Бастауыш сыныптарда ертегілерді оқытудың маңыздылығы
«Бастауыш білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары баланың жеке басын қалыптастыруға, оның жеке қабілеттерін, оқу ісіндегі оң талпынысы мен алғырлығын: негізгі мектептің білім беру бағдарламаларын кеңінен меңгеру үшін оқудың, жазудың, есептеудің, тілдік қатынастың, шығармашылық тұрғыда өзін-өзі көрсетудің, мінез-құлық мәдениетінің берік дағдыларын дамытуға бағытталған».
Бұл орайда бастауыш сатыда балалардың жеке ерекшеліктерін дамытуда ертегінің алар орны ерекше. Ертегілер әрқашан да қазақ халқының өмірінде маңызды рөл атқарып келген. Себебі, ертегілердің мазмұнында халықтың тұрмыс тіршілігі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, бүкіл болмысы, адамдардың өзара қарым-қатынасы, мінез-құлқы бейнеленген. Ұрпақ тәрбиесінде ең тиімді тәрбие құралы ретінде ертегілер тілі жеңіл, түсінуге оңай болғандықтан ертегілердің балаларға отансүйгіштік, еңбексүйгіштік және тағы басқа тәрбие беруде ғана емес, олардың тілін дамытуда да атқаратын қызметінің маңызы өте зор. Ертегілер бастауыш мектеп оқушыларының ой-өрісін жетілдіріп, Отан сүюге, елін қорғауға, өнерді игеруге, жалпы адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіруге септігін тигізеді. Сонымен қатар баланың сөздік қорын да молайтуда қызметі өте зор. Ой-өрісі дамып, сөздік қоры молайған баланың айтар ойы да, істер ісі де өнегелі болмақ. Демек, бала тілін дамыту қоғам дамыған сайын күнделікті қажеттілікке айнала беретін ең өзекті мәселелердің бірі. Оның үстіне еліміз егемендік алғалы бері мемлекеттік тілде сөйлеу, оны оқыту, әдістемесін жетілдіру, бала тілінің дамуы мен сөздік қорының молаю мәселесі әдіскер ғалымдардың зерттеуінен түспей жүрген мәселелердің бірі.
Бастауыш сыныпта ертегілерді оқытудың маңызы зор. Ертегі – халық шығармасы, халық мұрасы. Онда халықтың ертеңге деген сенімі мен үміт-арманы, әділдік пен шындық, бақыт туралы ойлары тоғысып жатады. Қай халық болсын өзінің даму жолында қилы-қилы тарихи кезеңдерден өтеді. Жақсылық пен жамандықтың бітіспес тайталасын бастан кешіреді. Ертегі қаһармандарының үнемі күрес үстінде көрінетіні және осы жолда жеңіске жететіні, әділдіктік әркез үстем болатыны, халықтың осынау көкейтесті ой-арманының көрінісі. Халық ойының аса бай құнарынан жаратылғандықтан да ертегі әрбір оқушы үшін ерекше маңызға ие. Әр алуан ертегілермен танысу оқушыны қиялдай білуге үйретеді. Халықтық тәрбиенің қасиетті бұлағынан сусындауға мүмкіндік жасайды. Ел мен жерге деген сүйіспеншілігін оятады, азаматтық көзқарасының алғашқы негізінің қалыптасуына септігін тигізеді. Жалпы алғанда ертегі бастауыш сынып оқушыларын оқуға ынталандыратын шығармалардың бірі. Қазақ халқының педагогикалық қағидалары «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Беске дейін піріңдей күт, он беске дейін құлыңдай жұмса», « Баланы жастан…» т.б. сияқты түсініктермен толықтай дәлелденген, теориялық ұғымдар. Халық балаға жастай тәрбие беруде баланың қалыптасып жетілуіне тікелей ықпал ететін тәрбиелік дүниелерді, ертегілер, батырлар жыры, ұлттық ойындар т.б пайдаланған. Ертегіден халықтың әр кездегі тұрмыс-тіршілігі, қоғамдық өмірі, ой-арманы, дүниетанымы мен көзқарасы көрінеді. Сондықтан да Белинский мұны «Халық жанының айнасы» деген болатын. (2.105).
«Ертегілер халықтық педагогиканың алғашқы және тамаша үлгілері. Ертегілердегідей халықтың асқан даналық тәрбиесімен тепе-тең келетін бірде-бір тәрбие құралы жоқ» деген болатын (3.13). Ертегілердің ішіндегі баланың қиялын шарықтатып, бала шақтың болашағын елестетіп, келешекке сеніммен қарауға тәрбиелейтін ең әсерлі ертегілер – қиял ғажайып ертегілері. (4.57). Ертегілер балалардың жастай ақыл-ой жағынан дамуына, адамгершілік жағынан жетілуінде ерекше орын алады. Ақыл-ой жағынан даму дегенде балалардың ертегідегі небір оқиғаларды, қиял-ғажайып суреттерді көз алдына елестетіп, қиялының дамуын, реалды күнделікті өмір сырларын тануға деген фантазиялық ойлау әрекеттерінің жетілуін түсінеміз. Қазақ ертегілеріндегі бір қанатының өзі жайып жібергенде айшылық жерді алып кететін самұрық, көзді ашып-жұмғанша айшылық жерді алты-ақ аттайтын тұлпар, жүрісіне шаң ілеспейтін желаяқ, бір тауды көтеріп бір таудың үстіне қоятын таусоғар, бір өзі үлкен дарияны бір-ақ ұрттайтын көлтауысар бейнелерін көз алдына елестету бала қиялына әсер етіп, ойлау қабілетіне тікелей ықпал ететін жоғары тәрбиелік дүниелер болып табылады. Бұл қиял түрлері әртүрлі елестетулердің өзгеріп, өңделуінің арқасында жасалып отырады. Қиялдағы елестерді топтастырудың қарапайым түрі агглютинация деп аталады. Осы әдіс арқылы ертегілердегі мифологиялық бейнелер (жезтырнақ) т.б құрастырылады, сол сияқты қиял бейнелерін жасауға қатысатын әдістердің бірі – гипербола. Гипербола деп нәрсенің жеке сипаттары, белгілері үлкейтіліп көрсетілуін айтады. Ертегілерде қиял-ғажайып бейнелерді жасауда гипербола көп қолданылады (жеті басты айдаһар, самұрық құс т.б). Адамгершілік деген уақытта ертегінің ең басты ерекшелігі оның жағымды кейіпкерінің өз мұратына жетуі үшін ол кейіпкер әділ, тапқыр, батыл, күшті, ақылды болып келеді. Демек, бала ертегіні оқи отырып өмірде бақытты болу үшін, өмірдің ең жоғарғы мұратына жету үшін, адамға керек басты қасиеттердің не екендігін жастай түсініп қана қоймай, оны өз бойында қалыптастыруға тырысушылығын көруімізге болады. Керісінше, ертедегі жағымсыз кейіпкерлер яғни, өтірік айтатын, біреуді алдап, басқа біреудің еңбегі арқылы күн көретін адамдардың өз мұратына жете алмай, орта жолда қалып отыратынына бала өзінің түсінігіне сәйкес қарсы сезімде тәрбиеленетінін байқаймыз.
Ертегілердің балаға тәрбиелік әсері жөнінде айтқан уақытта оның құүрылысы бала психологиясына соншалықты әсер ететіндей етіп алынады. Ертегілердің қарапайым өмірді көрсететіні жартысынан аз бөлігі болса, жартысынан көп бөлігі өмір қиындығын көрсетеді, ал өмір қызығын, тәттілігін көрсететін бөлігі аз-ақ сөйлеммен беріледі, яғни, ертегінің басты кейіпкері, не бір қиындықтарды бастан кешіре жүріп соңынан көздеген мақсатына жетеді. Бұдан ертегілердің баланың өмірге құштар да жігерлі, талапты болып өсуіне тікелей ықпал ететін тәрбиелік жағын көруімізге болады.
Қазақ халқының ертегілері мейірімділікке, адалдыққа, әділеттікке, еңбексүйгіштікке, тазалыққа, достыққа, ерлікке, әдептілікке тәрбиелейді. Әрдайым татулық, бірлік, ынтымақ жеңетінін көрсетеді. Сондықтан ертегі балалардың рухани өмірінің айырылмас досы. Халықтың ауыз әдебиетінің тәрбиелік мәні күшті болуы да сонда. Ол баланы алған ісін аяғына дейін табыспен аяқтауға, қиял шалқытып, ой-өрісін кеңейтуге себепші болады.
Қорыта айтқанда, ақыл-ойы жақсы дамыған жас ұрпақ тәрбиелеуде халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тәжірибесіне негізделген тәрбиенің орны ерекше. Соның негізінде халық өзінің біртұтастығын сақтап, байтақ өңірді алып жатқан өзен-көлін, жер-суын, жазиралы даласын қорғап, өркениетті бірыңғай дамуын қамтамасыз етті.
Бүгінгі алда тұрған міндет тарихи қалыптасқан халықтық тәрбиенің атқарған қызметтерін жан-жақты ашып қою ғана емес, одан қазіргі ұлттық мектеп қалыптастыруға қажетті баға жетпес тұстарын ала білу. Ол үшін: баланың есін, тілін, қиялын дамытуда ауыз әдебиетінің туындыларын ғылыми негізде қолдап және бастауыш сыныптарда, балалар бақшаларында бірыңғай ауыз әдебиетін оқытуды қамтамасыз ете отырып, оның тағылымдық мәнін барған сайын толық, терең пайдалана білуіміз қажет.
Жантасова Назым Мухамедхаировна, Астана қаласы, Қайым Мұхамедханов атындағы «№ 90 гимназия» КММ, бастауыш сынып мұғалімі