Әлеуметтік желі әлемінде
Бұрынғы өткен заманда аты әлемге әйгілі Информатика шаһарында, Әлеуметтік желі патшалығында дәулеті мен сәулеті жарасқан Ғаламтор есімді патша өмір сүріпті, Оның You Tube, Whatsapp және Instagram атты тепсе темір үзетін үш ұлы болыпты. Сол елде тұратын қарапайым халықтың бәрі тек билікке бағынышты болып күн кешіпті. Ғаламтор патшаның бұл мұрагерлері бірінен-бірі өткен ақыл иесі екен. Ақылдылығы соншалық, халық әрдайым тек осылардың айтқанына сеніп, тапсырмаларын бұлжытпай орындайтын.
Үйдің үлкені You tube халыққа кәсіби түсірілген фильмдер мен әуесқой бейнежазбаларды ұсынса, ортаншы ұлы Whatsapp барлығын өз аузына қарата білетін қасиетке ие екен. Тіпті, оның қасынан достары, қарындастары, сырластары мен құрдастары бір елі ажырамайтын. Сондай-ақ, ақылына көркі сай бұл жігіттің қасынан жастармен қоса үлкен кісілерді де кездестіруге болатын. Ол өзінің шешендігімен ренжіскен адамдарды татуластырып, адасқандарды табыстырып, туысқандар мен достардың басын қосып, әңгіме-дүкен құрып, кейде күлдіріп, кейде жылатып алуға да шебер екен.
Ал кенжесі Instagram болса, ол ағаларына ұқсаған көп қасиетке ие азаматтардың бірі болып ер жетіпті. Бірақ бойында мақтаншақтығы да бар еді. Instagram-ның басты міндеті адамдарды өзіне қарату арқылы бағындырып, үгіт-насихат жүргізу арқылы әр мемлекеттен достар жинайтын. Қарапайым халық оның ішіп-жегенін, саяхаттағанын, киген-киімін, алған-бергенімен мақтанғаны үшін ел арасында пікірталас тудыратын қасиетін ұната бермейтін.
Күндердің күнінде Әлеуметтік желі патшалығының басына қара бұлт үйіріліп, Вирус атты зұлым патшалыққа қауіп төндіреді. Мұны естіген Ғаламтор патша бұл тығырықтан шығу үшін мұрагерлерін шақырып:
– Атқа мінерлерім, ел басына күн туды! Елімізге Вирус атты зұлым көз тікті. Сол зұлымның қалай да жолын тауып, патшалықты құтқару керек,– дейді.
Сонда тұңғыш ұлы:
– Әке, біз елімізді құтқару үшін бар күшімізді саламыз, – деп, бәрі аттарын ерттеп, жол азығын даярлап, шешімін табу үшін жолға шығыпты.
Сөйтіп, ағайындылар апта жүрді ме, ай жүрді ме, кім білсін, әбден арып-ашып, айдалада тұрған төбесі ашық жалғыз тамды көреді. Бұл үй ақылы елден ерек туған данагөй Google қарияның үйі еді.
Әбден сілесі қатып, шаршаған жолаушылардан:
– Қайдан жүрсіңдер? – деп сұрайды. Сонда кенже інісі бар жағдайды баяндап, жөн айтады. Сөйтіп, Google қария:
– Осыдан үш күндік жерде арғы таудың етегінде Кітап деген ғалымның бар екендігін, сол ғана көмек бере алатындығын айтып, жол сілтейді.
Осыдан соң белді бекем буған ағайындылар үш күндік жол жүріп, айтылған жерге де жетеді. Енді дегенімізге жеттік деген үшеуі тосын оқиғаға тап болады. Олардың алдынан Құпия сөз атты дәу шығады. Дәу:
– Не шаруамен жүрсіңдер? – деп дүрсе қоя берді. Аң-таң болған үшеуі болған жағдайды айтып береді. Сонда дәу:
– Ол ғалымға кез-келген адамды кіргізе алмаймын. Менің жасырған жұмбағымды шешсеңдер ғана сендерге жол ашық,– дейді.
Ағайындылар бірден келісе кетеді. Дәу:
– Адамның ең жаманы кім? – дейді. Сонда ортаншы ұл:
– «Осы уақытқа дейін талай адамды көрдім, тілдестім соның ішінде адамның ең жаманы – талапсыз, бос мақтанға салынып, жоқты бар деп, уақытын пайдалы дүниеге жұмсамайтын адам», – деп жауап қатады. Жауаптан кейін көп күттірмей алдындағы есік айқара ашылып, көздері Кітап атты ғалымға түседі. Қуанышында шегі жоқ үшеуі көмек қолын созуды сұрайды.
– Сонда Кітап:
– Егер сіздер халыққа пайдасыз дүниеден гөрі халықты оқу-білімге, бос уақытын пайдалы, үнемді етуге үйретсеңіздер ғана сіздер патшалықты құтқарып қала аласыздар деп, ақылын айтып, шығарып салады.
Күн артынан күн, ай артынан ай өтіп, ағайындылар патшалыққа да келіп жетеді. Бірден Ғаламтор патшаға барып бар жағдайды баяндап, Вирус зұлымнан құтылу жолын талқылайды. Осы ақылдан ой түйген Ғаламтор патша Кітап атты ғалымның айтқанын орындап, елін-жерін қорғап қалады.
Міне, осыдан кейін Әлеуметтік желі патшалығының халқы Кітап ғалымның ғылымын үйреніп, мақсат-мұраттарына жеткен екен.
Кәусәр АЙДЫНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы, №201 мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы