«ALTYN SAQA» таланттарды саралады
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «ALTYN SAQA-2024» театрішілік жаңа қойылымдар фестивалі өтті. Өнегелі өнердің тасын өрге домалататын театр өнері даму жолында мереке, іс-шара байқаулардан кенде қалған емес. Саф өнердің сымбатына сай ұйымдастырылатын додалар мен бәйгелер де өзіндік сипатымен ерекшеленіп, кезеңіне сай жаңаша үлгіде өтеді. Айтулы бәйгелерде көш бастап келе жатқан берекесі бүтін, бағыты белгілі және болашағы берік театрдың бірі Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры кезекті рет дәстүрлі түрде өткізілетін фестивальдің шымылдығын түрмек. 2016 жылдан бастау алған бұл байқауда алғашында балаларға арналған қойылымдар өзара бақ сынады. Театрдың 70- жылдық мерейтойы қарсаңында бірінші рет балаларға арналған қойылымдардың фестивалі ұйымдастырылды. Фестиваль аясында «Наурыз думан», «Ер көжек», «Алтын мүйізді киік», «Томпақпен келген жаңа жыл», «Маугли», «Батыл көжектер», «Алдар көсе» сияқты кішкентай көрерменге арналған қойылымдар сахналанды. Уақыт өте келе түрлі даму сатысына түсіп, маңыздылығы артып, кең көлемдегі фестивальге ұласты. Мәселен, өткен жылы тек балаларға арналған қойылымдар қатысса, 2017 жылғы ұйымдастырылған фестивальде кешкі қойылымдар да бақ сынап, шараның ауқымы кеңейді. Әр жылы түрлі спектакльдер қатысып, театрішілік өзара тартысқа түсті. 2018-2019 жылдары фестиваль ауқымды түрде аталып өтіп, айшықты түрде жоғары дәрежеде болды. Өнер ошағындағы артистердің шығармашылық шабыттарын шыңдау, бәсекеге қабілеттіліктерін арттыру мақсатында ұйымдастырылатын фестиваль жемісті жеңісін молынан берді. Сөзімізге дәлел, алғашқы жылдары жүлдегер атанбаған өнерпаздар уақыт өте келе жеңіс тұғырынан көрінуге серпіліс алды. Ал, топты жарып, жеңімпаз атанғандар сахнаға серпін берер кейіпкер бейнелеуде жаңа ізденістерге жол ашты.
Елімізде бірнеше жыл бойына жалғасып, мәдениеттің дамуына тұсау болған пандемия салдары театр өнеріндегі жобаға әсерін тигізді. Салдарынан 2020-2021-2022 жылдары фестиваль өткізілген жоқ. Елдегі қиын кезеңдер мен орын алған жағдайларға байланысты арасы үзіліп қалған бұл фестивальдің екінші тынысы 2023 жылы қайта ашылды. Халықаралық театр күніне орай өткізілген фестивальдің Ұлыстың ұлы күніне тұспа-тұс келуі театрға жаңа тыныс, мерекелік көңіл-күй және өзшеге леп сыйлады.Байқауда 2022-2023 жылдары тұсауы кесілген: «Оян қалыңдық», «Король Лир», «Ақ кеме», «Дилфизо мен Донада», «Ойнайық та ойлайық», «Сырымды саған айтамын», «Болмаған балалық шақ» қойылымдары бақ сынады. Сахнаға деген сағынышпен, көркем көрерменнің ерекше толқыныспен күтуімен ұйымдастырылған «ALTYN SAQA-2023» фестивалінің жаңашыл жаңалығының бірі биыл мерейтойлары аталып өтілетін театр өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ірі тұлғалар мен театр қайраткерлерінің атындағы сыйлыққа ие болуы болды. Аталмыш қойылымдарда жеңімпаздар «Ең үздік ер адам бейнесі», «Үздік әйел адам бейнесі», «Үздік аударма», «Үздік спектакль», «Үздік режиссер», «Үздік сценография», «Екінші пландағы үздік әйел адам бейнесі», «Үздік эпизод», «Үздік дебют» сынды жүлделі орындармен марапатталды. Биыл «ALTYN SAQA-2024» дәстүрлі түрде 6-шы мәрте аталып өтті. 2023-2024 жылы көрермен қауымға жол тартқан қойылымдар сахнада сайысқа түсті. Наурыз айының 23-27 жұлдызында өткізілетін фестивальге жалпы көрерменге ғана емес, кішкентай көрерменге арналған «Кішкентай ханзаданың оралуы» (авт.:А.Сент-Экзюпери, реж.:Д.Курочкин) және «Түкбілмес» (авт.:Н.Носов, реж.:Д.Курочкин) қойылымдары қатысады. Сонымен қатар, таяуда ғана тұсауы кесілсе де, көрерменнің көзайымына айналып үлгерген «Әпке» (авт.:Д.Исабеков, реж.:М.Хабибуллин), «Бернарда Альбаның үйі» (авт.:Ф.Г.Лорка, реж.:Д.Жұмабаева), «Тойы көп үй» (авт.:Б.Мұқай, реж.:М.Ахманов), «Оптимистік трагедия» (авт.:В.Вишневский, реж.:С.Левицкий), «Мұқағали.Музаға…» (авт.:М.Мақатаев, реж.:Ф.Молдағали) қойылымдары фестиваль төрінде сахналанды. Әр маусымы ерекше жанрдағы қойылымдар, өзгеше режиссерлік өнер, артистердің кәсіби шеберліктерімен көзге түсетін театрда өткізілетін фестиваль бұл жолы көрерменнің қойылымдарына толы болды.
Театрішілік байқаудың өткізілуінің өнер ошағы үшін маңызы зор. Байқауда театр репертуардағы жаңа спектакльдер қамтылып, шығармашылық ұжымның әрқайсысына өз өнерін паш етуге мүмкіндік туды. Таланттыларды таңдайтын, қойылымдарды талдайтын, шешімді саралайтын жауапты кезең театр өнерінің кәсіби мамандарына тапсырылды. Театрдың тың дүниелермен толығуы таза өнерді терең түсіне отырып талдайтын сарапшылардың көзінің қырағылығы мен әділ бағасымен дүниеге келеді. Театрішілік фестиваль артистерге ғана емес, көрерменге де мерекелік көңіл күй сыйлады. Неге десеңіз, көрермен сүйікті артистерімен қауышып, өнерлеріне тамсанып, қойылым тамашалады. Сонымен қатар, дәстүрлі түрде өтетін байқау асқан кәсібилікпен ұйымдастырылатындықтан, жыл өткен сайын жаңа деңгейге көтеріліп отырады. Сарапшылардың спектакльдерді талқыға салып, өзара пікір алмасуы театрдың дамуында жетекші рөл атқарғаны анық. Жалпы, фестивальдың мақсаты – театрдың көркемдік деңгейін анықтап, бағытын саралап, болашағына бағдар жасау болмақ. Байқау аясында театрда талантымен талайды таңғалдырып, өнер айдынында өзгелерден оқ бойы озық жүрген үздіктер өзара бақ сынайды. Сондай-ақ, дарынды дүлдүлдер ғана емес, тұғырлы театрдың дамуында үздіксіз еңбек етіп жүрген таңдаулылар жыл сайын анықталып отырады. Мөлдір өнердің мәуе жаюына тамшыдай болсын үлес қосқан әрбір қызметкердің еңбегі елеусіз қалмай, жеңіс тұғырынан табылып, ерен еңбегі еленуі қазақ мәдениетінің дамуында септігін тигізері сөзсіз. 2016 жылы бастау алып, әр жылды ерекше қорытындылау мақсатында өткізіліп келе жатқан “ALTYN SAQA — 2024” театрішілік жаңа қойылымдар фестивалі жоғары деңгейде өтті.
Үздіктерді анықтау нәтижесінде Ұлжан Оразаева «ҮМІТ», Нариман Егимбеков және Айнұржан Орынбасарова «БАЛАЛАР ҚОЙЫЛЫМЫНДАҒЫ ҮЗДІК БЕЙНЕ» жүлдесіне ие болды. Сонымен қатар, Күлжамила Белжанова, Тынышкүл Сұлтанбердиева, Хазима Нұғмановаға «ТЕАТРҒА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ ҮШІН» марапаты табысталды.
Әділет Қабиденұлы,
«Мөлдір бұлақ»