Дарынды ұрпақ – ел болашағы
Елордада кәмелетке толмағандардың әлеуетін дамыту мақсатында «Астана дарыны» дарынды балалар мен дарынды жастарды анықтау және қолдау орталығы жұмыс істейді. «Астана дарыны» орталығының міндеті – баланың зияткерлік қабілеттерін анықтау және қолдау, ойы мен дербестігін қалыптастыратын шығармашылық тұлғаның дамуына негіз болатын әртүрлі интеллектуалды іс-шараларды жүзеге асыру. Орталық мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілері мен бастауыш сынып оқушылары үшін бірқатар іс-шара өткізеді. «Жұлдызды жол» олимпиадасы, «Елорда еркетайы» шығармашылық байқауы, «Бестемше» спорт жарысы, 2-7 сынып оқушыларына арналған «Зерде» қалалық ғылыми-зерттеу жұмыстары мен ғылыми жобалар байқауы, 2-4 сынып оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиада. Орталық дарынды балалармен жұмыс жүйесін ой елегінен өткізе отырып, қазіргі уақытта дарындылығы әлі ашылмаған, бірақ өзінің шығармашылығы мен белсенділігімен танылуға мүмкіндігі бар балалардың дамуына жағдай жасайды. «Орталық жыл сайын 5-7 сынып оқушылары үшін жалпы білім беретін пәндер бойынша қалалық жасөспірімдер олимпиадасын, 5-6 сыныптар арасында республикалық пән олимпиадасын, география пәнінен Ұлттық олимпиада, химия және биология пәндер бойынша аймақтық олимпиада және т.б. өткізеді. Жоғары сынып оқушылары үшін – республикалық деңгейдегі президенттік және лингвистикалық олимпиадалар, жалпы білім беретін пәндер бойынша қалалық ғылыми жобалар байқауы, қалалық және республикалық «Абай оқулары», «Ақселеу оқулары», «Қадыр оқулары», «Мағжан оқулары», «Абай әлемі», «Менің кіші Отаным», «Моя инициатива – моей Родине», халықаралық STEM олимпиадасы, робототехника бойынша «Robotek Grand Tournament» қалалық турнир және т.б. конкурстар өткізіліп отырады. Орталықтың барлық қызметі жас дарындардың интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін жан-жақты дамытуға бағытталған және орталықтың үйлесімді жұмысының арқасында олимпиада қозғалысына қатысушылар саны да, сапасы да жыл сайын артып келеді.
10 сәуірде «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы Мәшһүр Жүсіп атындағы №57 орта мектептің базасында жалпы орта білім беру мекемелерінің 8-11 сынып оқушылары арасында республикалық «Мәшһүр Жүсіп оқулары» байқауының қалалық кезеңін өткізді. «Мәшһүр Жүсіп оқулары» байқауына 157 оқушы қатысып, төрт бағыт бойынша бақтарын сынады.
«Алдыма өлең жаз деп қағаз келген, Сөзімді сөйлеп бақтым мен де білген» — бағыты бойынша 28 оқушы қатысты. Жеңімпаздар саны – 11. «Бас болып өнер білсең, тіпті жақсы» бағыты бойынша 33 оқушы қатысты. Жеңімпаздар саны – 14. «Білімді зерек адам болам» — десең, «Қара өзіңді басқаның айнасымен» бағыты бойынша 58 оқушы қатысты. Жеңімпаздар саны – 25. «Мәшһүр Жүсіп шығармалары және «Ұлы даланың ұлы есімдері» бағыты бойынша 38 оқушы қатысты. Жеңімпаздар саны – 12. «Мәшһүр-Жүсіп оқулары» байқауы қалалық кезеңінің қорытындысы бойынша Гран-При иегерлері: «Алдыма өлең жаз деп қағаз келген, Сөзімді сөйлеп бақтым мен де білген» бағыты бойынша — Серикбаева Жанель (№ 79 МЛ, 11- сынып), «Бас болып өнер білсең, тіпті жақсы» бағыты бойынша — Шынболат Айымжан (№8 МЛ, 8-сынып); «Білімді зерек адам болам» — десең, Қара өзіңді басқаның айнасымен» бағыты бойынша — Барзу Аружан (№10 МГ, 9 — сынып); «Мәшһүр Жүсіп шығармалары және Ұлы даланың ұлы есімдері» — бағыты бойынша — Садық Мәди (№ 51 МГ, 9 — сынып).
Қазіргі кезде елордалық оқушылар арасында олимпиадалық қозғалысқа қызығушылық айтарлықтай жоғары, көптеген балалар бірнеше олимпиадада бағын сынап көреді. Өткен жылы елорданың олимпиадалық құрамасы жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиадада рекордтық медаль жеңіп алды – команда қоржынында 93 медаль: 24 алтын, 29 күміс және 40 қола медаль бар. Астана құрамасы жыл сайын «Үздік олимпиадалық команда» атағын жеңіп алады. Оқушылар Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Болгария, Венгрия, Кипр, АҚШ, Бразилия, Португалия, Колумбия және т.б. елдерінде өткен халықаралық зияткерлік жарыстарда лайықты өнер көрсетті.
Зияткерлік олимпиадаларға сапалы дайындалу және жоғары нәтиже көрсету үшін Орталық демалыс кезінде оқу-жаттығу жиындарын өткізеді, оған бұрынғы олимпиадалардың – өткен жылдардағы халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері жұмылдырылады.
Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА