АҚТӨБЕЛІК МЕРГЕН ОҚУШЫЛАР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДОДАДА ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Биыл жаз мезгілінде Ресей Федерациясының Ярославль облысы Вятск ауылында Кеңес Одағының Батыры, Қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың ерлігі мен есімін ұлықтауға арналған халықаралық мергендер турнирі өткізілді. Сол жарысқа Қазақстан Республикасы атынан қатысқан Ақтөбе командасы бірінші орын алды. Карантиндік шектеу талаптарына байланысты онлайн өткізілген жарыстың жүлдесі жақында Ақтөбеге жеткізіліп, жеңімпаздарға тапсырылған еді. Осылайша, ақтөбелік оқушылар мерген қыз Әлия Молдағұлованың іні-сіңлілері екенін дәлелдеп, туған жердің намысын қорғады.

 

Тарихтан бір үзік…

Әлия Молдағұлоаның Ленинградтағы №46 балалар үйінде оқығанын жақсы білеміз. 1942 жылы екінші дүниежүзілік соғыстың өршіп тұрған кезінде кішкентай Әлия тәрбиеленіп жатқан Ленинград қаласы жаудың қоршауында екінші қысын өткізіп жатқан болатын… Жаудың оғынан, аштықтан қырылып жатқан қала халқымен бірге балаларды да құтқару мақсатында Ленинградтағы №46 балалар үйінің тәрбиеленушілерін Ярославль облысы Некрасов ауданы Вятск селосына көшіреді. Бұл жерде Әлия 1942 жылдың наурыз-сәуір-мамыр айларында оқып, 7-сыныпты бітіргеннен кейін бірге оқыған құрбыларымен бірге Рыбинск қаласына ұшқыштар даярлайтын техникумға оқуға кетеді. Осы аз уақытта Вятск жері жаудың оғынан, аштықтан әбден қалжыраған балапандарды бауырына басты. Осы балалардың ішінде болашақ Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова да болатын…
«Мен сабақ беретін сыныпта қазақ қызы оқыды. Сымбатты, өте пысық болатын. Қара көздері шоқтай жанып, ерекше көзге түсетін. Бұл Әлия Молдағұлова еді. Сабаққа өте ықыласты еді. Класта ол Лидия Новикова деген қызбен бір партада отырды. Қыздар достасып кетті, Әлияның достары көп болатын. Әлия барлық жерде алдыңғы қатарда жүретін. Жалпы Ленинград балаларының еңбексүйгіштігі, белсенділігі , адалдығы бәрімізді сүйсіндіретін», — дейді өз естеліктерінде сол кездегі Вятское мектебінің мұғалімі Т.Суворова.
«Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығының директоры Бағдаш Тупенованың айтуынша, Вятск халқы сонау қиын кезде өздерінен пана тапқан қазақтың қаршадай қызын ұмытпапты, керісінше, Әлия есімін мақтан тұтады.
— 1942 жылы батыр қыз оқыған мектеп қазір дәл сол күйінде сақталған. Осы ауылдың балалары өткен жылға дейін сол мектепте оқыған. Биылдан бастап басқа мектепке көшіпті. Әлия оқыған мектеп қасқая қарап әлі тұр. Мектепке 2018 жылы Әлияның суреті бейнеленген ескерткіш тақта орнатылып, салтанатты түрде ашылған. Ол тақтада «Алия Молдагулова, славная дочь казахского народа, училась в Вятской школе с марта по май 1942 г. Героически погибла в боях за Родину» деген жазу бар.
Вятск жері бізді құшағын жая қарсы алды. «Әлияның жерлестері келді», — деп құрмет көрсетті. Сол сапарымызда мектепте Әлияға арналған музей ашылды.
Біз, Әлия жерлестерінің қашанда музей жәдігерлерін толықтыруға дайын екенін жеткіздік. Шара барысында «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығы мен Вятск орта мектебі арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Ауылдағы бір көшеде батырлар аллеясы жасақталған. Онда осы ауылдан шыққан батырлардың қатарында Әлия Молдағұлованың да үлкен суреті тұр. Көше басында, мектепке жақын маңда ескі құдық бар екен. Тұрғындардың айтуынша, бұл құдықты халық соғыс жылдарында да пайдаланған. Мектеп те осы құдықтан су алған. Әлияның да осы құдықтан су ішіп, осы көшенің бойында жүгіргені анық. Біз де Әлия ішкен құдықтан су алып іштік… Халық осы құдықты бұзбай, сақтап отыр екен. Биылғы шара кезінде Вятскідегі мектепке ресейлік мүсінші Шота Габашвили жасаған Әлияның бюсті қойылды. Бұл — Әлияның ерлігі ешқашан ұмытылмайтындығының тағы бір дәлелі… — дейді Б.Тупенова.

 

Батырдың құрметіне арналған турнир

2019 жылдан бастап Вятск орта мектебінде Әлия Молдағұлованы еске алу мақсатында Некрасов ауданына қарасты барлық мектеп оқушылары арасында пневматикалық винтовкамен көздеп атудан турнир өткізіле бастаған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл турнир жыл сайын өткізілетін болады. 2019 жылы 1-ші ашық турнирі өткізілсе, былтыр 2-ші ашық турнирі ұйымдастырылды.
Биылғы турнирге Қазақстан командасы арнайы қатыстырылды. Қазақстан Республикасы атынан турнирге Ақтөбе оқушыларынан жасақталған команда қатысты. Жергілікті команда «Әлия» деп аталды. Батыр қыздың есімін ұран етіп алған ақтөбелік оқушылар командасы жеңісті қолдан бермеді: Жүлде біздікі! «Әлия» командасы халықаралық жарыстың 1-орын иегері атанды.
Турнирге қатысушылар пневматикалық винтовкадан және тапаншадан оқ ату, Калашников автоматын бөлшектеу және құрастыру, Калашников автоматының оқ-дәрілерін жинақтау, гранатаны дәлдеп лақтыру бойынша сайысқа түсті. Сонымен бірге Ұлы Отан соғысының тарихы мен Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлігіне қатысты сұрақтарға жауап берді.
— Біздің оқушыларымыздың жеңісі — біз үшін үлкен мақтаныш, мәртебе. Оқушыларымыз өз деңгейі, дайындығының жоғары екендігін дәлелдеді. Бұл турнирге біздің оқушылар, жалпы, Қазақстан командасы бірінші рет қатысты. Калашников автоматын бөлшектеу және құрастыру, оқ-дәрілерін жинақтау, граната лақтыру бойынша да, сұрақтар бойынша да біздің оқушылар жоғары нәтиже көрсетті. Команда құрамындағы Альбина деген қызымыз берілген 50 оқтың 49-ын дәл тигізді. Бұл — жарыс тарихындағы ең жоғары көрсеткіш болды.
Жалпы, жарыстың өтетіні туралы хабар мен оның ережесі бізге жарыстың өтетін күнінен бір айдай уақыт бұрын жіберілген болатын. Балаларымыз тыңғылықты дайындалды. Дайындық аз болды деп айта алмаймын, себебі біздің балалар қашанда бабында. Олай дейтін себебім — оқушыларымыз үнемі қалалық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып тұрады, мектептерінде, әскери-патриоттық клубтарда ұдайы сабақтар, үйірмелер жүргізіледі. Түрлі деңгейдегі жарыстар кезінде оқушылар арасынан үздіктерді іріктеу кезінде ешқашан қиындық көрмейміз, себебі біздің оқушылардың дайындық деңгейі өте жоғары, оны жарысқа қатысқан балаларымыз да дәлелдеді, — дейді Ақтөбе қалалық білім бөлімінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің әдіскері, запастагы капитан Серік Сраж.
Халықаралық жарысқа қатысқан «Әлия» командасы құрамында 3 ер бала, бір қыз бала болды. Барлығы да Ақтөбе қаласындағы мектептердің оқушылары. «Аудандардан қатысуға ниетті оқушылар болғанымен, карантиндік шектеу шараларына байланысты тек облыс орталығындағы оқушылар ғана қатыстырылды», — дейді ұйымдастырушылар.
Оқшылар дайындықты өз ұстаздарымен бірге жүргізді. Қала мектептерде бұл мақсатта бар жағдай жасалған.
— Жалпы, Ақтөбе қаласындағы барлық мектепте әскери-патриоттық клубтар жұмыс істейді. Осыған сай екі жыл бұрын ​Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, облыс әкімі мен «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы арасында азаматтардың әскери патриоттық тәрбиесі саласындағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылған болатын. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп келеді. Ақтөбе қаласындағы 15 мектептің базасында алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімдерінің күшімен 15 тир ашылды. Өзіміз сол тирлерді ашып, жабдықтап, балаларды даярлап жатырмыз. Себебі мектепте алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні сағатының саны аз — аптасына бір рет өткізіледі. Ол жеткіліксіз, сондықтан, әскери-патриоттық клуб аясында балаларды әскери өнерге баулып жатырмыз, — дейді Серік Сраж.

 

Оқушылар не дейді?

Альбина СӘРСЕНҒАЛИЕВА, Ақтөбе қаласындағы №51 мектептің оқушысы:
— Халықаралық жарысқа қатысуға шақырту алғанда қатты қуандық, әрі қобалжыдық. Себебі Әлия апамыз біз секілді бала кезінде оқыған мектеп ұйымдастырады екен, екіншіден, Әлия апамыздың туған жерінің намысын қорғайтын болғандықтан, тек бірінші орын алуымыз керектігін түсіндік. Дайындықты бірден бастап кеттік. Үш аптадай дайындалдық. Пневматикалық винтовкадан ату кезінде бізге 50 оқ берілді, сол 50 оқтың 49-ын дәл нысанаға тигізіп, барлық қарсыластарымды артта қалдырдым. «Әлияның сіңлісі, нағыз мерген» деген мақтауларды естігенде кеудемді қуаныш кернеді. Көздеп ату, дәл тигізуді мектебіміздегі «Жас сарбаз» клубының басшысы, алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі Бағдат Жұмағамбетов ағайым үйретті.
Гранатаны дәлдікке лақтыруда екінші орынға табан тіредім. Пистолеттен алғаш рет атқандықтан, қиындау болды. Дегенмен, намысқа тырысып бақтық.

 

Ахат ЖЕТКІНШЕКОВ, Ақтөбе қаласындағы №55 мектептің оқушысы:
— Жарысқа онлайн қатысқанымызбен, біздің әрбір кезеңдегі іс-әрекетіміз видеоға түсіріліп, қазылар алқасына жіберіліп отырды.
Калашников автоматын бөлшектеу және құрастыру, Калашников автоматының оқ-дәрілерін жинақтау аса қиын болған жоқ, себебі біз оны мектебімізде арнайы пән кезінде, клуб үйірмелері кезінде де ұдайы қайталаймыз, жаттығамыз. Дегенмен, бір айдай тыңғылықты әзірлендік. Біздің мектепте «Есет батыр» әскери-патриоттық клубы бар. Мен соның мүшесімін. Тек автоматты жинақтау ғана емес, дене жаттығуларына да мән береміз. Өзім өрт сөндру-құтқару спорты бойынша Қазақстанның екі дүркін чемпионымын. Әскери патриоттық тәрбие де спортқа жақын сала, сондықтан, әскери-патриоттық бағыттағы түрлі деңгейдегі шараларға үнемі қатысамын. Бұл жолғы жарыс барысында пневматикалық атудан және граната лақтыру бойынша үздік көрсеткіштер көрсеттім.

Расул ТҰРЫМОВ, Ақтөбе қаласындағы №25 мектептің оқушысы:
— АК-74 автоматының негізгі бөлшектері — ұңғы қорабы көздеу құрылғысы тапанша сабы дүмі, бекітпе, құндақ, оқжатар, газ түтігі, сүңгі пышақ секілді барлық бөлшектерін білу, оларды бөлшектеу, қайта жинақтау қажет болды. Жалпы, автоматты бөлшектеу таза жерде жүргізілуі тиіс және бөлшектер мен механизмдер бөлектенген ретімен қойылуы керек. Автоматты бөлектеу мен жинақтау аса сақтықпен жүргізіледі. Мұның барлығын біз алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінде, әскери-патриоттық клуб жұмысы кезінде толық үйрендік. Сондықтан, жарыс барысында аса бір қиын болған жоқ. Сонымен бірге 500 грамдық гранатаны дәл лақтыру бойынша жарысқа да толық дайындықпен бардық. Мен пневматикалық қарудан атудан, автоматты бөлшектеп-жинақтау мен граната лақтырудан жақсы көрсеткіш көрсеттім. Тапаншадан ату күрделірек болды.

 

«Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығы — патриоттық тәрбие ошағы

«Әлия» командасы халықаралық додаға «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығы атынан қатысты. Бұл орталық 2005 жылы Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың туғанына 80 жыл толу тойы қарсаңында ашылған болатын. Бұл мекеме — Ақтөбе өңіріндегі осындай деңгейдегі жалғыз патриоттық тәрбие беру облыстық орталығы.

Орталықты ашудағы мақсат — жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың өмірін, ерлік жолдарын насихаттай отыра жастарға патриоттық тәрбие беру.
«Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығы Ақтөбе қаласынан 70 шақырым жердегі батыр қыздың туған жерінде орналасқан. Патриоттық орталықта мәдени-спорттық шаралар өткізуге және жастардың демалуына толық жағдай жасалған. «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығы соғыс және еңбек ардагерлерімен, батыр қыз тәрбиеленген, оқыған және ерлік жолдары өткен Мәскеу, Санкт-Петербург, Псков, Орал жеріндегі музейлерімен тығыз байланыста жұмыс жасайды.
— Отанды сүю өзің тұрған ауылды, қаланы сүюден басталады. Патриоттық дегеніміз — адамгершілік, үлкенге — құрмет, кішіге — ізет достық, табандылық, жанашырлық, жауапкершілік деген ұғымдарды біріктіреді. Осылардың барлығы әрбір жастың көкірегінен орын алған жағдайда ғана ол Қазақстан Республикасының рухы биік патриоты болады. «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығында қазақтың батыр ұлы, бірінші патриоты Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс — күймейсің» атты сөзін ұран ете отырып, әскерге дейінгі жастармен «Жас ұлан» және салт-дәстүрімізді насихаттауға арналған «Балауса» атты қыз балалар клубтары жұмыс істейді. Би үйірмесі бар. Волейбол, баскетбол, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы секілді спорт түрлері бойынша дайындыққа келушілер саны артып келеді. Жыл сайын тұрақты түрде әскери-патриоттық шаралар ұйымдастырылады, — дейді орталық директоры Бағдаш Тупенова.
Орталықта Кеңес Одағының батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлік жолына арналған «Әлия» мұражайы бар. Мұражайдың естелік кітабындағы қазақ халқының біртуар тұлғаларының қолтаңбалары келер ұрпаққа қайталанбас құнды жәдігер болары анық. 1984 жылы батыр туған топырақта болған Д.Қонаев пен Н.Назарбаевтың қолтаңбасы — мұражайдың басты жәдігерлерінің бірі.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ

ПІКІР ЖАЗУ