Демография, демографиялық саясат дегеніміз не?
Кез келген мемлекеттің өсіп-өркендеуі, дамуы үшін демографиялық саясаттың маңызы зор. Өйткені халық санының өсуі мемлекеттің стратегиялық бағдарламалар қабылдауына тікелей әсерін тигізеді. Экономика, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерден бастап, халықтың денсаулығы, қоғамның мәдени-рухани қалыптасуы, экологиялық проблемалардың реттелуі, ішкі-сыртқы саясаттағы мемлекеттің орны бәрі-бәрі де елдегі демографиялық ахуалға тікелей байланысты. Сондықтан мемлекет бұл саладағы мәселелерді үнемі назарда ұстап, ғылыми негізде зерттеп-зерделеп отырса ұтылмайды. Журналымыздың жас оқырмандарына түсінікті болу үшін әуелі «демография деген не» деген сұрақтың жауабын қарастырайық.
Демография сөзіне википедия (грекше демос – халық) – белгілі бір халықтың, ұлттың, ұлыстың, этникалық топтың санын, құрамы мен құрылымын, аумаққа бөлінуін, өсу не кему динамикасын қоғамдық-тарихи жағдайларын зерттейтін әлеуметтік ғылым саласы деп анықтама беріпті. Демография ғылымының негізін салушы – ағылшын ғалымы Дж. Граунт. Ал демография жөніндегі нақты талдаулар жасау және халықты тұрақты есепке алу көптеген елдерде ХІХ ғасырдан бастап қана қолға алынған. Яғни сол кезден бастап қана демография – халықтың ұдайы өзгеруін, өсу мөлшерін, дамуын зерттейтін ғылым ретінде қалыптаса бастады. Сонымен қатар демография мeмлекеттің экономикасына, саясатына, медицинасына, әлеуметтік-тұрмысына, этнографиясына басқа да бірқатар ғылымдарына тікелей әсер етуші фактор болып саналады. Сол себепті жоғарыда айтқанымыздай, ешқандай мемлекет демографиялық саясаттан аттап өте алмайды.
Осы орайда, еліміздің демографиялық жағдайына тоқталар болсақ, соңғы жылдары халық санының өскенін байқауға болады. Мұның ішінде өлім-жітімнің төмендеуі, бала туу көрсеткішінің, табиғи өсімнің, көші-қонның артуы секілді факторлар кіреді.
Ұлттық статистика бюросы ұсынған деректерге сәйкес, 2023 жылы бірінші жартыжылдықта республикадағы адам саны 19 899 377-ге жетті. Алайда сарапшы мамандардың айтуынша, Қазақстанда демографиялық саясатты реттеп отыратын өкілетті орган жоқ.
Ал қазақтың демография ғылымының негізін қалаған, қазақтың санының өсуін, көбейуін тілеп, үнемі халыққа өсіңдер, өніңдер деп, қазақтың демографиялық саясатын жеріне жеткізе зерттейтін, түйсікті түрткілеп, жүрекке жеткізе ұқтыратын Мақаш Тәтімовтай демограф-ғалым да жоқ.
Кезінде Мақаш Тәтімов демографияда да мінез-құлық болады деген екен. Яғни, Мақаш ата «Ұлтжанды болмасаң да, балажанды болу» – қазақтың демографиялық мінез-құлқы, бұл мінез-құлық егер әр отбасында 2 баладан артық сәби дүниеге келмесе, бұзылады» дейді.
Мақаш Тәтімовше айтсақ, көп балалы отбасы болу қазақтың ұлттық мінезі, өмірлік салты. Қазақ – бала үшін, ұрпақ үшін өмір сүрген халық. Кезінде тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев халық саны 2020 жылы 20 миллионға жетеді, 2050 жылы 25 миллион боламыз деген болжам ұсынған болатын. Дегенмен үш жыл кешігіп 20 миллион межеге жақындап та қалдық.
Демографиялық саясат қалай
жүзеге асады?
Демографиялық саясат негізінен халықтың өсу қарқыны және көші-қон саясаты арқылы реттеліп отырады. Ол үшін белгіленген тәртіпке сәйкес елімізде әр он жыл сайын жалпыұлттық санақ өтіп тұрады. Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері жалпыұлттық санақ 1999 жылы, 2009 жылы және 2021 жылы өткізілді. 2019 жылы өткізілуге тиіс жалпыұлттық санақ бүкіл әлемді әбігерге салған пандемияның кесірінен кейінге шегерілгені белгілі.
Ал оған дейін он жыл сайын өткізіледі деп белгіленген тәртіп бойынша елімізде 1959, 1969, 1979, 1989 жылдары жалпыұлттық санақ жүргізілді. Халық санының өсуі көбіне туу көрсеткішінің жоғары болуымен де тікелей байланысты екенін ескерсек, елімізде ең көп бала дүние есігін ашқаны, яғни қай жылдары «демографиялық дүмпу» болды деген сұрақ қызықтырады.
Жалпы елімізде «демографиялық дүмпу» педагог, демография зерттеушісі Мақсат Имандосовтың айтуынша, 1987 жылы рекордтық көрсеткішке жеткен.
Сол жылы 417 000 бала дүниеге келсе, тәуелсіздік жылдары ең жоғары көрсеткіш 2016 жылы тіркеліпті. Ол кезде 400 000 бала дүниеге келіпті.
Мұндай жоғары туу көрсеткіші мемлекет үшін «бөрікті аспанға атып» қуанатын жағдай. Өйткені мемлекеттің тәуелсіздігі халық санының көптігімен де өлшенетін кездер болады. Мақаш Тәтімов «Біздің халқымыз үшін демографиялық майдан – ең шешуші ұлттық майдан. Осы басты майданда жеңсек – ертең саясатта да, экономикада да, тіл мен ділде, мәдениет пен дінде, салт-дәстүрде де біржола жеңіп шығамыз. Дербестігіміз – демографияда…» деген екен.
Елімізде алғаш рет Әлеуметтік кодекс қабылданды
Сондықтан мемлекетіміз халықтың саны мен сапасын артыруға, көп балалы отбасыларды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар қабылдап, әлеуметтік саясатты реттеп отырады. Биыл елімізде шілденің бірінен бастап Әлеуметтік кодекс күшіне енді. Мұндай құжат елімізде алғаш рет қабылданып отыр.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице министрі Назгүл Сағындықованың айтуынша, жаңа әлеуметтік кодекс халыққа әлеуметтік көмек көрсетудің сапасын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ аталған кодекс адамның бүкіл өмір сүру кезеңін қамтиды. Атап айтқанда, онда туғаннан кәмелет жасқа толғанға дейінгі әлеуметтік қолдау, еңбекке қабілетті жаста жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру шаралары, өмірлік қиын жағдай туындаған кезде берілетін әлеуметтік көмек және жасы ұлғайған шақтағы қолдау көзделген.
Енді әлеуметтік қолдаудың барлығы осы бір құжат арқылы реттеледі. Бұл заңнама мемлекеттің халық алдындағы міндеттерін бір жүйеге топтастырғандығымен ерекше. Мұнда Отбасылық карта, атаулы әлеуметтік төлемдерді күшейту, мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қызмет көрсетудің қолжетімділігі, азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамту, сақтандыру жүйесін дамыту көзделген. Нәтижесінде халық санының өсуіне сәйкес мемлекеттің дамуының негізін құрайтын барлық салада ашықтық, әділдік қағидасын қалыптастыру мәселесі шешімін таба бастайды деген үміт бар. Жаңа, әділетті Қазақстан құру жолында «Еститін Үкімет» алдымен халықтың әлеуметтік, демографиялық ахуалын үнемі зерттей отырып, мемлекеттің өсіп-өркендеуін қамтамасыз ететін болады.
Тілекгүл ЕCДӘУЛЕТ