Ән – өмірім мен бақытым!

Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА

Өмірдің бақытын әнге теңеген, барша қазақ халқын өнерімен тербеген, аяулы ана,  асыл әже, өнегелі ұстаз, қадірлі тұлға, яғни біздің қадір тұтатын сүйікті әншіміз, мерейі нұрға толы Бибігүл апамызбен кездесіп, сыр-сұхбат алудың сәті түсті. 
– Бибігүл апа, Сіз де бала болдыңыз. Мектепке бардыңыз.
– Иә, мектеп табалдырығында оқып жүріп, қара жұмыспен де айналыстым. 7-сыныпты кешкі мектепте оқыдым. Себебі, анам ет комбинатында істеп жүріп, ауруға шалдыққан болатын. 13 жасымнан бастап анамның орнына жұмыс істей бастадым. Бұл шамасы 1943 жыл болуы керек. Соғыс уақыты. Содан кейін барып мені клубтағы киномеханиктің көмекшілігіне қабылдады. Ол жерде біраз уақыт еңбек еттім. Одан соң ет комбинатына жіберді. Сол кездерде көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып жүрдім. Алматыға оқуға кеткенше ет комбинатында жұмыс істедім. Жұмыс оңайға соққан жоқ. Қиналсақ та шыдадық. Семейдің ет комбинатында 1943 жылдан 1948 жылға дейін қара жұмысшы болып тер төктім.
– Балалық шағыңыз соғыс жылдарында өткен екен. Мүмкін сол себепті де қиындыққа толы балалық шақ деп айтқан боларсыз?
– Айтар болсам көп-ақ. Бір жолы тұтас бір айдың нан алатын талонын жоғалтып алдым. Енді не істеймін? Бір ай бойы нансыз өмір сүру деген… Сөйтіп, асханада сығылған бауыр етін сататын. Түнге қарай соны алып қойып, таңғы алтыда қалаға жүгіріп, дүкенге өткіземін, соның ақшасына нан сатып алып үйге әкелемін. Ай бойы сөйтіп амалдадым. 11 жасымнан үлкендермен бірге ана шаруаға, біресе мына шаруаға көмектесіп жүрдім. Анам екеуміз жұмыс істеп, төрт баланы екі жақтап асырадық. Соғыс жылдары мені көп нәрсеге үйретті. Ауыр еңбекке қаршадайымнан араласқаным өмір бойына сабақ берді.
– Бала кезден мойныңызға түскен қиындықтарды табандылықпен жеңе білдіңіз. Соның арқасында талай белестерді бағындырдыңыз. Алматыға келгенде өміріңіз қандай жаңалықпен басталды?
– Сол 1948 жылы алманың шығымы керемет болғаны есімде. Жаңбыр жауғанда таудан аққан алмалар арық-арықтан асып кететін. Гоголь мен Фурманов көшелерінің қиылысында екі қабатты барак жатақханамыз болды. Бірақ мен онда ұзақ тұра алмадым. Бірінші курста-ақ тұрмысқа шығып кеттім. «Сен оқу емес, тұрмыс құру үшін Алматыға кетіп барасың» деген анамның сөзі тура келгендей болды.

ПІКІР ЖАЗУ