Жауабымды екі жолға сыйғыздым

Нұрлан КЕНЖАХМЕТ,
тарих ғылымдарының докторы,
(Германия, Бонн қаласы):

Әкем мұғалім болған. Оның жорға торы аты бар еді. 4-5 жастағы кезім. Атты суарып келуге әкем мені жіберетін. Ат үйренген, жуас.. Жайдақ мініп, бір қалың ағаш, орманнан өтіп, суарып, кері қайтқанда бірдеңеден үркіп, мені алып қашты. Жалынан тас қылып ұстап алғаным әлі күнге есімде. Қатты қорықтым. Бірақ, аттан құлап кетпейін деп жанұшырдым. Ақыры құладым. Есімді жисам, торы ат келіп, мені иіскелеп тұр екен. Атымның мені жолда қалдырмай, айналып қайтып келіп, айналсоқтап тұрғанына риза болдым. Жылқының тектілігіне, адалдығына сүйсіндім. Орнымнан тұрсам, түк болмаған екен. Бабаларым «Ердің серігі, қанаты» деп атты бекер айтпапты. Әкеме аттан құлағанымды айтқан жоқпын.
Мектепте оқып жүргенде үлгерімім жақсы болды. «Саяси экономика» деген сабақ оқыдық. Маркстің «Капиталы» жайлы сабақ. Емтихан кезінде маған келген сұрақты біліп тұрмын. Оның жауабын жазсам, бір жарым, не екі бет болады. Жақсылап ойланып, жауабымды екі жолға ғана сыйдырып жазып, өткіздім. Мұғалімім де менің бұл жауабымды түсініп, «Жарайсың, Нұрлан», — деп, жоғары баға қойды.
Бала кезімнен жаттап алып сабақ айтуды суқаным сүймейді. Жаттап алу — білім емес. Оқығаныңды, білгеніңді өз сөзіңмен айтып беру маңызды. Жас оқырмандарға болашақта үлкен азамат болу үшін тәрбиелі, білімді, ақылды болыңдар дегім келеді.

ПІКІР ЖАЗУ