ата-баба үмітін ақтауда бар күшімізді салуымыз қажет.
Біз діттеген мақсаттарымыздың біразына жеттік. Өз Ата заңымыз қалыптасты. Үлкен арманымыздың, мақсатымыздың бірі – «Дамыған 30 ел» қатарына кіру. Бірақ, арман-мақсат – шексіз. Үлкен арман, үлкен мақсаттар әлі де бар. Осы арманға жету жолында әсіресе, біз, жастар еңбек етуіміз керек. Қазірдің өзінде елімізді барша әлемге паш етіп жүрген жастар жетерлік. Мәселен, Димаш Құдайбергенов. Өз дауысымен, талантымен бар әлемді мойындатты десек те болады. Осындай жастарымыз көп болсын!
Көркем САПАРҒАЛИ, жас тілші,
Алматы облысы, Іле ауданы,
Жетіген ауылы, 11-орта мектептің
11-сынып оқушысы