“Атпен шапқанда паригім ұшып кетті”

Дарын Қалиев, актер:

«Мағжан» фильмінде бас кейіпкерді сомдаған актер  Қалиев Дарынмен сұхбаттасудың реті келіп, «Мөлдір бұлақ» оқырмандарының атынан бірнеше сұрақтар қойып едік. Жауаптарды ықшамдап беріп отырмыз.

— Мағжан туралы деректі фильм жайлы ақпарат берсеңіз.
— «Мағжан» көркем деректі фильмі 2012 жылы түсірілді. Түсірілім ұлы тұлганың туып-өскен өлкесі Қызылжар каласында казан айында басталды. Акын туған Сарытомар ауылындағы үйі, мұражайы, барлығы дерлік түсірілді. Кызылжарда, Алматыда түсірілімдер жүрді.
— Сізді бұл рөлге қалай таңдады? Фильмнің режиссері, актерлері кімдер?
— Бұған дейін өзімнің ұлы акынның бейнесіне ұксайтындығымды білмеппін. Кастингке шақырту алып, барғанымда фильм режиссерінен бастап бүкіл түсіру тобының ұжымы бірден мені таңдады. Фильм режиссері жазушы әрі сценарист Марат Қоңыров бұған дейін бірнеше кітап жазған. Қазақтың соңғы ханы Кенесары хан туралы және тағы бірнеше фильмдер түсірген. Мағжанның медреседе оқып жүрген бір көрінісін Едіге Абдрахманов, жастық шағы, алғашқы туындылары жарыққа шығып жатқан кезеңін жас актер Мейіржан Бейсембеков ойнады. Ал акынның бақытты шағы — өлеңдері, жыр жинактары баспаларда, кітап беттерінде жарык көріп, Мәскеудегі көркем әдебиет институтында білім алып жүрген шағы маған бұйырды. Абақтыға жөнелтілген кезеңін де ойнадым. Солақай саясаттың құрбаны болып он жылға қамалған өмірін М.Әуезов атындағы драма театрының белді актеры, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Дулыға Ақмолда сомдады.
— Көрермендерге фильм қашан жол тартты?
— Фильмнің тұсаукесері 2013-жылдың маусым айында Алматы каласындағы “Арман” кино-театрында өтті. Кейіннен Қызылжар қаласында қойылды және фильмнің дискісінің 3 мыңдай данасы жарыққа шыкты. Желтоқсан айының соңында түрік қандастарымыздың шақыруымен Истамбул қаласында көрсетілді.
— «Мағжан» фильмін түсіру барысында болған қиындықтар мен қызықтар жайлы бөліссеңіз.
— Фильм түсіру уақыты күздің қоңыр салқын кезеңіне дөп келді. Оның үстіне солтүстік өлкесінің салқын табиғаты күтіп тұрды. Түсірілімнің бірінші күні Қызылжар қаласы қапалактап жауған қарымен қарсы алды. Сол суыққа қарамастан түсірілім жүйелі түрде жүрді. Мағжанның түрменің темір баспалдағымен аяқ киімсіз түсетін сәті біраз қиындық туғызды. Өйткені бірнеше дубль түсіріп, соның біреуі таңдалады. Бірақ осының бәрі қызыққа толы. Ақынның атпен шауып келе жатқан сәтін түсіргенде басымдағы парик ұшып кетіп, ұжымды біраз күлкіге батырды.
— Осы көркем фильмді көрген соң көрермен не білетін болады?
— Мағжан атамыз туралы мектеп қабырғасында оқып жүргенде әдебиет пәнінен таныс болдық. Ол кезде біз тек ақын ретінде таныған едік. Бұл фильмнен Мағжан атамыздың ақын ғана емес, ұлт бостандығы үшін күрескен Алаш қайраткері, елін, ұлтын шексіз сүйген ұлы тұлга екенін біле аламыз. Қазақ педагогтарына арналған жастарды оқыту үшін оқулықтар шығарған асыл ұстаз ретінде тани аламыз. Мағжанның өмірі көрерменнің көз алдына келеді. Мектеп оқушылары көп ой түйетіні сөзсіз.

Дайындаған:
Саят ҚАМШЫГЕР

ПІКІР ЖАЗУ