Алматыға барар жолда

Сабақ уақыты. Құрбыммен әңгімелесіп отырып, оның «Мөлдір бұлақ» журналының жас тілішілері» деген ватсап тобын көріп қалдым. Топқа жіберілген суретті байқап қалып, құрбыма көрсетуін өтіндім. «Мөлдір бұлақ» журналының М.Әлімбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырған «Талант табиғаттан, талап өзіңнен» атты сайыс ережесі жолданған екен. Байқау шартын мұқият оқып шықтым да, тиісті нөмірге жаздым. Сайыстың ұйымдастырушысы белгілі қоғам қайраткері, Мұзафартанушы, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы екен.

 

Сайыстың аяқталуына 3 күн қалған тұста, жұмысымды жолдадым. Арада бір апта өткен соң, сайыстың нәтижесі келді. Дәулетбек Байтұрсынұлы менің эссемнің бір жүлдеге ілінгенін айтты. Қатты қуандым, әрі таңдандым. Мен үшін күтпеген қуаныш еді. Сайыстың жүлдесі Алматы қаласында беріледі деген шарты бар. Көңілім түсіп қалды, себебі Алматыға бара алмайтынымды білдім. Дәулетбек Байтұрсынұлына Алматыға жолға шыға алмайтынымды, диплом мен сыйлығымды пошта арқылы салып жіберуін өтіндім. Қабылдаған жоқ. Тек Алматы қаласында ғана беріледі деп ескертті. Келе алмасаң жүлдеңді сенен кейінгі басқа талапкерге табыстаймыз деген талабын айтты. Көзімнен жас өздігінен аға жөнелді. Дереу өзімнің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін мұғаліміме бар жағдайды баяндадым.
Алматыдағы туыстарымыз барып қатысса болады ма? деген сұрағыма. Ұстазым хабарласып білейін, деп жауап қайырды. Бұл күту мен үшін мазасыз минуттар еді. Дәулетбек аға тек жарты сағат уақыт берген еді. Мұғалімім жарыстың ұйымдастырушысының байланыс нөмірін сұрап, сайыс жайлы толық танысқысы келді.
Біраздан соң, мұғалімім «Медина, жарысқа бөгде адамды жүлдені алып кету үшін жіберуге болмайды екен. Мен немесе ата-анаң сенімен бірге жолға шығып, алып кетуі керек» деп айтты. Ақылдасып, жөн сұрайын десем, ата-анам да үйде жоқ еді. Екеуі де жұмыста болатын.
Құрбым екеуіміз далаға серуендеуге шықтық. Ол менің жыламсыраған түрімді көріп, не жағдай болғанын сұрады. Бар мәселені түсіндірдім. Сол нәрсеге де адам жылай ма екен деп жұбатты. Бірер минуттан соң, мұғалімім «жеке куәлігіңнің суретін жібер, екеумізге Алматыға барып қайтуға билет таптым» деді. Мен аңтарылып тұрып қалдым. Әлі ата-анам да бұл жағдайдан бейхабар, бірақ билетті алып үлгеру керек еді. Сәл кешіксем, бітіп қалайын деп тұр. Неде болса, анама қоңырау шаламын деп шештім. Анама барлығын түсіндірдім де, «бұны үйге келген соң, шешеміз, қазір емес» деген жауапты алдым. Мазам кетіп, тықыршып мен жүрмін… Көп күтпей анам тағы да қоңырау шалды. Мен толық түсіндіріп айтып бердім. Анам тұқсатын беріп «Апайың билет ала берсін» деді. Қуанышымда шек болмады. Қасымда тұрған құрбымды он қайтара құшақтап, іштегі көңіл- күйімді жеткіздім. Сонымен билет сәтті алынды, журналдың шақыруы бойынша, мен марапаттау жиынына баратын болдым. Алматыға жолға шығар күн де жетті. Кешке пойызға міндік де, мақсатты қаламыз Алматыға аттандық. Пойыз сағат түскі бірде жетуі керек болатын. Бірақ, жол бойында мына жағдай болмағанда…
Пойыз Шу станциясына әдеткі тәртібімен тоқтады. 15 минут шамасында аялдап тұрды. Пойыз жүруге ыңғайланды. Енді Шудан өте бергенде қалың боран түтеп, жолдың бағдары көрінбеді. Барлық жолаушылар даурыға бастады. Қардың қатты борап, түтегенінен жол мүлде көрінген жоқ. Пойыздың ендігі жүрісі қиындай бастады. Ақырындап, баяу қозғалып келеді… Бір кезде мүлдем тоқтап қалды. Сол тоқтап қалғаннан мол тоқтады. Екі сағат Шудың бойында тұрып қалдық. Жол бойында тірі жан көрінбейді. Қосымша пойызға ауысудың реті жоқ, жіпсіз байландық. Жолсеріктен сұрасақ, олар қолымыздан ештеңе келмейді деді. Бәрі сәтті болып кешкі сағат алтыда Алматыға аман-есен жеттік. Туысымның үйінде түнеп шығып, таңертең сағат 9 да марапаттауға шықтым. Төле би мен Мұхтар Әуезов көшелерінің қиылысында орналасқан қалалық 33-кітапханада жүлдені табыстау өтті. Қонаққа тау тұлға М. Әлімбаевтың ұлы – Баламер Әлімбаев келді. Ардагер журналист Қали Сәрсебай, «Qazaqstan dauirі» газетінің бас редакторы Ертай Айғали , ақын-аудармашы Саят Қамшыгер келіп, өз қолдарымен марапатты ұсынды. Алып ақынның мұрагері Баламер ағаны көру мен үшін ұмытылмас, бағалы сәт болды. Қуанғанымнан Алматыға жетудегі қиындықтың бәрі ұмытылып, жадымнан өшіп кетті.
Менің бұл қалаға ешбір кедергіге, соққан боранға қарамай келуге ұмтылуым бір жапырақ диплом мен сыйлық алу үшін болып көрінгенмен, өзімнің болашақ мамандығым журналистика саласына жасаған ең үлкен қадам болды. Өз арманыңнан бас тартпай, тек алға қарай ұмтылу – сені тек алып мінберге алып шығады. Сенің арманың ешкімнің ойына бағынбауы тиіс. Тек алға!
Бұл оқиға арқылы мен журнал оқырмандарына арманға жету жолында кез келген қиындыққа төтеп беру қажет екендігін айтқым келді. Егер де сенің келешекке қатысты жарқын ойыңды оятсам, қуаныштымын достым!

Медина Садық, «Мөлдір бұлақ»
журналының жас тілшісі,
Астана қаласы, «Qadaz Media» білім беру орталығының оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ