Бала жүрегіне жол табу
Алматы қаласы, Түрксіб ауданындағы «Д.Бабаев атындағы №115 жалпы білім беретін мектеп» КММ-де 6 «А» сынып жетекшісі Ботыбаева Аяулым Қайырбекқызының ұйымдастыруымен «Балаға үйрету: Ақылыңды мейірімге орап бер. Бала жүрегіне жол табу» тақырыбында «ұстаз-оқушы-ата-ана» болып, бірлескен үштік одақ жиналысы өткізілді.
Жиналыстың басты мақсаты – мектеп және отбасы арасындағы өзара байланысты нығайту, бірлесе бала тәрбиесіне көңіл аудару, ұлттық құндылықтарды бала жүрегінен орын алатындай қалыптастыру жолдарын ұсыну. Себебі, өскелең ұрпақтың дамуы, әрбір оқушының тұлға болып қалыптасуы, көбіне, отбасы мен мектептің бірлескен іс-әрекетіне, шешіміне тікелей байланысты. Біздегі үлкен шаңырақ бұл білім ордасы мектебіміз, уық шаңырақты берік етіп ұстайтын тірек, ал мектептің тірегі – ұстаз-оқушы-ата-ана. Оқушы-мұғалім, оқушы ата-ана, мұғалім-ата-ана барлығы бірлікпен адамгершілікке бағытталған ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға күш салатын үштік одақ.
Бала тәрбиесінде ата-ана-бала-ұстаз білімдерін, іс-керліктерін, дағдыларын анықтау мақсатында ұлттық құндылықтарды негізге ала отырып, бүгінгі бізге берілген біртұтас тәрбие бағдарламасындағы ұлттық құндылықтарды ескеріп, топтық жұмыс жасалды. Берілген құндылықтарды ұстаз-ата-ана бірігіп, балаға түсіндірді. Балалардың болашағына алаңдаушылықтары мен қызығушылықтарын арттыруға септігін тигізді. Мектеп отбасының тәрбиелік мүмкіндіктерін кеңітеді және дамытады, бағыт көрсетеді.
Мектеп өміріне белсенді ата-аналар өздерінің саналы өмірімен және сапалы іс-әрекетімен өз балаларына ғана тәрбие беріп қана қоймай, мектептегі қоғамдық жұмыстарға қолғабыс етіп, басқа ата-аналарға үлгі көрсетеді деп санаймын. Ол үшін ата-ана мұғаліммен тығыз байланысты болып, түсінбегенін сұрап, пікірлесіп отыру керек. Осындай жағдайда ғана балалардың жағдайын түсініп, олардың адами қасиетінің дамуына ықпал жасай аламыз деп ойлаймын.
Тал бесіктен, жер бесікке дейінгі адам өміріндегі тәрбиенің ұйытқысы ата-ана мен мектеп. Ақыл – мейіріммен толысады. Ұлтымыздың қанындағы ізеттілік дөрекілікке, қайырымдылық қатыгездікке, жомарттық таршылыққа, адалдық арамдыққа, парасаттылық парықсыздыққа ауыспасын деген үлкен үміт тұр!.. Сондықтан бала тəрбиесінде мектеп, отбасы, ынтымақтастығының алар орны ерекше дегім келеді. Осы үшеуінің арасында əрқашан мықты көпір, үзілмес байланыс болса, білімнің сапасы да артып нұр үстіне нұр болмақ.
Ботыбаева Аяулым Кайырбековна
Алматы қаласы, Түрксіб ауданы
«Д.Бабаев атындағы №115 жалпы
білім беретін мектеп» КММ-нің қазақ
тілі мен қазақ әдебиеті пәні мұғалімі