БАҚҰЛ БОЛ, ЕРМЕК ЖӘНІБЕКҰЛЫ


“Мөлдір бұлақ” журналының ұжымы Ермек Жәнібекұлының мезгілсіз дүниеден өтуіне орай ата-анасына, бауырларына, туған-туыстарына, ұстаздары мен сыныптастарына қайғырып көңіл айтады.

Ермек – ізденімпаздығымен, шығармашылығымен, сабырлы мінезімен қатарластарының арасында өз орнын қалыптастырған жас еді. Ол жаңа дүниеге қызығушылық танытып, заманауи технологияларды меңгеруге талпынып, жасанды интеллект көмегімен анимациялық мультфильмдер жасап, аудандық, облыстық және республикалық байқауларға қатысып, өз қабілеті мен талабын таныта білді.

Алдында асқақ армандары, бағындырар белестері, жарқын болашағы бар еді. Өкінішке қарай, тағдырдың жазуы оны бұл армандарға жеткізбеді. Дегенмен Ермектің мектеп қабырғасында қалдырған ізі, шығармашылық еңбегі, жетістіктері мен жарқын бейнесі оны таныған жандардың жүрегінде мәңгі сақталады.

Жас өмірдің мезгілсіз үзілуі – орны толмас қаза. Осындай ауыр сәтте Ермектің отбасына қайғыны бөлісіп, сабыр мен күш-қуат тілейміз. Перзентінен айырылған ата-анасына Алла тағала төзім беріп, жүректеріне медет берсін.

Ермек Жәнібекұлының жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Жарқын бейнесі мен жақсы есімі ел-жұртының, ұстаздары мен достарының жүрегінде мәңгі сақталсын.

 

ТЕҢІЗДІ ҚҰТҚАРҒАН БАЛА
Ермектің соңғы еңбегі еді…
Ермегім ауылда тұрса да, ағылшын тілін жақсы меңгерді. Компьютер алдында отырып, шетелдегі достарымен еркін сөйлесетін.
Бір күні қасына барып:
— Не туралы сөйлесіп жатырсың? — деп сұрадым.
Балам:
— Әке, Каспийдің тағдыры туралы сөйлесіп жатырмын, — деді.
— Каспийге не болды? — дедім.
Ермек:
— Әке, Каспийге 130-дай өзен құятын еді. Қазір олардың көбі тартылып қалды. Каспийді ұстап тұрған Еділ өзені де жылдан-жылға азайып келеді.
Егер біз бүгін әрекет жасамасақ, Каспий тартылып кетеді. Күн жылынып, Каспийдің суы буланып, азайып жатыр.
Еділ өзені бойындағы су қоймаларын ашқанмен, Каспийді толтыра алмаймыз.
Жалғыз жолы — Қара теңізден канал-тоннель қазу керек.
Қара теңіз Каспийден 28 метр биікте орналасқан. Арасындағы тауларды тесіп өтуге болады. Қазір ондай құралдар бар.
Бұл жұмысқа шамамен 80 миллиард доллардай кетеді. Қазақстанның бұған күші жетпейді. Бірақ дүние жүзі бірігіп әрекет етсе, жасауға болады.
Алғашқы кезде Каспийдегі балықтар мен өсімдіктер қырылуы мүмкін. Бірақ бірнеше жылдан кейін мұхиттың ащы суына бейімделген балықтар мен өсімдіктер пайда болады.
Сол кезде біз мұхитқа тікелей шығатын боламыз.
Бұрын Қара теңіз бен Каспий арасында жер асты өзендері болған. Бірақ жер сілкінісінен өзендер бітеліп қалған. Каспий содан көлге айналған.
Каспийді құтқару — менің арманым. Соны мультфильмім арқылы көрсеткім келеді, — деді балам.
— Сонда менен қандай көмек керек? — дедім.
— Маған 30 мың теңге берсеңіз болады. Арнайы бағдарламалар сатып аламын. Мықты бағдарламалары бар, олар қымбат. Сізге салмақ болады, — деді.
Мен балама 30 мың теңге бердім.
Ерекең сол бағдарламаларды пайдаланып, осы мультфильмді жасап шығарды.
Бүгінде Ермек жоқ…
Бірақ оның арманы бар.
Оның ойы, еңбегі, қиялы, жасаған дүниелері артында қалды.
Сіздермен тағы да бөлісіп отырмын…
Ақ құлыным-ау, сенің армандарыңның орындалады…
Жәнібек Қожық ФБ парақшасынан

ПІКІР ЖАЗУ