Алға, арландар!
Кәсіпқой бокстан Бүкіләлемдік (WBS) сериясы
бойынша былтырғы жылғы қараша айынан бастап өтіп келе жатқан турнир жуырда етек-жеңін жинап, түйінделді. Азия, Еуропа және Америка құрлықтары бойынша үш топқа бөлінген 12 команда өз топтары бойынша сайысқа түскен. Соның ішінде Азия тобында еліміздің намысын қорғап жүрген «Астана арландары» («Astana arlans») соңғы кездесуін Оңтүстік Кореяда өткізді. Біздің жігіттер жергілікті «Қызыл қанаттыларды» («Poseidons Pohang») 3:2 есебімен ұтып, жартылай финалға жолдама алды. Бұл бәсекеде Қанат Әбутәліпов (54 келі) Донгсик Суды, Бақыт Сәрсекбаев (73 келі) Хучола Лиді және Марат Молдагереев (85 келі) Ахрорбек Құрбановты ұтты. Мерей Ақшалов (61 келі) пен Сардор Абдоллаев (+ 91 келі) өз қарсыластарынан жеңіліп қалды. Жалпы есеп 3:2.
Азия тобында Әзірбайжанның «Баку оттары» бірінші орын алса, «Астана арландары» екінші сатыға жайғасты. Дегенмен, үш құрылық бойынша екінші орын алған командалар арасында ең көп ұпайға иелік еткен жерлестеріміз жартылай финалда күш сынасу құрметіне ие болды.
Жартылай финалдың жеребесі бойынша қазақстан-дық клуб Америка құрлығында жеңімпаз болып танылған АҚШ-тың «Лос-Анжелестің матадорларымен» бәсекеге түседі. «Баку оттарының» қарсыласы – Еуропадан жеңімпаз шыққан Францияның «Париж Юнайтеді». Дүниежүзілік бокс сериясының төрт үздігі алдағы 6 – 7 мамыр аралығында Қытайдың Гуйян қаласында бас қосып, жарысты одан әрі жалғастырады. Финалдық айқаста бағы жанған командаға 500 000 доллар көлемінде сыйақы табыс етіледі. Финалға шыққанға 150 000 доллар беріледі. Жартылай финалда күш сынасқан қос клуб 50 мың доллардан бөліп алады.
Сонымен қатар жекелеген боксшылар арасында ең көп ұпай еншілеген боксшылар да анықталды. Олардың қатарында екі жерлесіміз – Қанат Әбутәліпов (54 келі) пен Ержан Мүсәпіров (61 келі) бар. Қанат – франциялық Нуриддин Оубалимен, ал Ержан қытайлық Жимин Вангпен жұдырықтасады. Қалған салмақтарда украиналық С.Деревянченко мен әзірбайжандық С.Мигитдинов (73 келі), алжирлік Ә.Беншабла мен француз Л.Грогух (85 келі) және италиялық К.Руссо мен әзірбайжандық М. Меджидов (+ 91 келі) жекпе-жекке шығады. Оларға да мол мөлшерде сыйақы тағайындалған. Мәселен, әр салмақта топ жарған боксшыларға 20 мың АҚШ долларымен қоса, 2012 жылы Лондонда өтетін жазғы Олимпиада ойындарының жолдамалары табыс етіледі. Ал, ақтық айқаста ұтылғандар 10 мың долларды қалтаға басады.
Дайындаған: К. ДАРБАЗИ.