ЕЛ АНАСЫ ЖЕЗДІГЕ КЕЛДІ

«Ауыл аманаты – Ел аманаты» атты экспедициясы «Жездіге» келді. Оның көш басында «Қазақстан дәуірі» халықаралық газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының бас директоры, қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы мен «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы, бір топ халық жанашырлары кезекті іс-сапарын киелі Ұлт ұясы Ұлытау өңірінен сапарын бастады. Әр ауылға соғып басқосулар өткізген ел азаматтары Жезді кентіндегі қарашаңырақ №6 тірек мектебіне атбасын тіреді.

Бұл біздің мектеп үшін үлкен қуаныш болды. Жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдер, кент әкімшілігі, ата-аналар бұл кездесуге бір кісідей жиналды. Өз сөз кезегінде ардагер ұстаз, бүгінгі ақпарат саласының үздігі, «ЕлАна» сайты секілді үш басылымның тізгінін ұстап отырған Сәуле Мешітбайқызы ұлттық құндылықты сақтауды басты нысана етіп, «Тәрбие басы – тал бесік» екендігін тереңінен толғады. Ол отбасының бала тәрбиесіндегі рөлін қадап айтты. Қазіргі заманауи планшеттердің балаларға тура және теріс бағытта беретін мағлұматтарының бар екенін ескертті. Кейбір отбасындағы келеңсіз жағдайлардың орын алуының көп жақтылы себептері бар екені жайлы айтып, жиналғандарды ойландырып, ұрпақ тәрбиесіне мән беру ұлттың болашағына назар аудару екенін жүрекжарды лебізімен жеткізді. Бұл кездесуден оқушылар, жиналған қауым терең әсер алып, көңілдеріне ізгі-ойларды қондырды деген ойдамын.
Қазіргі таңда «Оқуға құштар мектеп» акциясы оқушыларға, оқырмандарға кеңінен жол ашты. Осы бағытты қолға алып, ел арасында газет-журналға жазылу жұмысы жанданса, нұр үстіне нұр болмақ!
Кездесу соңында сөз алған мұғалімдер халықаралық «Қазақстан дәуірі» және жас оқырмандарға арналған республикалық «Мөлдір бұлақ» балаларға арналған журналына жазылуды құптайтындықтарын білдірді.
Құрметті де Аяулы Ұстаздар қауымы! Сіздерді күні нақтыланған 5-қазандағы кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, еңбектеріңіз жана берсін, Білімді шәкірттеріңіздің болашағы жарқын болсын!

Махаева Гүлшат Қабылкәрімқызы,
Ұлытау облысы, Ұлытау ауданы, Жезді кенті
№6 тірек мектебінің ұстазы

ПІКІР ЖАЗУ