Бағдат ЖҰМАҒАНБЕТОВ: «БАЛАҒА ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ ҮЗДІКСІЗ БЕРІЛУІ ТИІС!»

2018 жылғы жолдауда «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту мәселесі айтылған болатын. Соған сай 2019 жылы облыстарда «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының» өңірлік филиалдары ашылып, бүгінде жүйелі жұмыстар жасалып жатыр. Негізгі мақсат — балалар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, әскери патриотизмді дәріптеу.
Осыған сай екі жыл бұрын ​Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, облыс әкімі мен «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы арасында азаматтардың әскери патриоттық тәрбиесі саласындағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылған-ды. Бүгінде бұл жұмыс қалай жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы, №51 гимназиясының алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі Бағдат Жұмағанбетовпен сұхбаттасқан едік:

 

— Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының: «Ерлік — табиғат сыйы емес, саналы әскери тәрбиенің жемісі, Отан алдындағы қасиетті парызыңды орындау үшін адамзаттың ең асыл сезімімен жігерленіп, өзіңді саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр етудің нәтижесі» деп дөп басып айтқан. Кез келген мемлекет әскерімен айбынды. Сол себепті адамзат баласының бойындағы үздіксіз процесті бала жасынан бастап, әскери-патриоттық тәрбие жүйесіне бұрып, оның ішінде болашақ елдің қорғаны болатын офицер мамандығына бағыштауға күш жұмсау керек деп ойлаймын. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауында білім беру мекемелері жанынан әскери-патриоттық тәрбие беретін «Жас сарбаз» орталықтарын құру жөніндегі тапсырмасы мені қатты қуантты. Бұл міндет жастарды өз елі мен жерін қорғауға, тәрбиеленуіне жасалған нақты қадамдардың бірі екені сөзсіз. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалдары жұмыс істейді.
Тарихта қайсар мінезбен танылған елміз. Сондықтан біз, жастар, жақсылыққа, отансүйгіштікке, қайсарлық пен батырлыққа тәрбиелейтін жобаларды іске асыруға бір кісідей атсалысуымыз қажет. «Жас сарбаз» қозғалысының негізгі мақсаттары — өскелең ұрпақтың бойында жоғары азаматтық әдепті, патриоттық сезімін тәрбиелеуге, деструктивті идеяларын болдырмауының алдын алу, олардың Отанын қорғауға әзір, ел азаматының отаншыл сезімдері мен әдепті қасиеттерін қалыптастыру бойынша бір текті мамандандырылған оқу-тәрбиелік процесті құру, жастар арасында салауатты өмір салтын, дене тәрбиесін және әскери-қолданбалы спорт түрлерін насихаттау.


— Бүгінде осы мақсаттарға жету жолында қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?
— Бұл ретте өте жақсы жобалар және жұмыстар атқарылуда. Жасөспірімдер арасында әскери-қолданбалы спорт түрлерін насихаттау мақсатында дәстүрлі түрде «Мерген ару», «Жас жауынгер», «Жас ұлан», «Мерген сарбаз», «Айбын», «Әскерге дейінгі жастар арасында спартакиада», «Алау» сынды жарыстар және де түрлі мәдени іс-шаралар атқарып келеміз. «Жас сарбаз» ұйымының өзіндік гимні, бірыңғай киім үлгісі, имидждік өнімі бар. Қозғалыс 4 бағыт бойынша жұмыс атқарады. Олар — «Білімді жас сарбаз», «Саналы жас сарбаз», «Жігерлі жас сарбаз» және «Болашаққа жарық жас сарбаз».
— «Жас сарбаз» ұйымы облысымызда қай мектептерде бар? Қанша мүшесі бар?
— Қазіргі таңда облыстағы барлық мектепте «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтары бар. Онда тәрбиеленушілердің саны 15 мыңға жетті.
— Әскери-патриоттық тәрбие оқушының мектеп бітірген-нен кейінгі өміріне қалай әсер етеді?


— Тәрбие — қашанда үздіксіз жүргізілетін процесс. Әрине, әскери-патриоттық клубта тәлім-тәрбие алған оқушы кез келген ортада өзін еркін сезінеді, әсіресе, әскер қатарына барғанда. Мектеп бітірген соң өзінің болашақ мамандығын әскери өмірмен байланыстырып жатқан оқушыларым да баршылық. Олар Ислам Амантаев, Әділ Исмурзин, Нұрғиса Муратов қазіргі таңда Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе Қорғанысы Күштерінің Әскери институтының үшінші курс курсанттары. Айдын Казмуханов мен Данияр Данабеков — екінші курс курсанттары. Бекнар Нармағамбетов аталған институтты тәмамдап шықты. Мен оларды әрдайым мақтан тұтамын. Бұл түлектеріміз мектептегі іні-қарындастарына үнемі үлгі болып жүреді.
— Жалпы, қоғамда балаларға патриоттық тәрбие беру қалай жүргізіліп жатыр деп ойлайсыз? Патриоттық тәрбие бере алып отырмыз ба, жоқ па? Елімізде патриоттық тәрбие беру идеологиясы қаншалықты жүзеге асырылып отыр?


— Отанды қорғау әрбір азаматтың мойнында тұрған үлкен міндет.
«Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Біздің бабаларымыз   ғасырлар  бойы ұшқан  құстың  қанаты  талып, жүгірген  аңның тұяғы  тозатын  ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті. Ұлт пен ұлыстың аманатын арқалаған жас өскінді тәрбиелеудің жолдары мен амалдары сан тарау. Солардың ішінде жас ұрпақты патриотизм үлгісінде тәрбиелеу маңызды іс», — деп атап өткен. Сонымен қатар Елбасымыз жастарға үнемі сенім артып, жігерлендіріп, болашаққа бағдар беріп отырады. Елбасының жастармен бір кездесуіне мен де қатысқан едім, сол кездесуде Елбасымыздың мына айтқан сөздері әрбір жастың бойына қуат бергені айқын: «Әр уақытта, қиын қыстау кезде Отанның бақыты – алдыңда ту тігіліп тұрған кезде, жан аямай, жаныңды пида ету. Қазақтарда Қазақстаннан басқа Отан жоқ. Сондықтан, жалғыз Отанымызды бәріміз бір болып сақтау үшін дайын болуымыз керек. Тәуелсіздігімізді, көк байрағымызды қорғай алмасақ, істеген шаруаның барлығы бекер».


Елімізде патриоттық тәрбие беру идеологиясы қарқынды түрде жүргізілуді қажет етеді. «Жас сарбаз» әскери-патриот-тық клубынан бөлек «Жас сарбаз» сыныптарын әр мектепте ашып, әскеріміздің айбынын асқақтатуды мектеп қабырғасынан бастау керек. Осы орайда менің жеке ойым: Қорғаныс министрі мен Білім министрлігі екі жақты келісілген «Жас сарбаз» бағдарламасын арнайы бекіту қажет деп есептеймін.
— «Патриот болу» дегенді қалай түсіндірер едіңіз?
— Абай Құнанбаевтың еңбектерін зерделеп қарайтын болсақ, жастарды ерлік рухта, патриотизмге баулып, намысын, ар-ожданын, адамгершілік қасиеттерін тудыратын жыр жолдарын кездестіреміз. Оның «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзі, барша жұртшылықты жауласу, күш көрсету дегенді білместен, тек тату-тәтті өмір сүруге шақырады.


Патриот – Отанын, халқын, жері мен суын шынайы сүйетін, халық мүддесі үшін бар күш-жігерін, қабілетін аямайтын адам. Олар — өз Отанының жалынды патриоты, кез келген саланың озаттары. Өз Отанын, халқын шексіз сүюшілік – барша күш-жігерін Отан мүддесіне арнаған адамға тән терең сезім.
— Сіз бір пікіріңізде «еліміздің батыс өңірінде бірде бір әскери мамандандырылған мектеп жоқ, осындай мектеп ашылса, дұрыс болар еді», — деп едіңіз?
— Ол ойым осы елдің шынайы патриоттарын тәрбиелеудегі тәжірибемнен туындаған пікірлердің бірі болатын. Әскери мамандандырылған мектептер еліміздің әр өңірінде болғаны дұрыс. Себебі, тәрбиенің ең маңыздысы «әскери-патриоттық тәрбие» кезек күттірмейтін мәселе болып тұр. Бір жағынан еліміздің қорғаныс саласының мамандары көбейіп, нығайып, олардың қатары артар еді.


Ойлап қарасам, еліміздің батыс өңірінде бірде бір әскери мамандандырылған мектеп жоқ екен. Осы мәселе шешімін тауып, жоғарыдағы ағаларымыздың қолдауына іліксе, көптеген бала буын — жасөспірімдеріміздің санасына әскери мамандыққа деген дән егілген болар еді. Олай дейтін себебім, сол мектепте оқыған әр бала өзінің кезекті демалысында өз ауласында оқу орны жайлы жақсы пікір айтып, өз тобын жинақтайтын еді. Тіпті сол оқу орнына түспесе де, достарына Қарулы Күштерге деген жақсы ой қалыптастырады. Себебі, жұмысбасты ата-анасынан естімеген оқу орнын ауладағы досынан естиді және Отан қорғауға ұмтылуға себепші болады. Осылайша біздің жастарымызды тәрбиелеу жөніндегі идеологиямыз дұрысталып, болашақта әскер болудан қашпайтын жас буын көбейеді деп ойлаймын.


— Балаға патриоттық тәрбиені қай жастан бастап сіңіру керек? Қалайша? Қандай жолдармен?
— Бұл жерде «Отан — отбасынан басталады» деген сөздің өзі жеткілікті сияқты. Ал, отбасы — мемлекеттің дұрыс қалыптасуының ең басты тірегі. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік отбасында қалыптасып, сол жерден бастау алатыны шындық. Жанұяда әлеуметпен қарым-қатынас жасайтын алғашқы дағдылар пайда болады. Сондықтан патриоттық тәрбиені әр жанұя өз отбасында бала жастан бастағаны дұрыс. Өкінішке қарай, біздің жасөспірімдердің ішінде басқа елдің мәдениетіне еліктеу белең алып бара жатқаны мені қынжылтады. Біздің ұлттық болмысымыз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз ерекше. Осыларды санасына сіңіріп жетілген бала өз елінің патриоты болып қалыптасары сөзсіз.
Патриотизмнің басты және қажетті мәні – дәл қазіргі жағдайда әскеріміздің әлді және төзімді болуы жағынан маңызды. Себебі, әскер қатарына барып, арнайы даярлықтан өткен, ол жердегі практикалық дағдыларды көрген ер азамат болашақ елдің патриоттарын тәрбиелеудің бірден-бір нұсқаушысы болатына кәміл сенемін.
— Қазір осы бағытта қандай шаралар ұйымдастырылып жатыр?
— Қазір елдегі жағдайға байланысты көптеген іс-шаралар онлайн жүйеге көшірілді. Десек те, жоспарланған іс-шаралар назардан тыс қалып жатқан жоқ. «Жас сарбаз» әскери-патриоттық жасөспірімдер қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Айбын-2021» әскери-патриоттық жастар жиынына онлайн жүйеде қатысуға дайындық үстіндеміз. Одан бөлек халықаралық дәрежеде Әлия Молдағұлова апамыздың ерлігін еске алуға арналған Ресей федерациясының Вятск қаласында онлайн жүйеде өткен турнирде Ақтөбе қаласының командасы жүлделі І орынды жеңіп алды. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне көмектесу, ерлік сабақтары, тарихи мұражайларға саяхат сынды іс-шаралар атқарылуда.

 

ОҚУШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ? ОҚУШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Әлия ПАРАСАТ,
Ақтөбе қаласындағы 51 гимназияның 11″А» сынып оқушысы:

Мен өзімді Қазақстанның патриотымын деп есептеймін. Патриот адам — өз елін, жерін сүйіп, сол жерді дамытуға, көркейтуге, қорғауға үлес қосатын адам деп ойлаймын. Еліне жанашырлықпен қарап, әрдайым қолдап, үлес қосатын, ел, жер десе жанын беретін адамды патриот деп санаймын.
Мектепте патриоттық тәрбие беретін түрлі шараларға белсене қатысамыз. Мұқтаж жандарға қайырымдылық шараларын өткізіп, көмек қолын созамыз. Және де, әскери қаруларды қалай қолдану керек екенін үйренеміз.
Мен «Мерген Ару» секілді пневма-тикалық атудан көптеген шаралардан жеңімпаз иегерімін. Және «Айбын – 2020» байқауына қатыстым. Әрбір адамда өз туған жеріне деген патриоттық сезім болу керек!

 

Әлішер НИЯЗҒАЛИЕВ,
Ақтөбе қаласындағы 51 гимназияның 11″А» сынып оқушысы, «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық клубы мүшесі:

— Мен өзімді Отанымның патриоты деп есептеймін. Өйткені, қазіргі кезде Отаным үшін қолымнан келетін барлық іспен айналысып жүрмін. Қасымдағы достарыма, іні-қарындастарыма барынша үлгі көрсетудемін.
Менің ойымша, патриот адам ең бірінші өз елін, жерін сүйе білу керек. Әскерде жүріп, жеріңді қолға қару ұстап қорғамасаң да, еліңнің нағыз патриоты болуға болады. Ол үшін нағыз Отансүйер азамат болу қажет. Ал бұл — әр азаматтың кішкентай кезінен бойында қалыптасатын сезім. Бұл қасиеттің дұрыс қалыптасуы әуелі тәрбиеден басталады.
Мектепте әскери-патриоттық тәрбие оқушылардың бастапқы сыныптарынан бастап жүргізіледі. Жоғарғы сынып оқушыларының әрқайсысы әскери-патриоттық клуб жүргізетін шараларға белсене қатысады. Мектебімізде әскери-патриоттық шаралар өте жиі өтеді. Сонын ішінде түрлі акция, іс-шара, сайыстарға барынша ат салысамыз.
Болашақта мамандық таңдау кезінде әскери саланы таңдағым келеді. Сондықтан, қазірден бастап сол болашақ мақсатыма дайындық жұмыстарын барынша жүргізудемін. Жасым келген кезде әскерге барып, Отан алдындағы борышымды өтегім келеді. Әскерге барып, елді қорғау, менің ойымша, әр азаматтың міндеті. Ерте заманнан бастап ата-бабаларымыздың барлығы қолына қару ұстап, жерімізді жауға бермеген. Сол себепті, әскерге баруға үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек.
Артымыздан ізімізді басып келе жатқан іні-қарындастырыма айтарым — елді сүйе білу керек. Кішкентай кезден тәртіпке бағынып, үлкенге ізет, кішіге қамқор болу керек. Патриоттық тәрбие айналаңа құрметпен қараудан басталады.

Сұхбаттасқан
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ

ПІКІР ЖАЗУ