«Ел жүрегі – Елорда» байқауы мәресіне жетті

Астана қаласындағы Әл-Фараби атындағы Оқу-шылар сарайында «Ел жүрегі – Елорда» шығармалар байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау болды. Қалалық Ішкі саясат басқармасы мен Білім басқармасының қолдауымен елорданың 25 жылдық мерейтойына арналған бұл шығармашылық байқау «Елорда Ақпарат» медиасеріктестігінің «Мектеп және Медиасауаттылық» жобасы аясында бір ай бұрын жарияланған болатын.
– Байқау оқушылар арасындағы жазуға құштар, журналист болсам деп армандайтын шығармашыл балалардың қаламын ұштау, сөз қадірін білуге, құдіретін ұғуға баулу мақсатында ұйымдастырылды. Байқауға қала мектептерінен 230-ға жуық шығарма келіп түсті. Іріктеу өте тартысты өтті. Комиссия мүшелері шығармаларды үш жұмыс күні ішінде қарап шықты. Шарт бойынша 7-11 сыныптан оқушыларының шығармалары бәйгеге түсу керек еді. Бірақ қатысушыылардың арасында 6 сынып оқушыларының шығармалары да болды. Демек балалардың жазуға деген құлшынышысы 5-6 cыныпта-ақ оянады екен деген қорытындыға келдік, — дейді «Астана ақшамы» газетінің тілшісі, жоба авторы Нұрлат Байгенже.

Республика күні қарсаңында жеңімпаздарға шат-тық пен шабыт сыйлаған марапаттау рәсіміне Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов, қалалық Білім басқармасы Жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімінің басшысы Асыл Амангелдиева мен Астана қаласы мәслихатының депутаты, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының директоры Ерлан Дәкенов және ұстаздар мен ата-аналар, оқушылар қатысты.
Салтанатты шарада алғашқы сөз кезегін алған «Елорда Ақпарат» медиасеріктестігінің директоры Олжас Сыдықбек: – Қадірлі ұстаздар қауымы, бүгін сіздердің мерекелеріңіз. Себебі Республика күні мерекесіне орай осы іс-шараны білім ордасына арнадық. Мерекелеріңіз құтты болсын! «Мектеп және Медиасауаттылық» деген жобаны астананың Білім басқармасы және Ішкі саясат басқармасымен бірігіп бір ай бойы мектептерде кездесулер өткіздік. Бас редакторымыздан бастап, журналистер, корректорларымыз, фотографтармыз, операторлар, мобилограф, SMM мамандарымыз оқушылармен ашық алаң, сыр-сұқбат ұйымдастырдық. Мақсатымыз – журналист мамандығын таңдайтын, болашағын шығармашылықпен байланыстыратын оқушыларды медиасауат, ақпараттық сауаттан хабардар етейік, мықты ұстаздармен қарым-қатынас орнатайық, ұстаздар арасынан авторлар табайық деген еді. Сол мақсатымызға жеткен секілдіміз.

«Мектеп және Медиасауаттылық» жобасы аясында ұйым-дастырылған «Ел жүрегі – Елорда» байқауына келіп түскен шығармалардың ішінен шын мықтыны тану өте қиын болды. Біз барынша әділ шешім шығаруға тырыстық. Комиссия мүшелері үшін шығарма авторлары туралы деректер жасырын болды. Тек нөмірлер арқылы ғана дауыс беру әдісімен жеңімпаздар анықталды. Нәтижесінде бүгін өздеріңіз көріп отырғандай, 200-ден аса шығармалар ішінен 10 оқушының шығармасы жүлдегерлер қатарына енді.

Нөмірлер арқылы жеңімпаздарды анықтап алғаннан кейін барып, қай мектеп, қай сынып, кім деген оқушы жүзден жүйрік шықты деген мәселеге келген кезде 4 жеңімпаз қатарынан BINOM мектептерінен екен. Біз комиссия шешімінін ешқандай өзгертпей, барынша шынайы, мазмұнды шығармаларды жүлдегер деп таныдық,- деді.
Ал Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов аталған байқаудың мазмұнына тоқтала келе, ертеңгі жас ұрпақты патриоттық тәрбиеге негіздеуде осындай жобалардың орны ерекше екеніне тоқталды. – Бүгінгі шараның маңызы өте зор. Бір кезде менің де кішкентай армандарым болған. Адам бала кездегі армандарын арқау етіп, тынбай еткен еңбек пен таудай талаптың арқасында жетістіктерге жетуге болады. Бүгінгі байқауға қатысып, бақ сынаған барлық оқушылардың болашақта арман мақсаттарына жетуіне тілектеспін! Жеңген оқушыларға жеңіс құтты болсын дей келе, жүлдегер қатарына ілінбей қалған үміткерлерге жасымаңыздар, келесі жолы міндетті түрде жеңесіздер дегім келеді, — деді Н.Әлмұханов.
Марапаттау рәсімі жеңімпаздарды және олардың ұстаздары мен ата-аналарды да сахна төріне шақырып, мақтау қағаздары мен арнайы сыйлықтарды тапсыру салтанатымен жалғасып, әуелеген ән, күмбірлеген күймен әрленіп отырды. Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған байқаудың мәні мен мазмұны туралы «Астана ақшамы» газетінің Бас редакторы Еркін Қыдыр: – Қадірлі елордалықтар, шәкірттер мен ұстаздар ең алдымен еліміздің ең ұлық мерекесі – Республика күні құтты болсын! Мына әлемде тарихы терең, саны қазақтан да көп халықтар бар. Бірақ мемлекеті жоқ. Мемлекеті болмаған соң Астанасы да болмайды. Осы тақырып бір шығарманың өзегіне айналды деп отырсыздар ғой. Сондықтан да әрқашан еліміздің қадірін білсек, Тәуелсіздіктің қадірін білсек… Біздің «Елорда Ақпарат» қала әкімдігімен бірігіп өткізген «Мектеп және Медиасауаттылық» деген жобаның да негізі осы. Балалардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, балалардың журналистика мамандығына қызығушылығын ояту болып табылады. Журналистика қасиетті мамандық. Журналист – қоғамның саниторлары. Журналист қашанда елдің мұңын жеткізіп, елдің сөзін сөйлеуі керек. Кешегі қызыл империяның кезеңінде де журналист айтатын сөзін айтқан, жеткізетін ойын бүкпесіз жеткізіп келді. Сондықтан біз журналист боламын деген шәкірттерге әрқашан талпыныстарыңыз, ізденістеріңіз баянды болсын деп тілейміз, — деп, жүрекжарды тілегімен айшықтап берді.


Жас ұрпақтың бойындағы шығармашылық қабі-летін ашып, бағыт-бағдар беруді мақсат тұтқан «Ел жүрегі – Елорда» шығармалар байқауына белгілі меценат, кәсіпкер Исламбек Салжанов басқаратын Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры Бас демеушілік жасап, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар, гүлшоқтарын табыс етіп, Бас жүлде иегеріне Бурабайдағы «Балдәурен» демалыс лагеріне жолдама секілді сый-сияпатпен байқаудың сән-салтанатын асырды.
Ұйымдастыру алқасы бекіткен қазылар шешімімен 10 оқушының шығармасы оза шауып бәйге алды. Назарларыңызға жүлдегер оқушылар тізімін ұсынсақ: Ынталандыру жүлдесіне лайық деп С.Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Ақерке Казимова мен Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы Дінмұхаммед Айтжан, Қаныш Сәтпаев атындағы Binom school мектебінің 6-сынып оқушысы Мақсат Қуаныш танылды. Жүлде иегерлеріне заманауи құлаққап табыс етілді.
Ал байқау шартына сәйкес, үшінші орынға төмендегі үш автордың шығармасы таңдалынып алынды. Жұмабек Тәшенев атындағы №10 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы Аружан Жандосова, №30 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Хусейнмухаммедали Чалышкан, Ә.Бөкейханов атындағы BINOM мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Айкерім Ерланға смарт-қол сағаты берілді.
Екінші орынға  Қаныш Сәтбаев атындағы Binom School мектебінің 7-сынып оқушысы Кәусар Жазыбай мен Ақшан Әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Жігер Берікқалиевтің еңбектері лайық болды. Жеңімпаздарға ұялы смартфон телефондары табысталды.
Сонымен қатар, бірінші орынға М.Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқу-шысы Әмина Уәлиханның шығармасы лайық деп танылды. Оған планшет табысталды.
Бас жүлдесі, Бурабайдағы «Балдәурен» демалыс лагеріне жолдама Қаныш Сәтбаев атындағы Binom School мектебінің 8-сынып оқушысы Кәусар Шалқарға табысталды.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ