«BILIM Hackathon-2022» IT байқауы мәресіне жетті
Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау.
Cонымен қатар интернет технологияларының дамуына сәйкес, электронды қызмет көрсетудің сан алуан артықшылықтары күнделікті қоғамдық өмірге етене еніп келеді. Еліміздегі барлық білім саласын заман ағымына, уақыт талабына, дамыған елдердің көшіне қосу үшін бүгінгі ғылымда айналымға қосылып жатқан ғылыми технологияның қарышты даму мен жаңа цифрландыру жүйесінен қалыспауымыз керек. Осы орайда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов «BILIM Hackathon-2022» IT байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты.
Байқау Нұр-Сұлтан қаласында колледждер мен университеттер студенттері арасында Astana IT-University базасында офлайн форматта өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен 107 команда қатысты. Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған жарыстың жүлде қоры 3 миллион теңгені құрады. Қатысушылар білім саласындағы цифрлық жобаларды құру арқылы сайысқа түсті. Байқау шарты бойынша 24 сағат ішінде студенттер еркін немесе берілген тақырып бойынша жоба әзірлеуі керек болатын. – «Министрлік білім және ғылым саласында жаңа IT-шешімдерді құруға бастамашылық ету және болашақ ІТ мамандарды ынталандыру мақсатында байқауды өткізіп отыр. Сайысымызға 107 команданың қатысуы жастардың ІТ жобаларға қызығушылығының қаншалықты жоғары екенін көрсетеді. Бұл жастар білім беру ұйымдарын таныстырып қана қоймай, сонымен бірге үздіктердің үздігі атағына таласады. Хакатонның дәстүрі бойынша қатысушылар 24 сағат ішінде жобаларын әзірлеп, қазылар алқасына ұсынуы керек. Ең үздік жобалар білім беру саласына енгізіледі. Барлық қатысушыға сәттілік тілейміз», — деп Білім және ғылым вице-министрі Айбат Ілиясов қатысушыларға ақжол тіледі.
Белгілі IT-компаниялардың өкілдерінен құралған қазылар шешімімен жарысқа қатысуға өтініш берген 107 команданың 230 студенттен құралған 72 командасы финалға жолдама алды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетовтың айтуынша, байқау қатысушылары білім беру саласы бойынша өте қызықты цифрлық жобаларды ұсынған. Қазылар алқасының шешімімен Nazarbayev University және Astana IT University студенттері жеңімпаз атанды. Екінші орынды Назарбаев университетінің тағы бір командасы жеңіп алды. Үшінші орын Ғ. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің, Suleyman Demirel University және Astana IT University студенттерінен құралған командасына бұйырды. Жеңімпаздарға бірінші орын үшін 1,5 миллион теңге, екінші орынға 1 000 000 теңгені, үшінші орын үшін 500 000 теңге көлемінде сыйлық табысталды.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде министр Асхат Аймағанбетов:
– «Жеңімпаз студенттер ақшалай сыйлықтармен қоса, Daryn online, BTS Education, EDUS және Mail.kz және басқа да қазақстандық IT-компанияларда жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар кейбір цифрлық шешімдер өз инвесторларын тауып үлгерді. Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын! Барлық қатысушыға қызықты идеялары үшін алғысымды білдіремін», — деді.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ