Балалар әдебиетіне олжа салған қаламгер (жазушы Кемел Тоқаев – 100)

Кемел Тоқаев (1923-1986). Кеңес чекистері тақырыбына арналған оннан астам кітабы қазақ және орыс тілдерінде басылып шықты. Қазақстандағы дедектив жанрының атасы. «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?», «Сиқырлы сырлар» деп аталатын пьесалардың авторы. «Жұлдызды жорық» әңгімелер жинағы 1954 жылы, «Қыс қарлығашы» повестьі 1958 жылы, «Болашақ туралы ойлар» повестері 1955 жылы, «Түнде атылған оқ» повестері 1971 жылы, «Қастандық» повесті 1965 жылы, «Арнаулы тапсырма» повесті 1965 жылы, «Сарқабандағы болған оқиға» повесті 1975 жылы, «Таңбалы алтын» повесті 1977 жылы, «Соңғы соққы» романы 1981 жылы, «Солдат алысқа кетті» романы 1983 жылы, «Ұясынан безген құс» романы 1983 жылы жарық көрген. Соңғы жылдар да әлденеше мәрте көп томдықтары басылып шықты.

Өмір сүруіміз бен тіршілік өрісімізге қарай айналамызға назар аударып жүреміз. Бір шығармашылық адамы ретінде өзіңнің ыңғайыңа келетін тақырыптар қызығушылық тудыратыны тағы бар. Әр жылдың басындағы «Мөлдір бұлақ» журналының жұмыс жоспарында көптеген қаламгерлердің мерейтойлары мен атаулы күндеріне көзжүгіртіп отырамыз. Журналымыз балаларға арналған басылым болған соң әр жылы айтулы бір тұлғаның өмірі мен шығармашылығын басты назарда ұстай отырып, мектеп табалдырығында жүрген оқушыларға шығармашылық эссе жазу байқауын өткізіп келе жатырмыз. 2021 жылы Жетісу жерінен шығып жетіықылымға аты жайылған ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы туралы, 2022 жылы ұлы дүбірлі жылдары қызмет етіп, ұланғайыр даламыздың тағдырына бас қатырған Алаш ардақтысы, Торғайда туып, тоғыз жолдың торабы Алматыда ақырғы күндерін өткізген, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы хақында іс-шара өткіздік. Ендігі кезекте 2023 жылы отанымыздың көрікті көркем өлкесі Баянауыл байтағында жарық дүние есігін ашып, басынан мың сан қиындықтарды өткізе жүріп ғасыр жасаған, балалар әдебиетінің атасы атанған Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығы туралы байқау ұйымдастырып отырмыз. Біз сонда балаларға тағы кімдерді айтуға болады деген мәселеге тоқталып, 110 жылдығы ел көлемінде аталып жатқан Рахметолла Райымқұловтың және Мұз ағамызбен түйдей құрдас, қазақстандағы дедектив жанрының негізін қалаған, өзінің қысқа ғана 63 жылдық ғұмырында тынымсыз еңбектеніп, қыруар шығармалырын соңына қалдырған, туғанына 100 жыл толып отырған жазушы Кемел Тоқаевтың да балалар әдебиетіне ден қойып, арнайы атбасын бұрып көркем еңбектер жазғанын байқадық. Арнайы жоспарымызды жасап, журналымызда шығармаларын бере бастадық. Сол бір сұрапыл жылдарда өмір сүріп, қымқуыт қиын кезеңде еңбек еткен ағаларымыз ұрпақ қамын ойлап, ұлттың болашағы болған балалар тақырыбына да тоқталып өткен екен. Аталған Рахметолла Райымқұлов та, Кемел Тоқаев та, өздерінің негізгі жанрларына жанасалай ең нәзік, ең қажетті өріске ат басын бұрып аялдапты. Біз олардың еңбектерін бүгінгі күннің жас оқырмандарына бере бастадық. Талдап таразылап таныстыруды жөн санадық.


Жазушы, еліміздегі дедектив жанрының ең бір биігіне шыққан, Кемел Тоқаев туралы осы күнге дейін қыруар еңбектер, монографиялар жазылып аталып келеді. Бала кезімізде ағылшын жазушысы Артур Конан Дойлдің (1859-1930) дедектив жанрында жазылған көптеген повестерін бірінің соңынан бірін оқыдық. «Қан мен жазылған жазу», «Алынған кек», «Төрт есім», «Баскровильдің иті»… секілді еңбектерін ауыздан ауызға жалғап, ертек айтқандай жеткізіп жүрдік. Сол арқылы Шерлок Холмсті қазақтың бір ізкесушісі секілді қабылдап та кетіп едік. Шығарманың салған терең ізі ойымыздан ойып тұрып орын алды. Содан да болар, қолымызға тиген дедектив жанры болса, жата-жастана оқыдық. Қытайдың «Жау артқы шебінде» деген романы, әлем әдебиетінен «Д ақапарат мекемесі» қатарлы кітаптар да жадымыздан шықпайды. Сол тізбек жалғаса келе, Кемел Тоқаевтың дедектив жанрындағы әңгіме, повест, романдарына ұласты. Қаламгер отанымызда орны олқы, күтіп жүрген оқырманы көп тың дүниеге терең бойлапты. Ол туралы жазылған мақалалардың ішінен, «Кемел қазақ жазушыларның ішіндегі оқырманы ең көп қаламгерлердің бірі болды. Өзі таңдап алып, негізін қалаған дедектив жанрда алдына жан салған жоқ» деген көрнекті жазушы, отан соғысының ардагері Әзілхан Нұқршайықовтың жазбасына көзіміз түсті. Кемел ағаны өзіміз көрмеген соң ол кісінің сыр-сипатын замандас қаламгерлері мен алды артындағы аға-інілерінің жазбасынан жақсы біліп жүрміз. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы-драматург Баққожа Мұқай аға былай деп еске алыпты: «Ол – қазақтың бәрін дос көруге тырысқан адам. …Пьесаны қайта жазуға тура келді. Тың деректерді қайдан аларымды білмей қиналып жүргенім де Кемел аға қолұшын берді. Сол кезде «Қазақстан» баспасы оның орыс тіліндегі кітабын бес жүз мың данамен басып шығарды. Керемет таралым!» — депті. Осындай сөзді ақын, жазушы Рафаэль Ниязбектің мақаласынан да оқыдым, жазушының «Соңғы соққы» романының төрт жүз елу мың тиражбен басылып шыққанын айтады. Шынында керемет сан емес пе!… Бұл пікірлерден білетініміз, Кемел Тоқаев өз кезінде жазу жағынан да, жариялану жағынан да шың басына ту тіккен қаламгер екенін көруге болады. Ойлап отырсақ, осынау күрделі ақтаңдап болып кемшін түсіп жатқан дедектив жанрына бару өзгеше бір қалау мен ішкі түйсіктің нәтижесі деп білемін. Жазушы бала кезінен бастап әлем әдебиетін, қала берді орыс әдебиетін көп оқығаны аңғарылады. Солардың қатарында біз жоғарыда атап өткен Артур Конан Дойлді сүзіп шыққаны анық. Онан кейінгі соғыс жылдарындағы бес жылдық қанмайдан қасап, әскери барлау, жауынгерлік тапсырмалар оның дедектив жанрына баруына жақсы «орай» болғаны сезіледі. Сонан соң қаламгердің ішкі жандүниесіндегі логика, қисын, ой жүгірту мен пкір білдіру жүйесі терең болғандықтан, оның батылдықпен қалам тартуына негіз болғаны бесенеден белгілі. Қаламгерде психологиялық дайындық болу мен тең өзін шарттап қатаң түрде мәжбүрлеудің де нышанын аңғарамыз. Соғыс тақырыбын да жазған жазушылар аз емес. Ал, Кемел Тоқаев болса, солардан алабөтен көздеген көмбесін басқаша бағытпен өрбітіп дедективке қарай бұра отырып, өріп шығу өзіне өзі міндеттеуден туатын батыл шешім. Бұл жанрдың оқырман үшін бірнеше жақтан пайдасы басым. Оқып отырған адам автормен бірге толғанады, ойланады, «енді не болар екен?» деп отырып, шығарманың қызығына батады. Сонан кейін оқырман даярлап масылдықтан гөрі, жұмыс істейді, миын іске қосады, жан әлемінде қозағалыс (дивижение) пайда болады. Бұл барыс жазушы мен оқырманның тығыз шығармашылық байланысын орнатып, халық пен қаламгер арасында қою махаббат қалыптастырады. Осындай күрделі де машақаты мол жолдар арқылы ол көздеген мақсатына жеткен. Сондықтан отандық әдебиетіміз сөз болғанда жанрдың жарқыраған бір биігі дедектив десек, соның бастауында Кемел Тоқаев тұр. Өзінше өріс ашқан, өзінше мектеп қалыптастырған қаламгер.
Сөз басында айтқанымыздай, жазушы Кемел Тоқаев негізгі арнасынан бөлек балалар тақырыбына да бас қатырып, ұрпаққа бағбандығын көрсете білген жазушы. Оның бес томдық шығармалар толық жинағының 4 томында «Жұлдызды жорық» деп аталатын бір бөлім бар. Кітапты құрастырушылар да сол жағын жақсы ескеріп жеті әңгімеден тұратын бір тарауды таптұйнақтай етіп тізіп беріпті. Кезінде ақын, жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері, 1923 жылы туған түйдей құрдасы, майдангер қаруласы Мұзафар Әлімбаев атамызда, Кемел Тоқаевтың аяқалысын аңдап, бағытын бағамдап кетіпті. Ол: «Өмірде ұзақ жылдар ізденіп жүріп, әдебиеттен өзін жаңылыспай тапқан, тек өзіне ғана тән оңтайлы өнерлігімен талай құнды кітаптар тудырған Кемел Тоқаевты туған халқы терең махаббатпен еске алады. Рухани ізгі екінші ғұмыр деген әне сол» депті. Балалар ақыны, қоғам қайраткері, қамқор қайырымды қарт Мұзафар атамды көрдім, тіпті соңғы он жыл бойы қасына барып, тәлімін алып, шығармашылық байланысымды үзбедім. Сол кезде өзінің замандасы, қаламгер Кемел Тоқаев туралы жиі айтып отырғанын көп естідім. Бақсам, оның бәрі тегін емес екен. Жазушы Кемел Тоқаевтың Мұз-ағаммен жанрлық жағынан да жақындығы бар екенін сезіп отырмын. Көп томдықтың аталған «Жұлдызды жорық» бөлімін де маржандай тізілген жеті әңгіме бар.
Алғашқысы «Қуаныш» деп аталады. Жаннат деген ізденімпаз кішкентай оқушы қыз, Жомарт деген тапқыр, тәкаппарлау бала, Сережа Кузменько деген томпақ толық, қалтқысыз қарапайым оқушы және олардың Көктал аулындағы МТС-те жұмыс істейтін ұстаз, инженер Константин Григориұлы деген ағайлары бар. Жетекшілерінің жақсы жол көрсетуімен олар жаңа типті қозғалтқыш құрастырып шығады. Константиннің қарамағындағы үш өспірім бала Жаннат, Жомарт, Сережа. Олардың бір-біріне деген қарым-қатынастары арқылы, мінезін, көңіл күйін, ішкі толқыныстарын иланымды етіп ашады. Арасындағы балалық кемшіліктердің болғанына қарамастан соңында нәтижеге жетіп, жұмыстарының жемісін көреді.


Келесі әдемі әңгіме «Жұлдызды жорықтың» өзі. Мектептегі 7 сынып оқитын Рая, Мира секілді оқушылар өздерінің жұлдызды жорығына 5 сынып оқитын Болатты қосып алады. Оқиға мектептен шығып, егіс алқабын басып өтіп, далалық жолмен орманды бетке алып өзен бойындағы тоғайға жеткенше бастарынан өткізген оқиғалары арқылы желі тартады. Сәлде болса, ересектеу Рая мен Мира қастарындағы өспірім Болатқа кәдімгідей жөн көрсетіп, тамшылатып болса да танымдық білім береді. Аяқ киіміне тас кіріп, бақайшығын қажап қанатып кеткен Болаттың қиыншылығынан құтқарып, жолға құлшындырады. Жарасымды диолог, тәп-тәтті сөздер, балалық үйлесім сезіміңді елжіретеді. Қайтарда өзен бойын жағалап жүрген балалар аман-есен ауылға оралады.
Үшінші әңгіме «Нұрлы жол» деп аталыпты. Кейіпкерлері Сәуле, Вера, Бақыт және Сәуленің әкесі Серікбай. Сәуле ауылдағы мектептен қалаға экскурцияға барады. Сол жерде ФЗО-ның цехтарын аралап көреді. Ауылдан келген кішкентай Сәуле қаладағы талдырмаш құрбысы Вераның цехты қозғалысқа келтіріп, нәзік саусақтарымен жұмысты ұршықша иіріп икемге келтіріп отырғанына қайран қалады. Сәуле алғашында тосырқап тұрса да, артынан бойына лықсып келіп қалған әсерлі сезімін жасыра алмай Вераға тіл қатады, достасады. Вера жылы лебізімен әдемі ғылыми кітапшасын сыйлайды, екеуі қимай қошатасады. Экскурция аяқтап, ауылға қайтып келген Сәуле, өзінің болашақта медицина жағына оқуға түсемін деп жүрген шешімін өзгертіп, ФЗО-ның оқуына түседі. Әрине, әкесі көзалдында жүрген Сәулені қалаға жібергісі келмейді, бірақ Анна деген ұстазының ара түсуінен соң ақылға келіп, Сәуленің қызығушылығына қарсы шықпай, қалаға оқуға жібереді. Оқиға шағын, жасандылығы жоқ жақсы өрбиді. Демек, бала өзі аңсаған нұрлы жолына бет түзейді.
Төртінші әңгіме «Ауыл қызы» деп аталатын балалар мен ересектер қосыла жүретін шағын сюжет. Ауылда туып, Мәскеу барып оқып, онан соң сол жақта үш жыл заводта жұмыс істеп тәжірибеден өткен қазақ қызы Жанар Ахметова өзінің туған аулына МТС-ке инженер болып келеді. Алғашында сақа кадр, колхоз басшысы Жартыкеш Жамбаев қаршадай қызды менсінбейді, сөзін жүре тыңдайды, ағысы қатты тентек өзен секілді сыңар езулеп қыңыр тартады. Артынан Жанардың жақсы ниеті, ұтымды, орайлы сөзі, батыл қимылы Жартыкешке де ой салады. Тіршілікке ендеп, дендеп келе жатқан МТС-тің жұмысы, баяғы қарапайым, өгіз арба мен ат шананың жұмысын ығыстырып тың тыныс, зор ілгерлеушілік, жаңалық алып келеді. Осылайша ауыл қызы Жанар өмір көрген, сауыншы Қатипа және орыс мамандары арқылы қолдаушылар мен ілесушілерді тауып істе ірілік көрсетеді. Осы аталған әңгімелерге қарап отырсаңыз, жазушы Кемел Тоқаев өзіне дейінгі қазақ зиялылары секілді қазақ балаларын ғылымға, білімге, жаңалыққа үндейді. Қарапайым ауыл өмірінен өзгеріп, техникалық жетістіктерге бейімдейді. Сол озық идеясын көркем әдебиетке сіңіре отырып жеткізеді. Әңгімелердегі МТС, МЕКТЕП, ФЗО, тағы да МТС арқылы өзгерген өңірді, жасарып түлей түскен өмірді көрсетеді. Ғылым арқылы келген техника күшінің, қарапайым қол еңбегіне қарағанда анғұрлым артық екенін, ақыл-ой еңбегінің абзал болатынын түйеді. Осылайша ұлт ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің аңсағанын, Абай атаның арманын жүзеге асырып жатқан жас буынды жарқыратып көрсетеді.
Соңғы әңгімелер «Аржақтан келген бала» — аңдысып жатқан Кеңес армиясы мен фашистік Германия әскерінің арасын шағын өзен бөліп тұрады. Сондай бір қысылтаяң сәттегі өзеннен өтіп келген Саша Давыдов туралы. «Күнделік» — шығармасында – танкист, барлаушы Алмас Айдаров жөнінде жазады. «Әр уақытта өзіңмен біргемін» еңбегіндегі Берлиндегі неміс Карлдың баласы Роберт тілге тиек болады. Бәрінде отан соғысының сұрапыл жылдарындағы тамшыдай ғана үзінділер.
Сол бір оймақтай оқиғалар арқылы Сашаның жан тазалығын, қантөгіс кезіндегі кездескен қиындықтарды, адам мінезіндегі нәзік түйіндерді, анасын іздеу жолындағы алған бетінен қайтпайтын батылдығы түгелімен жарқырай көрінеді. «Күн-делікте» әскери тапсырманы орындау кезіндегі бір түнгі барлаушылық сөз болады. Ол оқиғалар жауынгер Алмастың соңында қалған күнделігі арқылы әңгімеленеді. Алмас соғыста жапа тартып жараланып жан берген қазақ сарбаздарының бірі. «Не әкенің үмітін ақтамай, не өз арманына жетпей» шаһит болып шерменде кеткен қанша боздақтар болды. Әңгіме әне сондай сормаңдай ұлдың соңғы сәтінен сыр шертеді. Жетінші әңгіме де соғыстан соңғы күй, қираған Берлин қаласы, Кеңестер одағы ықпалын жүргізіп отырған бергі бет пен американдықтар билеп тұрған арғы беттің арасындағы әрі-сәрі болған адамдардың тағдыры, бедірейген Берлин қамалының сұлбасы алдыңа тартылады. Соның арасында істікке шаншылып, шанышқымен қадалған бала тағдыры қақпақылға түседі. Бір байқағаным, осы әңгімелерде жалған жасандылық, саяси ұран, тықпаланған ұшқарлық жоқ. Әңгімелерде саяси пафос, лепірген эмолоция кездеспейді. Автордың салиқалы сараптауынан кейінгі туған, сүзгіден өткен жан түкпіріндегі мұң, ішкі болжам баяндалады. Адамдық характерлер ашылып, адам тағдырына алаңдаушылық танытады.
Әңгімелерін де мейлі бейбіт күннің, мейлі майданның қалі суреттелсе де, жалпы адамдар ортасындағы бала, басты назарда тұрады. Қоршаған орта, айналадағы адамдар өздерінің тазалық тектілігінде, лас пасықтығында соңғы буынға жұқтыруы мүмкін екенін екіленбей аңғартады. Бала ақ қағаз секілді оған дұрыс нәрсе жазылса, бағың, қате, бұрыс әдет жазылса, сорың екеннін сездіреді. Көрнекті жазушы Кемел Тоқаевты тек қана дедектив жанрының жазушысы деу біржақтылы болады екен. Ол аз жазса да, жанрдың қыры мен сырын меңгерген балалар жазушысы деп те толық сеніммен айта аламыз. Оған дәлел қазір қолымызға тиген «Жұлдызды жорықтар» деп аталатын топтамадағы жеті әңгімесі.

Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын, ҚЖО-ның мүшесі, «Мөлдір бұлақ»
журналының Бас редакторы

ПІКІР ЖАЗУ