Балалар арасындағы буллинг

Буллинг — бұл баланың психикасына, тұлғалық дамуына, тіпті өмірге деген көзқарасына теріс әсер ететін аса қауіпті әлеуметтік құбылыс. Ол мектептерде, балабақшаларда, үйде немесе интернетте де орын алуы мүмкін. Назарларыңызға тәжірибелі психолог маман Бердиева Зауре ханымның буллинг туралы пікірін ұсынамыз. «Буллинг — жай ғана “балалар ойыны” немесе “өзара кикілжің” емес. Бұл — құқық бұзушылық, және оған кешенді, жүйелі түрде қарсы тұру қажет. Әрбір бала — қорғануға, махаббат пен қолдауға лайық. Сондықтан біз, үлкендер, олардың қауіпсіздігі мен психологиялық саулығына толық жауаптымыз. Психолог ретінде мен бұл мәселеге ерекше назар аудару қажет деп санаймын» дейді маман. Психолог буллингтің кез келген түрі қауіпті екенін айтады. Маманның сөзінше, қазіргі уақытта әлеуметтік желілер мен технологиялардың жаңа деңгейге шығуы балалар арасындағы буллингті де жаңа деңгейге көтерген. Буллинг көп жағдайда физикалық қысымнан ғана тұрмайды. Көбінесе психологиялық шабуыл: қорлау, жаман сөздер айту, келемеждеу, өсек пен өтірік сөз тарату және шеттетуден тұрады. Әсіресе соңғысы балалардың өз ортасынан алшақтап, жалғыздықтан суицидке баруына әсер етеді, дейді ол.

«Балалар арасындағы буллинг бұрыннан бар нәрсе. Тек қазіргі уақытта телефонға түсіріп алу, оны таратып жіберу секілді әрекеттер бұл мәселені одан бетер өршітіп жіберді. Сонымен қатар қазір буллингтің физикалық түріне қарағанда психологиялық шабуылы көбірек байқалады. Балалар арасындағы суицидтің көп белең алып кетуі де осыған байланысты. Алайда біз бұдан физикалық буллингке қарағанда оның психологиялық түрі қауіпті болады деп айта алмаймыз. Бұлардың екеуі де қауіпті. Мысалы, физикалық шабуыл кезінде қудалауға ұшыраған баланы итеріп жіберіп немесе ауыр соққы жасаса, психологиялық түрінде баланы шеттету, мазақтау, күлкіге айналдыру болады. Мұның барлығы да ақыл-есі қатпаған жасөспірімге ауыр әсер етеді.

Мысалы былтырғы оқу жылының орта шенінде маған жоғары сыныпта оқитын қыз келді. Оның айтуынша мектепте соңғы кезде  бірнеше сыныптасы мазақтап, ол туралы жаман сөздер айтып жүр екен. Кейде желіде де түрлі суреттер таратқан. Сабаққа барғысы келмейтіндігі. Өзін жалғыз, қажетсіз сезінетіндігін айтты. Мұғалімдерге айтса “арызқой” деп айтатын сияқты болып көрінеді. Ата-анасына да айтқысы  келмейтіндігін. Уайымдап қалады деп ойлайтындығын айтты. Мен ол қызды мұқият тыңдап,  мынандай кеңес бердім.

Өкінішті жағдай екен, сен өте дұрыс жасап отырсың — бұл туралы айтып келуің батыл қадам. Бұл — буллинг деп аталатын жағдай, және ол мүлде жол беруге болмайтын нәрсе. Бұл сезімдердің бәрі түсінікті. Бірақ сен еш кінәлі емессің. Буллинг – бұл құқық бұзушылық. Біз оны бірге тоқтатуға тырысамыз. Ең бастысы – сен жалғыз емессің. Мен, мұғалімдер, мектеп басшылығы – бәріміз саған көмектесе аламыз. Ата-анаң – саған ең жақын адамдар. Олар қолдау көрсетуге әрқашан дайын. Қаласаң, мен сенің ата-анаңмен бірге сөйлесіп, бұл жағдайды дұрыс түсіндіре аламын. Барлығын біртіндеп шешеміз. Бірінші қадам – бұл жағдайды мектеп әкімшілігіне хабарлап, сенің қауіпсіздігіңді қамтамасыз ету. Содан кейін, буллингке қатысы бар оқушылармен жеке жұмыс жүргізіледі. Сонымен қатар, саған арнайы психологиялық қолдау көрсетіледі – сен өзіңді қайтадан сенімді сезінетін боласың. Есіңде болсын: сені тыңдайтын, түсінетін адамдар бар. Кейіннен бұл мәселе толық шешіліп. Бәрі қалыпқа келді. Сондықтан кез келген жағдайда буллингтің құрбаны болып жүре бермей. Мамандарға жүгніген жөн», –  дейді психолог.

 

Неліктен буллинг қауіпті?

Буллингтің салдары өте ауыр болуы мүмкін. Ол баланың:

  • Өз-өзіне деген сенімін жояды;
  • Эмоционалдық күйзеліс тудырады (депрессия, мазасыздық);
  • Оқу үлгерімін нашарлатады;
  • Жалғыздық пен оқшаулануға итермелейді;
  • Кей жағдайларда суицидтік ойларға дейін әкелуі мүмкін.

Буллингтің белгілері:

 

Ата-ана мен мұғалімдер үшін буллингті ерте кезеңде байқау маңызды. Келесі белгілерге назар аудару керек:

  • Бала мектепке барғысы келмейді, өзін жайсыз сезінеді;
  • Көңіл-күйі тұрақсыз, тұйықталып кетеді;
  • Денесінде көгерген іздер, жыртылған киім сияқты белгілер байқалады;
  • Желіде немесе телефон арқылы белгісіз хабарламалар алады;
  • Достарынан оқшауланады, жалғыз жүреді.

 

Буллингке жол бермеу – ата-ана, мектеп, бала және қоғамның бірлескен жұмысы. Психолог ретінде мен келесі қадамдарды ұсынамын:

  1. Бала тыңдалуы тиіс. Ешқашан “бос нәрсе” деп бағаламау керек.
  2. Қауіпсіз орта қалыптастыру қажет. Мектепте буллингке “нөлдік төзімділік” ұстанымы енгізілуі керек.
  3. Буллермен жеке жұмыс жүргізу маңызды. Ол да өз әрекетінің салдарын түсінуі қажет.
  4. Психологиялық қолдау көрсету. Құрбан болған балаға арнайы консультациялар мен тренингтер өткізілуі тиіс.
  5. Ата-анамен байланыс орнату. Отбасында түсіністік пен қолдау болса, бала тезірек қалпына келеді.

Психолог мектептегі буллинг көбіне бастауыш және орта сыныптарда кездесетінін айтады. Ағылшын тілінен аударғанда “bullying” «кемсіту», “келемеждеу”, “қорлау” деген мағынаны білдіреді. Қарапайым тілмен айтқанда, буллинг дегеніміз – адамның өзгеге күш көрсетуі, қорлауы. 10-11 сыныптарда ми құрылымдарының жетілу процестерінің және жасөспірімдердің өзін-өзі реттеу қабілетінің аясында мұндай мәселелер бірте-бірте жойылады.

«Басталған буллингті тоқтату өте қиын. Оның қатысушылары да көп болады. Мәселен, буллер қудалауды ойлап тауып, оны жүзеге асырады. Бақылаушылар – олар даудан алшақ жүреді, бірақ болып жатқан жағдайға жақтау немесе қарсылық реакциясын білдіреді. Соңғысы – құрбан болған бала. Психологияда тіпті «бақылаушының жарақаты» деген термин бар. Көп жағдайда балалар үздіксіз зорлық-зомбылықтың куәгері болу тәжірибесін өз бетімен жеңе алмайды. Яғни буллинг тек құрбан болған баланың ғана емес, үнсіз бақылаушы баланың да психикалық денсаулығына зиян келтіреді», – деп түсіндіреді маман.

Буллингтің белгілері мен отбасының әсері

Психолог буллингке баратын балалардың да психологиялық ерекшеліктеріне мән беру қажет деп санайды. Өйткені отбасының әл-ауқатына, ата-анасының қамқорлығына және даму деңгейіне қарамастан, кез келген бала қорлаудың құрбаны болуы мүмкін. Агрессия олардың балаларына қарсы бағытталмағанын көрсе де, ересектердің мұндай мәселелерді бақылауда ұстауы маңызды дейді ол.

«Көп жағдайда ата-анасы ажырасып кеткен болмаса бақылаудан шығып қалған балалар агрессияға бір табан жақын болады. Олар өздерінің басқалардан төмен екенін байқатпау үшін, (психологияда оны «қорғаныс механизмі» дейді), сол секілді әкесінің жоқ екені туралы сұрақ туындамас үшін бейсаналық инстинкт бойынша қудалау әрекеттеріне барады. Егер бала буллингтің құрбаны болып, бірақ өзі мұны айтпаса, оны мынадай физикалық және психологиялық белгілерінен байқай аламыз. Олар: ауыру белгілері, мектепке баруға зауқы болмайды яки мектепке кеттім деп басқа жерде жүреді. Алаңдаушылық пен уайым. Сөйлеуге зауқы болмайды және көбінесе оңашаланып жүреді», – деп жалғады психолог.

Психолог мектептегі буллингтің барлық балалар үшін жағымсыз салдарға алып келетінін жеткізді. Сондай-ақ отбасындағы тәрбиенің де баланың өсіп-жетілуіне, оның үйден шыққандағы әрекетіне толық әсер етеді.

«Әр отбасының тәрбиесі әр алуан болатыны түсінікті. Ата-ананың барлығы баласына дұрыс тәрбие беріп, түзу жолда жүрсе екен дейді. Үйде баланың өз бетімен шешім қабылдауына мүмкіншілік беру қажет. Кейде баланың бетінен қақпай, көкке көтеріп өсірудің өзі теріс әсер ететінін жағдайлар кездеседі. Сонымен қатар авторитарлық отбасылар болады. Баланы қысып ұстау, оның пікірін тыңдамау, ұрып-соғу деген секілді. Осындай жағдайларда бала ішінде жиналып қалған агрессиясын сыртқа шығарады. Бұл мектепке келіп басқа балаларды кемсітумен, мазақтаумен көрініс табуы ықтимал», – деп қосты психолог.

Буллингтің алдын алу үшін не істеу керек?

Психологтың сөзіне сүйенсек, жасөспірімдер арасындағы буллинг – кешенді тәсілді қажет ететін мәселе. Мектептегі қудалаумен бала жалғыз өзі емес, бүкіл тарап – оқушының өзімен қатар ата-ана мен мұғалім де күресуі керек. Буллингке ұшырағандарға айтылатын алғашқы кеңес – маманның көмегіне жүгінген жөн. Психолог бұл мәселелерді жік-жікке бөліп айтып берді.

Ата-анаға ақыл-кеңес

«Алдымен ата-анасы не істеуі керек, осыған тоқталайық. Қорлық көрген баланың ата-анасы көп жағдайда кінә, ұят, ашу және әлсіздік секілді сезімдерді басынан өткереді. Осыған байланысты кейде қолдау мен жанашырлықтың орнына олар: «Неге қарсы жауап бермедің?», «Әлсіз болма!», «Өзің кінәлісің» деген секілді сөздер айтып, баланың өзін айыптайды. Бұл кез келген отбасының басынан өтуі мүмкін екенін ұмытпау шарт. Бұл жерде ешкімнің кінәсі жоқ, әсіресе баланың. Керісінше, мына сөздер бала мен ата-ананың әңгімесіне оң әсер етеді:

«Мен саған сенемін». Бұл балаға кез келген жағдайда өзін жалғыз емес екенін ұқтырады;

«Бұл сенің кінәң емес». Осы арқылы балаға мұндай мәселеге тап болып тұрған өзі ғана емес екенін түсіндіру маңызды;

«Мен сені жақсы көремін және енді қайта қауіп төнбес үшін барлығын жасаймын». Бұл балаға қорғаныш сезімін ұялатып, болашаққа үмітпен қарауына көмектеседі.

Балаңыз кез келген жағдайда көмек сұрауға дайын болатындай әрқашан сенімді қарым-қатынас орнатыңыз».

Мұғалімге ақыл-кеңес

«Мектептегі және сыныптағы буллингпен күрес мәселесі бұл да үлкен тақырып. Мұғалімдер әсіресе балалардың ата-анасымен тығыз байланыста болуы керек. Өйткені көбінесе ата-анасы баласының сыртқа шыққандағы мінез-құлқынан хабары болмай қалады. Содан соң сыныпта ортақ жағымды атмосфера қалыптастыру маңызды. Бұзақылыққа баратын балаларды сынып арқылы тәрбиелеу секілді. Басқа мектепке ауысу кез келген жағдайда балаға көмегін бере бермейді, себебі қудалау жалғасуы мүмкін».

Баланың өзіне ақыл-кеңес

«Жасөспірім өзінің жасына байланысты буллингтен өзін қорғап қала алмайды. Бұл үлкендердің жұмысы. Дегенмен, мұндай мәселелердің алдын алу үшін ересектер балаларға түсіндіруі керек негізгі мәселелер бар:

Өзі сенім артатын үлкендерге болып жатқан қысым туралы айту;

Қудалауға қатігездікпен жауап берем деп үміттену дұрыс емес. Бұл тағы да басқа мәселелерді тудыруы мүмкін;

Егер буллингтің куәгері болған жағдайда оны назардан тыс қалдырмауды үйрету».

Буллинг пен кибербуллингтің баланың болашағына әсері қандай?

Психолог мектеп кезінде үнемі қудалауға ұшыраған баланың өз-өзін көрсетуі, көшбасшылық қабілеттері мен өзіне сенімділігі төмен болатынын айтады. Мектеп табалдырығынан басталған буллинг баланы ер жеткен шағында да ізінен еріп жүруі мүмкін, дейді ол.

«Буллингке ұшыраған балаға дер кезінде көмек қолын созбаса, ол үнемі біреуден көмек күтіп, арқа сүйеп қалады. Үлкейгенде қолына билік түсетін болса, бала кезінен қалып қойған агрессиясын айналасындағыларға көрсетеді. Жан-жағындағыларға ұрсып, күш көрсетіп жүрген адамдарды психологияда жастайынан «жараланған» жан ретінде қарастырады», – дейді психолог.

Психолог сонымен қатар балалар арасындағы кибербуллинг мәселесіне де тоқталды. Маман балалардың өміріне түрлі гаджеттер мен ойындардың араласып кетуі оларға қарсы көрсеткіштердің болатынын айтады.

«Балалардың 80% телефон мен компьютерге тәуелді болып қалған. Көп жағдайда ойынға беріліп кеткен балалар виртуалды әлемді шынайы өмірмен шатастырып алады да, суицид пен басқа да әрекеттер оларға оңай болып көрінеді. Жоғарыда айтқанымыздай санасы қатаймаған балалар мұны жете түсіне алмайды. Сонымен қоса суицид туралы оқиғаларды балалардың көруіне шектеу қою қажет. Себебі мұны көрген баланың кейбірінің батылдығы оянып, кейбірінің қызығушылығы оянып, осындай әрекетке барып жатады. Себебі балалардың психологиясы әртүрлі болатынын айттық, осы себепті олар ақпаратты да әртүрлі қабылдайды», – деп түсіндірді психолог.

 Балаларды буллингтен қорғау

Психолог балалар арасындағы буллингті мүлдем жою мүмкін емес екенін айтады. Бірақ алдын алу шаралары арқылы оны азайта аламыз, дейді маман.

«Елімізде мектептегі буллинг мәселесі балалар арасында қалыпты жағдай секілді болып қалған. Алайда бұл олай емес, бұл мәселемен кешенді күрес жүргізу қажет. Бұл ретте Еуропа елдеріндегі мектеп тәрбиесін зерттеп, керек жағын алғанымыз да абзал. Мәселен, еуропалық мектептерде балалардың киім үлгісіне еркіндік берілген. Сол секілді жасөспірімдермен жастайынан ашық әңгімелесіп, диалог орната алады. Бізде керісінше, бала ішіндегіні айтудан жасқанатын кездер аз емес. Осының барлығы бұл мәселені шешуді қиындатып жібереді. Біз буллингті түбегейлі жойып жібере алмаймыз. Бұл бұрын болған, қазір де қайталанады. Тек осыған өзіміз дайын болып, балалар арасындағы қудалау мен қысымды азайта аламыз», –  деп түйіндеді психолог.

Психолог сөзін түйіндей келе әрбір ата-анаға өз баласымен ашық әңгімелесуді, мектеп қабырғасында өзі немесе басқа бала қысымға ұшыраса не істеу қажет екенін түсіндіруге кеңес береді. Сонымен бірге баланың өзі агрессорға айналып кетпес үшін, айналасына деген құрмет пен сүйіспеншілікті арттыру қажет деп санайды.

Г.ТҰРЛЫБЕКОВА

ПІКІР ЖАЗУ