Ел боламын десең…

Ұлттық салт-дәстүрімізді білу, оның астарын түсініп, атадан балаға мирас ету қазіргі таңда әсірісе, қазақ қыздары үшін ауадай қажет. «Қыз тәрбиелей отырып – ұлтты тәрбиелейміз» деген қанатты сөздің өзі қыз бала тәрбиесінің қаншалықты маңызды екенін білдіреді. М.Әуезовтің мынадай бір керемет сөзі бар: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе». Сол себептен де, сіз болып, біз болып, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қазақ қызының болашағы үшін ертеден бастап қолға алып, үгіт-насихат, тәрбие жұмыстарын жүргізуіміз керек.

Ұстаздық жолда еңбек етіп жүрген соң, қыз тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен назар салып қарайтынымыз рас. №177 жалпы білім беретін мектепте, 22 қыркүйек күні VII дәстүрлі «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» атты Тілдер онкүндігінде Рухани жаңғыру аясында және М.Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына орай «Жұлдызды жүзік, айды алқа ғып бер…» атты «Ана тілі аруы-2023» байқауы өтті. Байқау барысында туған ана тілімізге деген құрмет пен М.Жұмабаевтың шығармалары насихатталды. Қазақ қызының бойындағы ұлттық құндылықтарды дәріптей отырып, халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрге қатысты ұғымдарды білуге бағытталды.
Қазақ қызының бойындағы әдемілігі, өнерді сүюі, қолөнерге бейімділігі, сөйлеу мәдениеті, сахна мәдениеті осы байқауда сыналды, әр кезең бойынша сынға түскен қыздардың жан-жақты ашылуына мүмкіндік берілді.


Байқау нәтижесі бойынша: 9 «Ә» сыныптың оқушысы Қадырбай Балнұр Бас жүлдеге ие болса, 10 «Ә» сыныптан Күзембай Ақерке 1-орын, 8 «Ж» сынып оқушысы Қалила Аиша мен 9 «А» сынып оқушысы Сәбит Әселай 2-орынды иеленсе, 8 «Б» сынып оқушысы Ахмет Нұрай, 8 «И» сынып оқушысы Даулет Анель, 10 «Г» сынып оқушысы Амантай Нұрайым, 10 «Б» сынып оқушысы Абжалова Балсулу 3-орынға ие болды. Онан басқа «Білімді ару», «Ақылды ару», «Сымбатты ару», «Кербез ару», «Өнерлі ару» атты т.б. номинациялар бойынша мектеп директорының мақтау қағазымен марапатталды.
Қазақтың «Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол», «Қызға қырық үйден тыйым» деген нақыл сөздері сол өмір тәжірибесінен алынған. Сонымен қазіргі заманғы қыздардың бойынан ақылдылық, инабаттылық, сымбаттылық, көріктілік және де іскерлік қасиеттері де табылуға тиіс. Халық «Өнерсіз қыздан без, өнегесіз ұлдан без» деген. Ұлы Абай атамыз «Ары бар, ақылы бар, ұяты бар ата-ананың қызынан қапы қалма» деген екен.
Қорыта келе қыз баланың тәрбиесін үлкен жауапкершіліке алуымыз керек. Демек, болашақ жас ұрпақты адамгершілігі мол, иманды, өнегелі, өнерлі етіп тәрбиелеу қазіргі отбасылар үшін үлкен міндет. Сонымен қазақ отбасында тәрбиенің негізі – ұлттық салт-дәстүр. Өз ұлтының намысын жоғары қоя білетін, елінің сөзін сөйлейтін жас ұрпақты баулу, тәрбиелеу, ата-аналар мен ұстаздардың ұлы міндеті.

Қанатбекова Назерке Сағымбекқызы, Алматы қаласы, №177 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

(Суретте автор: Н.С.Қанатбекова)

ПІКІР ЖАЗУ