АТА ӨСИЕТІ

Әуесбай атам! Ес білгелі атам маған зиялылықтың, байсалдылықтың, адамгершіліктің өнегесіндей. 2002 жылы мен туғанда атам 51 жаста екен. Алғашқы немересі болған соң шығар, атам «немере сүю сезімін сыйлаған Елнұртайым» деп реті келгенде еміреніп отырады. Менің анам Жанат та мен сияқты ата-әжемнің тұңғыш перзенті. Атамыздың балалық шағы туралы маған анамның айтып бергені бар. Атамның өзі болса балалық кезі туралы тіс жарып, ашыла қоймайтын. Оның өзіндік себебі де бар екен. Анамның айтуынша, атамыздың балалығы аса қиындықпен өткен екен. Әкеден ерте айырылу, өгей апаның асырауында болғанда көрген азабы, кейінгі есейіп, естияр болған тұста туған анасынан айырылу сияқты тағдыр тауқыметі атамызға оңай соқпаған. Көңілге медеу болар қуаныш, атамыз зейнет жасына мерейі үстем болып жетті деп білем. Жаратушымыз атамызға бала-шаға алқалауымен немерелердің ортасында бақытты ғұмыр кешуді нәсіп еткен екен. Атам соған үнемі шүкіршілік етіп отырады. Барға қанағат етіп, жоққа сабыр қылатын атамның бұл қасиеті де бізге өнеге.

Бала кезімде мен отбасыммен Мойынқұмда және Қарағанды қаласында тұрдық. Шалғайда тұрсақ та жазғы демалыста атам мен әжемнің үйіне жиі баратынмын. Атам маған бос селтең жүріске салынбай, уақытты тиімді пайдалануды үйретіп отырады. Жиі айтатын сөзі: «уақыттың қадірін біл балам, ортаңда өз бағаңды біл және әрненің парқын біл». Солай деп жиі айтатын атамның өз ортасында, әріптестері мен туған-туыс арасында абыройы асқақ, беделі зор. Атам көпшіл болған соң шығар, танымайтын адамы жоқ. Бізге де көпшіл әрі, кішіпейіл болудың үлгісін көрсетіп отырады. «Көпшіл болсаң адамдар саған тартылады, араласқысы кеп, қаумалап, жаныңа үйір болады» деп жиі айтады. Атамның бұл сөзінің компьютер мен телефонға телмірген бүгінгідей заманда әсіресе жаны бар деп ойлаймын. Өйткені, адамдар бүгінде бір-бірімен кездесіп-көрісіп, бетпе-бет араласудан қалып бара жатқандай. Қалай болғанда да онлайн емес, офлайн қатынасудың жөні бөлек қой әлбетте.
Атамның тағы бір жиі айтатын сөзі: «өз ісіңнің кәнігі шебері бол, кәсібіңнің майталманы бол». Солай деп көп айтатын атамның педагогика, өнер саласында ұзақ жылдар бойы мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, еңбегі жанды. Жамбыл облысындағы көптеген айтулы өнерпаздар атамның шеберлік сыныбынан ұшталып шыққан. Мен де атамның өсиетін құп алып, университетте ағылшын тілінің аудармашысы мамандығына оқып жатырмын. Келешекте түрлі мемлекет басшылары сияқты саяси қайраткерлерді ағылшыншадан аударма жасайтын мықты маман болғым келеді. Сол мақсатыма жету үшін барымды салып, талпынамын. Оған ерік-жігер керек. Бұл орайда атамның қағидаты: «мақсатыңнан көзіңді алма, көзіңді алсаң, кедергілерге тап боласың» дейтін кеңесі көп көмектеседі.
Атамның тағы бір ізгі қасиеті – кітап пен мерзімді баспасөзді оқуды дағдыға айналдыруы дер едім. Қазіргі зейнет жасында атамыз негізінен имандылық қағидалары туралы кітаптарды көп оқиды. «Егемен Қазақстан», «Қазақстан дәуірі», «Айқын», «Түркістан» сияқты газеттерді де тұрақты алдырып, елдегі жаңалықтан хабардар болып отырады. Қазіргі жастардың кітап оқуды сиреткеніне налып жүрген атамыз бізге кітап оқудың маңыздылығы туралы үнемі құлағымызға құюдан жалықпайды.
Атамыз айтқан өсиетке арқа сүйей отырып міне, біз де ер жеттік. Мектеп бітірген соң қазақ-түрік колледжін аяқтадым, кейіннен университет студенті атандым. Атамның айтқан ақыл-кеңесі өмірімнің түрлі өткелінде көмектесіп келеді. Былтыр атам пен әжемнің өмірінде маңызды оқиға болды. Олар Тараздан Астанаға көшті. Атам мен әжемді сағынып жүргенімді байқаймын. Менің жасым бүгінде 21-ден асса да өзімді ол кісінің алдында әлі кішкентай бала сезінемін. Өмірдің түрлі ауыртпалығын көрген атам намысқойлығы мен еңбекқорлығы арқасында еш мойымай, жетпіс жасының белесіне бақуатты жеткеніне тәубе айтып отырады. Біз де сол мінезінен ғибрат аламыз.

Елнұр ЖАНДАРБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
өңірлік университетінің
2-курс студенті

ПІКІР ЖАЗУ