Болмысы бөлек жазушысы (Майдангер жазушы, драматург Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл)

«Кемел Тоқаев-парасатты жан. Үлкенге де, кішіге де ілтипатпен қарайтын, қандай игі істер атқарса да, ешкімге міндет артпай, заманына сай адал еңбек етті.
Менмендік, тәкаппар қылықтан ада, ақылды жан еді»

Ә.Ыдырысов, жазушы.

Биыл даңққа бөленген солдат, қаламы жүйрік жазушы Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл. Ол қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының алғаш жолын ашқан көрнекті қаламгер. Осыған орай Орал қалалық кітапханалар жүйесінің №15 филиалы «Болмысы бөлек тұлға» тақырыбында әдеби сағат ұйымдастырды. Оған Серебряково ЖОББ мектебінің 8 «А» сынып оқушылары қатысып, қаламгермен жақынырақ танысты. Шара барысында жазушының елеулі еңбектері насихатталып, өмір жолы мен шығармашылығы туралы ақпарат берілді.
Кемел Тоқаев 1923 жылы 2 қазан күні Алматы облысының Қаратал ауданындағы Қалпе ауылында дүниеге келген. Әкесі Тоқа ауыр шаруа еңбегімен айналысқан. Сонау аштық жылдары жазушы әке-шешеден ерте айырылып, балалар үйінде тәрбиеленіп шығады. Ол 1940 жылы мектеп бітіріп, қолына кәмелеттік аттестат алады.
Жастайынан журналист, жазушы болуды армандаған Кемел Тоқаев Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология бөліміне оқуға түседі. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Халықтық қорғаныс комиссариатының бұйрығымен Сталининград майданына аттанады. Ұлы Отан соғысында 226-атқыштар дивизиясының бөлімше командирі болған. 1945 жылы 21 қаңтарда Польша жерінде шабуыл кезінде Гвардия сержанты оң аяғынан жарақаттанып, госпитальда емделіп шыққаннан кейін комиссия ұйғарымымен ІІ топтағы соғыс мүгедегі ретінде әскери есептен шығарылады. Алматыға оралып, оқуын жалғастырады. Университетте оқып жүріп, академик М.О.Әуезовтен дәріс алады. 1948 жылы оқуын ойдағыдай бітіріп, еңбекке араласқан. Әр жылдары республикалық «Лениншіл Жас», «Социялистик Қазақстан» газеттерінде әдеби қызметкер, «Қазақстан пьонері» газетінде хатшы, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші қызметін атқарған.
Кемел Тоқаевты қалың оқырман шытырман оқиғалы дүниелер жазатын қаламгер ретінде жақсы біледі. Оқиғалары тосын, шиеленісті болып, оқырманын бірден баурап әкетеді. Оның қаламынан сұрапыл соғыс қасіретін суреттеген «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс», «Соңғы соққы» атты романдар, детектив жанрында «Түнде атылған оқ», «Тасқын», «Қастандық», «Көмескі із» т.б повесть, әңгімелері және «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?» және «Сиқырлы сырлар» деп аталатын пьесалар жарық көрді. Әрбір шығарма қаламгердің жан толқынысынан туады. Кемел Тоқаевтың болмысын, қаламгерлік қарымын тану үшін жазғандарын оқу керек. Сонда ғана жазушының жан сырына көз жеткізуге болады.

Сабирова Ұ.Қ.
Батыс Қазақстан облысы,
Орал қаласы, кітапханалар жүйесі №15 филиал меңгерушісі

ПІКІР ЖАЗУ