БАУЫРЖАН ЖҰЛДЫЗДЫ БОЛҒАН КҮН…
Ақтөбе қаласындағы №72 орта мектепте Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 111 жылдығына орай «Бауыржан жұлдызды болған күн – қазақтың жұлдызы жанған күн!» атты қалалық әскери-патриоттық сайысы өтті. Бұл шараны қалалық білім бөлімі және облыстық «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығы ұйымдастырды.
– Шара мақсаты – Бауыржан Момышұлының биік тарихи тұлғасын бүгінгі ұрпаққа тереңірек танытып, өнегелі ерлігін үлгі ете отырып, балаларды ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу. Бұл қалалық әскери-патриоттық сайысқа 7 команда қатысты, – дейді облыстық «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығының директоры Бағдаш Төпенова.
9-10 сынып оқушылары автоматты бұзып-жинау, белтемірге тартылу, гір көтеру, арқан тарту, әскери саптық жүріс және әскери ант беру кезеңдері бойынша сынға түсті.
– Бауыржан Момышұлы – даңқты қолбасшы, батыр тұлға ғана емес, қазақтың көрнекті жазушысы. Мірдің оғындай дәл тиетін шешендік сөздері бүгінде даналық, қанатты сөздерге айналып отыр. Өшпес ерлігімен, азаматтық дара қалпымен, ұлтжандылығымен, халқымыздың мақтанышы болған батырдың есімі халық жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз.
Қазақстанның болашағы сіздер секілді жас өрендердің қолында. Сондықтан Отанын сүйетін, еліміздің нағыз патриоттары болыңыздар! – деді шараның ашылуында Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқарамасының бас маманы Манар Өтекешова.
№72 орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шынар Сатаеваның айтуынша, мұндай патриоттық бағыттағы шаралар білім ордасында жиі өткізіледі.
– Балаға міндетті түрде патриоттық тәрбие берілуі тиіс. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Ол келешекте оның өміріне апат әкеледі», – деп Әбу Насыр әл-Фараби айтқандай, балаға ең бірінші тәрбие берілуі тиіс. Соның ішінде баланың бойына табандылық, батылдық, батырлық, қайсарлық, төзімділік, елжандылық қасиеттерді дарытуда ұлттық, халықтық тәрбие беру маңызды. Ол дегеніміз – кешегі өткен біртуар аға-апаларды үлгі ету, ұлттың тарихи жеңістерін өнеге ету секілді жұмыстар жүргізу деген сөз. Баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімді тәрбиелеуде отбасымен бірге мектептің де рөлі зор. Бұл байқау – сондай жұмыстардың бір парасы, – дейді Шынар Сатаева.
Сайыс қорытындысында I орын №10 орта мектеп пен №33 орта мектептің командаларына бұйырды. ІІ орынды №21 және Қызылжар орта мектебінің оқушылары еншілесе, ІІІ орынды №72, №5 және №4 орта мектептерінің командасы иеленді.
М.ТАБЫН,
Ақтөбе облысы.