Ата заңды ардақтап

Ақтөбе жастары ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерей тойы қарсаңында және 30 тамыз – ҚР Конституция күніне орай «Тәуелсіздіктің тірегі – Ата заң!» облыстық бейнероликтер байқауын өткізді. Мереке қарсаңында осы байқаудың қорытындысы шығарылды.
Байқау шарты 10 тамыз бен 25 тамыз аралығында әлеуметтік (инстаграм, Вконтакте, Facebook) желілеріне жарияланды. Байқауға облыстағы 14-29 жас аралығындағы жастар қатысты.

Қатысушылардың жұмысын арнайы құрылған комиссия — «Ақтөбе адалдық алаңы» жобасының сарапшысы Айтуған Тәжімұратов, «Nur Otan» партиясы Ақтөбе қалалық филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі аумақтық қоғамдық кеңестің төрағасы Аслан Жұмашев, Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығының басшысының міндетін атқарушы Ардақ Бекниязова, Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрсұлтан Қалдыбай, «XanStudios» басшысы Абылай Нажман бағалады.


Комиссия отырысының шешімі бойынша Ақтөбе гуманитарлық колледжінің 2 курс студенті Өтеген Сисенғалиев, №24 мектебінің оқушысы Анэль Амангелді, «ДҮНИЕ» колледжінің студенті Бекқожа Төлепберген жүлделі орындарға ие болды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен Алғыс хаттар тапсырылды.
Белсенді қатысушылар да марапатталды.


— Байқаудың мақсаты — жастардың шығармашылық даралығын, креативті ойлау және қиял дағдысын дамытуға ықпал ету, отанға деген сүйіспеншілігін шығармашылығы арқылы көрсетуге мүмкіндік беру.
Жалпы байқау ережесі бойынша қатысушылар екі тақырыптық видео түсіру керек болатын: мерекеге орай және еркін тақырып. Еркін тақырыпта қатысушылар мотивациалық ролик, эко белсенділік, фэйшен форматтарда видеолар ұсынды.
Мобилография жанры қазіргі таңда жастар арасында бел-сенділікке ие болғандықтан, әр түрлі бағдарламаларды қолданып, креативті видеолар жасаған. Қазылар алқасы материалдарды сапасы, тақырыпты ашуы және креативтік ерекшелігі бойынша саралады, — дейді Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрсұлтан Қалдыбай.

М.Табын, Ақтөбе облысы.

ПІКІР ЖАЗУ