Даралық пен даналық (Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев туралы толғаныс) (эссе)

Қазақ даласы қай заманда да, дарынды, ақылды адамдардан құралақан емес. Адамзат тарихының әр ғасырында да өз дәуіріне лайықты кемеңгер адамдар өмір сүрген. Сондай өз ғасырының біртума перзенттерінің бірегейі ретінде тарихтың алтын парақтарында өмір жолы мен қызметі хатталып, халқының жадында мәңгілікке сақталып қалған есім – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев десем, артық айтпаған болар едім. Міне, бүгінде бізге келген байқау да осының дәлелі емес пе? Ендеше атамыз жайлы неге ойтолғау жазбасқа? Ол үшін ақпарат көздерін қарап, шығармаларын оқып шығуға тура келді. Иә, мен өзіме керемет мәліметтерді ала отырып, тамаша бір сезімге бөлендім десем де болады. Ендеше, сол ақпаратпен сіздермен бөліскенді жөн көрдім.
Ғұмыр кешпей қара бастың қамы үшін,
Қорғадыңыз ел мен жердің намысын.
Тарих өзі таразылар, танытар,
Ұлық қазақ Қонаевтың сан ісін, — халық оның есімін ұлықтап жүр. Қазақтың маңдайына біткен біртуар ардақты азаматы Дінмұхаммед есімі де дара. Сан ғасырлар өтсе де, ұрпақтан-ұрпаққа мәңгі ұмытылмас өшпес із қалдырған көрнекті тұлғаның ел есінде халқы үшін жасаған игі істері ауыздан-ауызға тарап дархан даламызда әрқашан үлгі-өнеге болып келе жатыр.
Уақыт, иә сол уақыт Д.А.Қонаевтың есімі мен атқарған істеріне үстемдік ете алмайды. Керісінше жылдар өткен сайын, ол өмір сүрген кезең алыстай берген сайын оның қызметінің нәтижесі, бойындағы теңдессіз көркем мінезі одан бетер айқындала түсуде.
Оның дәлелі: біріншіден, тазалық пен тектіліктің иесі екендігі. Даналық бақпен емес, текті қанға, таза жанға бітетін асыл қасиет екен. Оған атамыздың мына нақыл сөзі «Панам да ел, данам да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім» деуі тектіліктің белгісі емес пе? Тағы бір әрекеті, Ілияс Есенберлинге жасаған қамқорлығы. Егер атамыздың көмегі болмаса, «Көшпенділер» атты трилогиясы тумас еді. «Алтын орда» кітабы жазылмас еді.
Екіншіден, атамыздың биік тұлғасынан тиянақтылық пен байсалдылықты көрдім. Оның дәлелі: «Менің тірі пендеге өкпем жоқ, ал менде кеткен өкпе-наз болса, ақ басымды иіп, мың қайтара кешірім сұраймын. Қиыншылық деген қиюы келмейтін іс емес. Жұмыла көтерейік». Қандай керемет айтылған сөз!
Үшіншіден, әзілдей сөйлеу әдеті кімді де болса жанына жақын тартып, әңгімеге шақырып, жасқаншақтық пен ашу-ызаға орын қалдырмайтыны.
Төртіншіден, кісімсінуді білмейтін, кездескен адамына кеуде көтермей, сонымен бірге өз дәрежесін де түсірмей сөйлей білетінтіндігі.
Бесіншіден, қоғам қайраткері болып қана емес, өзінің артына қалдырған нақыл сөздерімен де танымал. Мысалы, «Қанмен сіңгенді қасиеттемесең, қадірің болмайды», «Сенім – құдіретті күш: тауды да қозғайды» тағы басқа дана сөздері. Бұл нақыл сөздері арқылы Дінмұхамед атамыз нені айтқысы келген? Оның бұл сөздері нені білдіреді? «Қанмен сіңген» деген сөзді қалай түсінуімізге болады? Неліктен? Неге? — деген сансыз сұрақтар көкейімде тұр. Ендеше, жауабын бірге тауып, талқылайық.
Менің ойымша, Дінмұхамед Қонаев атамыздың бұл нақыл сөзімен толықтай келісуімізге болады. Өйткені, түсінген адам үшін, бұл нақыл сөздің мағынасы өте терең. Қанмен сіңгенді қасиеттемеген адам қадірсіз. Себебі, ол адам өз тарихын білмейтін адам. Өзінің еркіндігі, бостандығы, тәуел-сіздігі қандай жолмен келгендігін білмейтін адам.
Қорытындылай келе, өз ғасырының біртума перзенттерінің бірегейі ретінде тарихтың алтын парақтарында өмір жолы мен қызметі хатталып, халқының жадында мәңгілікке сақталып қалған, бүкіл қазақтың жүрегінен орын алған қайраткер атамыздың өз сөзімен аяқтауды жөн көрдім.
«Әркім өзі шыққан тауым биік болсын деген, үміт дүниесінің желкен қайығымен жүреді. Мен айтар едім: бос қиялдан гөрі еңбегіңе сен. Тәуекелдің төресі сол. Тауға да шығарады, дауылдан да алып өтеді».
Иә, атамыз туралы жазу –
парыз. Ұлы адамдар ешқашан ұмытылмайды.

Қайратбек Аяулым Нұржанқызы,
Тараз қаласы,
№47 орта мектебі КММ,
9-сынып оқушысы
Жетекшісі: Салтанат Нұраханқызы

ПІКІР ЖАЗУ