Ауыл, туған ел тақырыбы

Қашанда әркімнің туған жері, ауылы, өскен ортасы, оқыған мектебі ерекше көзге ыстық көрінетін заңды құбылыс. Сол себепті де редакцияға келіп түскен хаттар тасқыны да осы пікірімізді дәлелдей түскендей.
Кәні, хатты ашып көрелік.
Алматы облысының Алакөл ауданы, Қамысқалы ауылындағы жас жеткіншек Жайна Тұрсынбаева жазыпты. «Ауылым – алтын бесігім» деген өлеңіне көз жүгіртіп көрейік:
«Ауылым алтын бесігім
Аялар ашық есігін
Ауылым деген жан тербер
Мен үшін ыстық есімің» — деп тебіренсе, енді бірде:
«Күн болуға талпынам көгіңде мен,
Шуағыңа шомылам тәңір берген
Туған жерде бабалар рухы бар
Қиындықтан қашанда шегінбеген.
Айың болып аймалап, аспанымда
Мейірімді төгемін дос, бауырға.
Туған жерім, көсілем тұлпарың боп,
Озып шығам бәйгеге қосқаныңда» — деп толқиды. Осы шағын екі шумақтан талапкердің туған ауылы, ата-баба аруағын, өскен ортасына деген сүйіспеншілігін айқын аңғаруға болады.
Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылындағы орта мектептің 3 «Б» сынып оқушысы Эльвира Жумалиева «Қарғалым» өлеңінде:
«Ассалаумағалейкум, уа халайық,
Танысып ең әуелі біз алайық.
Эльвира атым менің, тегім Жумаш
Қарғалы ауылым бар жері лайық.
Нағашым ұлы жүздің ұрпақтары
Шежіредей төгілер сыр қатпары
Елімнің еркіндігін әуелетіп
Жиырма жылдан тұр асып шырқатқалы» деп, бейнебір айтыскер ақындай арындай жырлауға талпынады. Әсілі, Эльвира көп ізденіп, оқып-тоқуын жалғастыра берсе түптің түбінде айтыскер ақын болуы ғажап емес.
Әйтсе де, туған ауылын, жерін жырлаған өзге де талапкерлер бар-шылық. Солардың кейбірі алған тақырыбын еркін игере алмай, ырғақ буын, ұйқас мәселелеріне келгенде талаптан шықпай жатады.
Өлең жазу – үлкен жауапкершілікті тілейді.

ПІКІР ЖАЗУ